Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛЛЕРГИЯ ӨРШІП ТҰР. АЛ АЛЛЕРГОЛОГ ЖОҚ

АЛЛЕРГИЯ ӨРШІП ТҰР. АЛ АЛЛЕРГОЛОГ ЖОҚ

Бүгінгі күні елімізде әрбір үшінші адам аллергиялық аурулардан зардап шегеді екен. Дәрігерлер бұл экологиялық жағдай мен тағам сапасының нашарлығы және дәрі-дәрмекті дәрігердің нұсқаулығынсыз өз бетінше пайдаланғанның салдары дейді. Ал шын мәнінде аллергия қандай ауру? Неден пайда болады? Одан айығудың жолы қайсы? Біз осы сауалдарға жауап алу үшін аудандық емханаға қоңырау шалып, аллерголог маманмен тілдестіруді сұрадық. Сөйтсек мұндай маман бізде жоқ екен. Нақтырақ айтсақ, ауданға дәрігер-аллерголог деген штат берілмеген, бұрын-соңды болмаған да. Ал тұрғындар қандай да бір шағыммен бара қалса, дерматолог маманына жүгінеді Немесе­ ат арытып облыс орталығына баруы тиіс.
Сонымен аллергия әлекке салған аудан тұрғынына шипа тағайындайтын Шиелі ауданаралық емханасының тәжірибелі дерматовенеролог дәрігері Райхан Мырзабаймен хабарласып, көкейдегі сұрағымызды төтесінен қойдық. Р.Бейсенқызы күніне 15-20 науқасты қарап, әрқайсысына жеке-жеке ем-дом тағайындайды. Уақытының тығыздығына қарамастан біздің әр сұрағымызға жіті жауап беруге тырысты. Айтуынша, аллергия ауруы кішкене баладан бастап, қарияға дейін кез келген жаста кездесе береді. Кейбір адамдар суық тиіп, жөтеліп, мұрны бітіп, көзі жасаурай бастағанда аллергия деп дәріханадан дәрі-дәрмек алып, өз бетінше ем қолданады. Ал бұндай әрекет ауруды одан әрі асқындырып жіберуі мүмкін.
– Бүгінде тек біздің елде ғана емес, бүкіл дүние жүзі бойынша аллергиямен ауыратындардың саны жыл сайын артып отыр. Дәрігерлер мұны экологиялық ахуалдың нашарлауы, сапасыз тағам мен иммундық жүйенің әлсіреуінен өршіп отырғанын айтады. Себебі ауа райын лас­тайтын әрекеттер күн санап артуда. Мұның барлығы қоршаған ортаға қауіпті. Ластанған ауа оны жұтатын адамдарға әсер етпей қоймайды ғой, — дейді Райхан Бейсенқызы.
Жаз шыға көзі жасаурап, түшкіріп-пысқырып әлекке түсетін жандар айналада аз емес. Дәрігерден білгеніміздей, аурудың бұл түрінен толығымен жазылып кету қиын. Дегенмен айығудың жолдары бар. Ең алдымен аллергияның не нәрседен болғанын анықтау керек. Содан соң ірі мегаполистерде орналасқан аллергиялық орталықтарда қоздырғыштың себебі анықталып, қыс айларында емдеп жазуға мүмкіндік бар көрінеді.
Одан бөлек күнге шықса денесі бөртіп немесе әлдебір түсініксіз дақтар пайда болатын жандар да жиілеп барады. Бұл да аллергияның бір түрі. Атауы – фотодерматит. Бұған дерматовенеролог дәрігер:
– Мұндай аллергиясы бар адамдар ерте көктемнен бастап сыртқа шығарда үнемі күнге қарсы жақпамай жағып жүруі керек.Сосын жазда барынша жеңі ұзын киімдер киіп, күннің денеге тікелей әсер етуін азайтқан дұрыс. Тағы бір кеңес – бұндай кісілерде іш қатуы болмау қажет, – деген кеңесін берді.
Бұдан бөлек көпшілікке «диатез» деген атаумен белгілі, көбінесе сәбилерде кездесетін аллергия түрі де қазіргі уақытта кең етек алған. Кент тұрғыны Асылай Рахымова:
– Үлкен ұлымда туыла сала диатез болды. Мен тәтті жесем сүтім арқылы бірден барып баламның беті, мойны бөртіп кететін. Кейіннен өзі тамақ жейтін уақытта да солай болды. Қатты қиналдық. Үнемі арнайы жақпамай пайдаланатынбыз. Қызығы, ұлым 3 жасқа толған соң өздігінен кетіп қалды. Қанша тәтті жесе де шықпайды. Қазір екіншімді дүниеге әкелдім. Онда да сол диатез... – дейді. Дәрігер маманнан бұл туралы сұрағанымызда:
– Қазір «диатез» деген термин жоқ. Балаларда кездесетін аллергияның бұл түрін – атопиялық дерматит деп атайды. Бұл тұқым қуаламайды. Бірақ ата-анасының біреуінде қандай да бір аллергия болса, онда бала да бейім болады. Ең бірінші кеңес дұрыс тамақтануға көңіл бөлу керек. Жаңа туған сәбилерге барлық тағам ана сүті арқылы берілетіндіктен, жас ана да өз рационын қадағалаған жөн. Негізінен аллергия көбіне тәттіде, цитрустық жемістер мен сиыр сүтінде, жаңғақтар мен жұмыртқада анықталып жатады. Бұл көбіне уақытша болады. Яғни бала белгілі бір жасқа келгенде аллергия өздігінен жойылады. Сондықтан диета сақтап, күту қажет. Бірақ көпшілігі баланың ағзасын үйрету керек деп тәттіні де, өзге аллергиялық өнімдерді де пайдалануды тоқтатпай жатады. Бұл қате пікір. Оның соңы сәби өскен соң семіздік, тәбетінің нашарлауы секілді жағдайларға апаруы мүмкін. Одан бөлек бөртпе шыққан орын өсе келе тыртыққа айналып жатады, – деген жауап алдық.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда тұрғындардың 28 пайызы аллергиялық аурулардан зардап шегеді. Мәселен, жүрек, онкологиялық аурулары уақыт өте келе ересектер арасында кездессе, ал аллергия кез келген жаста бола береді. Уақытында қаралмаса, бұл 4-5 жылдан кейін ауыр қолқа демікпесі, аллергиялық дерматит сияқты қауіпті ауруларға ұласуы мүмкін.
Аллергия күнделікті жейтін тағамдарға да тікелей байланысты. Бұл ретте дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Бүгінде тағамдардың көпшілігіне түрлі консерванттар мен қосымша бояғыш құралдар пайдаланылады. Сонымен қатар жарамдылық мерзімі де ұзартылады. Бұл адамның организміне түскеннен кейін аллергиялық ауру туындатуы мүмкін. Сондықтан аузымызға түскен асты аңдап жемеске амал жоқ. Денсаулық – алдымен Алланың адамға берген аманаты. Елдің ең басты байлығы – дені сау адам екенін де естен шығармаған дұрыс.

Гүлхан ЯХИЯЕВА
13 шілде 2019 ж. 885 0