Тері аурулары: псориаз
Бүгінгі сұлулық тенденциясы немесе жастар тілімен айтқанда бьюти-индустрия тері күтіміне аса қатты мән береді – жазда күнге күюдің дұрыс жолын іздейді, беттегі акне (безеулермен) күреседі, қыста терінің құрғап кетпеуіне мән береді, одан бөлек терінің күтімі үшін түрлі косметиканы қолданады. Дегенмен, тері дәрігерлері әлі күнге дейін шешімін таппаған дерт бар. Оны псориаз деп атайды. Бұл тері деффектісі туралы жиі айтыла бермейді, бірақ мамандардың айтуынша бұл дертке шалдыққан саны миллионнан асып жығылады. Псориаз деген не? Псориаз — аутоиммундық дерттердің бірі. Ел арасында оны теңге қотыр деп атайды. Ол теріні құрғатып, қызарады. Бастапқыда теміреткі белгілері байқалғанымен, уақыт өте тері қабыршақтанып, ақ "қайызғақтардың" жиі бөлінуін аңғаруға болады. Ал, аутоиммунды жағдай – бактерия мен инфекциялармен күресетін иммундық жүйенің шектен тыс белсенді болып, сау жасушаларға шабуыл жасай бастауы. Нәтижесінде түрлі қабынулар пайда болады. Псориаз кезінде аутоиммундық жағдай әсерінен жаңа жасушалардың туылуы артып, тері қабатына қосымша қабат түзіледі. Дерттің өршуін дәрігерлердің жеке адамның денсаулық және жеке күтім жағдайымен байланыстырады. Дегенмен, ғалымдар псориаздың не себептен пайда болатынын әлі анықтай қойған жоқ: оны генетикамен, күйзеліс секілді сыртқы орта әсерімен байланыстырады. Псориаз қандай болады? Псориаз терінің кез келген аймағында: беттен бастап алақанға дейін шығуы мүмкін. Бірақ, осы уақытқа дейінгі зерттеу бойынша шынтақ пен тізеге жиі шығатыны анықталған. Теріде пайда болған белгілерді аллергия, теміреткі немесе қотырдан тек дематолог қана айыра алады. Сондықтан, үйден ем алудан бұрын, ауруханаға барып, тексерістен өткеніңіз абзал. Псориаздың бірнеше түрі бар: бөртпе, гуттат (бактерялық инфекция арқылы тараған), пустулез (іріңді бөртпелер), эритрдермиялық (дененің барлық аймағына шығатын қызыл бөртпе). Олардың ішінде кеңінен тарағаны – бөртпе түрі. Одан бөлек, адамдардың басым көпшілігі бұны жұқпалы деп ойлап, псориазы бар адамнан өздерін алшақ ұстауға тырысады. Шындығында, псориаз – жұқпалы емес. Бұл – туа бітті немесе жүре-бара сыртқы орта әсерінен туындайтын тері ауруы. Псориазды өршітетін жағдай: Псориаз бір уақытта өршіп, кейде мүлдем жоғалып кетуі де мүмкін. Егер сіздің теріңізде псориаз болса, қандай сыртқы орта жағдайы мен әдеттер псориазға әсер ететініне мән беріңіз. Әйткенмен, псориаз дертіне шалдыққандардың басым көпшілігінде суық пен күйзеліс кезінде өршу құбылысы байқалған. Одан бөлек, шылым шегу, ішімдік ішу және дәрі-дәрмектің кей түріне өршу құбылысы арқылы ағза жауап қатқан. Емі қандай? Нашар жаңалық: псориазды емдеу мүмкін емес. Жақсы жаңалық: теріні толықтай емдемесе де, қалпына келтіруге мүмкіндік беретін күтім жүйесі бар. Дәрігер қабынудан қорғайтын жақпа май, қышу, құрғап және мазаны алатын өзге белгілермен күресу үшін арнайы дәрі-дәрмек жазып береді. Одан бөлек, ультракүлгін сәулелер арқылы зақымданған жасушалардың өсуін тоқтатуға болады. Сонымен қатар, косметика таңдау барысында аса сақтық танытқан жөн. Мамандар сезімтал теріге арналған ылғалдандырғыш жақпа май түрлерін қолдануға кеңес береді.
Massaget.kz
Massaget.kz