Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауапсыз сұрақтардың қарапайым шешімі

Жауапсыз сұрақтардың қарапайым шешімі

Біз – қызық әрі ерекше жаратылыспыз. Ойлау жүйесінің өзі бірнеше бөліктерге бөлініп, кейде біз түсінбейтін әрекеттерді ғылымда өте қарапайым құбылыс арқылы жеткізеді. Егер сізді кейде «неге?» деген көп сұрақ мазалайтын болса, мына түсініктерге назар салып көріңіз. Мүмкін, кей сұрағыңыздың жауабы осында шығар...
1.Ас бөлмесіне не үшін барғанымызды ұмытып қаламыз. Себебі неде? Таныс жағдай: ас бөлмесіне жүгіріп кіресіз, бірақ не үшін, қандай мақсатпен келгеніңізді ұмытып қаласыз. Бұл жағдай қысқа мерзімді жадымен тікелей байланысты. Жадының бұл түрі үздіксіз жұмыс істейді. Біз секунд сайын ойланамыз, ақпарат миға асқан жылдамдықпен түседі де, сол мезетте жоғалады. Негізі, барлық жаңа мәлімет белсенді нейрон үлгісінде сақталады, ал бұл – қиын үрдіс.
Кейде бұл сенімді жүйеде қателік туады. Ақпарат өздігінен жоғалуы мүмкін. Сондықтан, келесі бөлмеге не үшін барғаныңызды ұмытып қаласыз. Әсіресе, бұл үрдіс өзге нәрсені жиі ойлағаннан болады. Қысқа мерзімді жадының көлемі төрттің бір бөлігіне тең – ақпарат бір минуттан артық сақталмайды. Сондықтан, сіз қос нәрсені қатар ойлаған кезде, жаңа ақпарат ескіні ығыстырып тастайды.
2. Неге сынға төтеп бере алмаймыз? Елестетіп көріңізші, шаш үлгіңізді өзгерттіңіз де, жұмысқа келдіңіз. Он адамның тоғызы сізге «керемет» деп сүйсінсе, бір адам ғана жараспайтынын айтты. Қай адамның сөзі есіңізде сақталып қалады? Мұның да себебі бар, өйткені, ми үшін мадақтан гөрі сын маңыздырақ. Сізге біреу ескерту жасаса немесе өзге адамның сізге деген жағымсыз қылығын байқасаңыз, санаңыз жеңіл күйзеліске ұшырайды. Жауап ретінде денеңіз кортизол гормонын бөле бастайды. Кортизол тек күйзеліс кезінде ғана бөлініп қоймай, адамның «ұр да жық» реакциясын қоздырады. Яғни, адам сынға қарсы жауап қайтаруға дайын болады.
Мәселе тек физиологияда ғана емес, психологиямен де тығыз байланысты. Мақтау – сыпайылық. Ал, сын – еріксіз назар аудартатын жағымсыз жағдай. Сонымен қатар, біздің көру жүйеміз бейсаналы түрде сыртқы ортадан бізге төнетін мүмкін қауіптерді іздеумен болады. Оны біз күлімдеп тұрған әріптесімізден гөрі, түнеріп отырған әріптестерден байқаймыз. Санамыз оны "қауіпті" адамдардың қатарына қосып қояды.
3. Неге өз қабілетімізге күмәнмен қараймыз? Ақылды адамдар таласта ақымақтардан жеңіліп қалады, өйткені, «ессіздер» өздеріне әлдеқайда сенімдірек. Мұны ғылымда «Даннинг – Крюгер эффектісі» деп атайды. Даннинг және Крюгер есімді психолог мамандар мынандай тәжірибе өткізеді. Олар қатысушыларға тапсырма беріп, шешімін қалай тапқандарын білмек болады. Тапсырманы дұрыс орындамағандар сенімді түрде өздерінің әрекеті «дұрыс» екенін дәлелдемек болған. Ал, тапсырманы орындағандар өз әрекетіне күмәндана бастаған.
Даннинг және Крюгер мынадай гипотеза келтірді: ақымақ адамдарға тек ойлау қабілеті ғана жетіспейді деу – қателік. Оларға өздерінің қолдарынан келмейтінің ұғу да қиындық тудырады.
Ақылды адамдар әр уақыт жаңа нәрсені үйренеді. Сондықтан, өз ойын 100 пайызға дұрыс деп айта алмайды. Өйткені, әр сұрақтың жауабы бола алатын зерттелмеген ақпараттың көп екенін түсінеді.
Ал, ақымақ адамдар мұндай күмәнмен өмір сүрмейді, сондықтан, өзінің дұрыстығын дәлелдеу – олар үшін жеңіл.

Massaget.kz
07 шілде 2019 ж. 614 0