МЕМЛЕКЕТ ҚАЛАУЫ ХАЛАЛҒА ТҮСТІ
Қазақстанда халал өнімдердің стандарттары әзірленуде. Бұл Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысынан кейінгі брифингте белгілі болды. Жиында Үкімет мүшелері «техникалық реттеуді жетілдіру мәселелерін», «шағын және орта бизнесті қолдау шараларын» және «денсаулық сақтау ұйымдарында корпоративтік басқару қағидаттарын енгізу барысын» қарады.
Қазақстанда техникалық реттеу инфрақұрылымының қолданыстағы жүйесі төрт негізгі бағыттан тұрады, бұлар – «техникалық реттеу және стандарттау», «метрология», «аккредиттеу және сәйкестікті бағалау», «мемлекеттік бақылау». Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жүйені жетілдіру екі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі 2018 жылы «Стандарттау туралы» жаңа заңды және метрология мен аккредиттеу саласындағы жұмыстарды жандандыру және жетілдіру үшін басқа да заңнамалық түзетулерді енгізу шаралары қабылданады. Екіншісі 2018-2020 жылдары сәйкестікті бағалау және мемлекеттік бақылау жүйесі жетілдіріледі.
Министр бүгінде бұл саланы шектен тыс бюрократия жайлағанын, салдарынан стандарттау мәселелерінде бизнес көптеген құжаттарды қағаз түрінде ұсыну проблемасына маңдай соғатынына және стандарттау үдерістеріне қатысудан бас тартатынына назар аудартады. Осыған байланысты «Стандарттау туралы» заң жобасы әзірленді, оны өткен жылдың желтоқсанында Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады.
Жобаға сәйкес, стандарттау процестерінің бірыңғай операторы анықталады және ол автоматтандырылған жүйелер Стандарттау жөніндегі ұлттық орган арқылы жұмыс істейді. Жаңа тәсілдемедегі басты рөл стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерге, яғни «мемлекет бизнес – тұтынушы» қағидаты бойынша ұлттық стандарттарды талқылайтын диалогтық алаңдарға беріледі. Оның құрамына салалық мемлекеттік органдар, қауымдастықтар мен ғылыми орта өкілдері кірмек.
Қазіргі кезде елімізде шамамен 8 мың ұлттық стандарт жұмыс жасайды, олардың 9 мыңдайы – ұйымдардың өздері бекітетін төл стандарттар. Тағы 50 үкіметтік емес стандарт бар, оларды ҮЕҰ-лар бекітеді.
– Заңның қабылдануы арқасында стандарттарды бастамашылық әзірлеуге жағдайлар жасалынады, сондай-ақ Қазақстан аумағында шетелдік стандарттарды қолдану жеңілдеп, бизнес ахуал жақсартылады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Мәселен, қазіргі кезде АSTM (машина жасау, мұнай-газ, құрылыс салаларымен байланысты материалдарды сынайтын америкалық стандарт), API (америкалық мұнай институтының стандарты) секілді танымал, озық халықаралық стандарттарды мұнай-газ секторындағы бизнес тек олар Қазақстанда тіркелу рәсімінен өткеннен кейін ғана қолдана алады. Жаңа заң қабылданған соң, бизнес аталған стандарттарды тікелей қолдана беретін болады.
Инвестициялар және даму министрлігі метрология саласында да жұмыстар жүргізуде екен. «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» заңға енгізілетін өзгерістер аккредиттеу жүйесін жетілдіруге және аталған сала субъектілерінің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Түзетулер қазіргі эталондар мен өлшем құралдарын «тексеруден» «калибрлеуге» көшіруді және мемлекеттік метрологиялық бақылаудың жаңа тәсілдемесін енгізуді көздейді.
Бұл ретте біз қатарына ұмтылып отырған дамыған елдер кіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) GLP (Good Laboratory Practice), яғни лайықты зертханалық тәжірибе принциптері үлкен маңызға ие. Олар сынақ жүргізу кезінде қолдануға арналған. Сондықтан 2018-2019 жылдары ұйыммен бірлескен Жол картасы әзірленеді, оны енгізу қорытындысы бойынша қазақстандық зертханаларды сынау нәтижелері ЭЫДҰ елдерінде танылады.
Осы орайда GLP-дің әрекет ету ауқымы көптеген қызмет саласын қамтитынын айта кеткен абзал. Толығырақ тоқталсақ, ол «дәрілік заттар мен тағамдық қоспалар» тұрғысынан – Денсаулық сақтау министрлігіне, «химиялық заттардың қоршаған ортаға әсерінің қауіпсіздігін бағалау» жөнінен – Энергетика министрлігіне, «азық-жемге қоспалар, ветеринариялық препараттар және пестицидтер» бойынша – Ауыл шаруашылығы министрлігіне, «өнеркәсіптік химикаттар және косметикалық өнімдер» саласында – Инвестициялар және даму министрлігіне таралады.
Техникалық реттеу жүйесін жетілдірудің екінші кезеңі «сертификаттық сынақтар нәтижелеріне өзара сенімнің төмендеуі», «импорттаушылардың тауарларды шартты түрде шығару кедендік рәсімі арқылы сертификаттаудан өтуден жалтаруы» сияқты түйіткілді мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми дерегі бойынша, 2017 жылы «шартты түрде шығарылған» барлық өнімдердің тек 77 пайызы соған сәйкестігін растай алған. Сол себепті, бұл Инвестициялар және даму министрлігінен Қаржы министрлігімен бірлескен жүйелі шараларды талап етеді. Бұл жұмыстар басталып кетіпті. Бірлескен бұйрықтар мен заңдық актілер жобалары дайындалған.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А.Евниев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов баяндады, Премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Мамин түсініктеме беріп өтті. Техникалық реттеу жүйесін жетілдіру шараларының орындалуын бақылау Асқар Маминге жүктелді.
Үкімет жиынынан кейін журналистерге арнап, баспасөз конференциясын өткізген Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Ғалымжан Дұғалов Қазақстанда халықаралық тәжірибені ескере отырып, халал стандарттар енгізіліп жатқанын жеткізді.
Бірақ бұл ведомство Дін істері министрлігімен ақылдаса келе, халал өнімдердің ұлттық стандарттарын түзуге қатыспауға шешім қабылдапты. Оның орнына елімізде халал стандарттарды бекітумен Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы айналысып жатыр. Ведомство тек оны қолдауда. ҚМДБ жанында халал тауарларды куәландыру бойынша арнайы ұйым құрылған. Ол халал өнімдер мен процестердің бірқатар стандарттарын да бекітіпті. Бұл ретте ислам әлемі таныған малайзиялық тәжірибе негізге алынған. Малайзияның осындай стандарттарды бекітетін «Джаким» департаментімен бірлескен жұмыс белсенді жүргізіліп жатқаны мәлім етілді.
Стандарттар тағайындаумен іс бітпейді. Комитет төрағасы оның сыртында зертханаларда дұрыс сынақтар өткізу талап етілетінін еске салды. Оның үстіне тауарлардың халалдығына қатысты сынақтар мен зерттеулер ДНК деңгейінде өткізілуге тиіс. Сонымен бірге, ол зертханалар Инвестициялар және даму министрлігі аккредиттеуінен өтеді.
«Халал» халықаралық сертификатына сәйкес, осы стандарттағы өнімдер құрамында малдардың қанынан, шошқадан жасалған ингредиенттер, сондай-ақ алкоголь, етпен қоректенетін жануарлар мен жыртқыштардың еті, шариғат талаптарын сақтамай сойылған кез келген малдың еті және басқа да тыйым салынған заттар болмауы тиіс. Халал өнімдерді тек мұсылмандар ғана емес, денсаулыққа пайдалы, экологиялық таза өнімдерге құмар өзге де адамдар сатып алады.
Отырыста шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту бойынша қолға алынған шаралар туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрған бизнес саны 2017 жылдың қорытындысы бойынша 1 миллион 145 мың 994-ті құрады немесе 2016 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға көбейген. Бұл жерде ШОБ шығаратын өнімдер өндірісі едәуір өсті. Өткен жылдың 9 айында орташа және шағын кәсіпкерлер 14,4 триллион теңгенің өнімін шығарған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 28,5 пайызға көп.
Бағдарлама аясында 15 мың жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өз ісін ашуға оқытылған, оның ішінде 3 300 аса стартап қаржыландырылыпты.
Бас экономист «жұмысбастылықтың, инвестиция тартудың негізгі көзі, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастырудың іргетасы» – ШОБ секторын дамыту бағытындағы жұмыс үш жүйелі блок бойынша жүзеге асырылатынын айтты. Бұлар – «мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бизнес климатты жақсарту», «қаржыландыруға қолжетімділікті жоғарылату және қолдау шараларын жетілдіру», сондай-ақ «салалық кедергілерді жою».
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 192 мыңнан аса кәсіпкерге және кәсіпкерлік бастамасы бар қазақстандықтарға қолдау көрсетілді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда, 10 пайызға жоғары. Былтыр сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кредиттерді кепілдендіру есебінен қолдауға ие болған кредиттік портфель 286,6 миллиард теңгені құрады. Барлығы 3 351 жоба қолдауға ие болды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. 490 млн теңге сомасына 276 грант берілді. Жалпы құны 12,1 млрд теңге тұратын 25 жобаға жетіспейтін инфрақұрылымы жеткізілді. Ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған 74,8 мың кәсіпкер білім беру бағдарламаларымен және сервистік қызметпен қамтылды, – деді Тимур Сүлейменов.
2017 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама қатысушылары жалпы сомасы 3,5 триллион теңгенің өнімін шығарған, 17,3 мың жұмыс орнын құрған. Ел қазынасына 217 миллиард теңге салық төлеген. Бұл ретте былтыр бағдарламаны жүзеге асыруға бюджеттен 48,3 миллиард теңге шығындалған. Төленген салық көлемі, яғни қайтарымы одан 4 есеге асып түсіп отыр.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қолдау құралдарына қолжетімділігін арттыру мақсатында 2017 жылғы 29 желтоқсанда бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, кредиттер бойынша ауыспалы (плавающий) ставкалар енгізілді, субсидиялау мерзімі кейін созу құқығынсыз 5 жылға дейін ұзартылды. «Даму» қорына 180 млн теңгеге дейінгі жобаларды Өңірлік үйлестіру кеңестерінің қатысуынсыз қарау құқығы берілді. Жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу үшін талаптар азайтылды: инвестиция көлемі 400 млн теңгеден 200 миллионға, құрылыс құны 100 млн теңгеден 50 миллионға дейін төмендетілді. Субсидияланатын және кепілдендірілетін жобалар құны 2,5 млрд теңгеге дейін кемітілді: бұрын 4,5 млрд теңгеден қымбат тұратын жобалар ғана осы игілікті пайдалана алатын.
«Қабылданған өзгерістер 180 млн теңгеге дейінгі жобаларды қарау мерзімдерін айтарлықтай азайтуға, жобалардың барлық инвестициялық кезеңін мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етуге, қолдау құралдарын тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне шоғырландыруға мүмкіндік береді» деді бас экономист.
Қаржыландырудың қолжетімділігі, салалық кедергілерді алып тастау, мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бизнес климатты жақсарту бағыттары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесінде, Үкімет 2018 жылы да шағын және орта кәсіпкерлердің саны мен көрсеткіші ары қарай арта береді деп күтеді.
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық ұйымдарда корпоративтік басқаруды енгізу және менеджментті дамыту шаралары қалай іске асырылып жатқанын баян етті. 2017 жылы корпоративтік басқару принциптерін енгізу бойынша бақылау кеңестерінің құрылуы мен толық жұмысын ескере отырып, өңірлер рейтингі жасалды. Әзірге жоғары рейтингке Астана, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары мен Алматы ие көрінеді.
Денсаулық сақтау саласында 3 мыңға жуық топ-менеджер қызмет атқарады. Алайда медициналық ұйымдардың 60 пайызының басшысы тек жоғары медициналық білімі бар, арнайы менеджмент саласында жоғары білім алмаған азаматтар екен. Бірінші басшылардың тек 13,5 пайызы әртүрлі мамандық бойынша магистр дәрежесін алған.
Е.Біртанов «медициналық ұйымдарды арнайы дайындықтан өткен басшылар басқаруға тиіс» екенін баса айтты. Осы мақсатта «Денсаулық сақтау менеджменті» магистратурасының жаңа мамандығы енгізіліпті. Магистрлерді дайындау үшін оқыту бағдарламалары, үлгілік оқыту жоспары әзірленген. Кәсіби стандарт бекітілуде және тәуелсіз сертификаттау енгізіледі.
Айхан ШӘРІП