Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Апат айтып келмейді

Апат айтып келмейді

Апат айтып келмейді. Өткен аптада Арыс қаласында орын алған алапат апаттың үрейі мен зардабы әлі күнге ел санасынан сейіле қойған жоқ. Сол жарылыс, зар еңіреген ана мен үйін тастап қашқан халықтың қасіреті түсірілген видеоларды өз басым алғаш көргенімде абдырағаным рас.
Маусым айының 24-і күні астана уақытымен таңғы сағат 09:10 минут шамасында басталған жарылыс, күн төбеге көтерілген сәтте қарқынын үдете түскендей болды. Өйткені жергілікті халықтың оқиға орнынан түсірген видеолары түс ауа тіпті көбейді. Ысқырған снарядтар аспанға көтеріліп, оратыла ұшып, бейтарап бағытқа бет алып, қатты дауыспен тарс етіп жарылғанын естіген сәтте арыстық ағайынның жан қиналысы мен қайтсем аман қаламын деп бас сауғалап қашып жатқанын іштей түсіндік, тілектес болдық.
Жасыратыны жоқ, жыл басталғалы елде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты болмай тұр. Осындай алмағайып уақытта ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың ара жігін айырып, қазақ даласындағы тыныштықты бұзғысы келетіндер халықты алдына салып, отқа итеріп жатқанын да айтуымыз қажет. Мысық тілеулес жалған ұлтшылдар, халықтың жағдайын ойлағансып, ал шынтуайтында өзінің құйтырқы іс-әрекетін жүзеге асыруды көздеп, жұртты көтеріліске үндеп, митингіге шығуға үгіттеп жүргенін де көз көріп, құлақ естіп отыр.
Оқиға орнына ел президенті Қ.Тоқаев өзі барып, халықпен кездесті. Жай ғана кездескен жоқ. Бойларын үрей билеген тұрғындарға жылы сөзін айтып, көңіл қошын білдірді. Сонымен қатар Арыс қаласындағы қойманың көзін жоюды тапсырып, қала халқына барлық жағдайдың жасалатынын жеткізді. Бізге белгілі соңғы мәліметтерге сүйенсек, Арыс қаласынан 5700 снаряд табылған. Бұл көрсеткіш әлі де көбейіп жатса керек. Қала ішіне халық кіргізілгенімен зеңбірек іздеп, бомба бар деген жерді саперлер анықтап жатыр.

Ауызбіршілік алға сүйрейді
Құранда Алла тағала: «Әрбір қиыншылықтың артынан міндетті түрде жеңілдік береміз» дейді. Иә, Арыстағы орын алған апат қазақ халқына ауыр тиді. Бірақ, төтеннен келген ауыр соққыны текті халық маңдайға жазылған сынақ деп қабылдап, жалпы Қазақстан бойынша «Біз Арыс­пен біргеміз» атты акция жүріп, барлық аймақ, өңірлерден азық-түлік, киім-кешек, қаржылай көмек көрсетілді. Арнайы шот ашылып, халық жинаған ақша сонда аударылды. Осылайша тағы бір мәрте ел екендігімізді көрсетіп, арыстықтарға мемлекеттен бөлек халықтық қолдау жасалды. Шиелі ауданы бойынша теміржол вокзалына келген 200-ге жуық жолаушыға ыстық тамақ үлестіріп, Алматы, Шымкент, Тараз қаласына бағыт алған жолаушыларға арнайы автобус­тар қызмет етіп, тегін жөнелтілді. Орталық базарда аудан еріктілері азық-түлік, киім-кешек жөнелтті. Еңбекші ауылының ерікті азаматтары ауданға апатты жерден бас сауғалап келген 4 отбасыға қаржылай көмек берді. Иә, біз ел ішінде атқарылған жұмыстардың бер жағын, миллионнан бірін ғана айтып отырмыз. Республика бойынша көмек қолын созбай қалтарыста қалып, атсалыспай қалғандар болмады десек те болатын шығар. Әркім өз хал-дәрменінше Арыс халқының бой түзеп, еңсе тіктеуіне тілімен де, қолымен де көмек көрсетті. Осылайша біздің ел сын сағатта сүрінбей, керсінше пендешіліктен бауырмалдылықты биік қоятынымызды тағы да дәлелдеп, көрсетіп берді.

Елдос ЖҮСІП

ҚР Премьер-министрі А.Мамин:
Арыстық отбасындағы әрбір адамға, яғни 44 мыңнан астам тұрғынға 1 айдың ішінде Үкіметтен 100 мың теңгеден беріледі.
Әскери қару-жарақ қоймасын 2 аптада көшіруді бастайды.
Қала 1 айда толық жөндеуден өтеді.
Арыстық кәсіпкерлерге 1%-бен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі.
Қала 2 жылдың ішінде толық газдандырылады.

02 шілде 2019 ж. 1 916 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930