Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАСҚА БӘЛЕ –ТІЛДЕН

БАСҚА БӘЛЕ –ТІЛДЕН

«Басқа пәле тілден» деп өткен ата-бабамыз аңдап сөйлеуді, тілді талдап қимылдатуды үйреткен. Бұл қасиет дін диянаттың дәстүріне, шариғат шартына байланады. Осы тұрғыдағы көптеген жазбада арнайы бөлім мен бап қарастырылған еңбектер жазылған. Бұл бөлім «Тіл апаттары» делінеді. Олар өсек, өтірік, ғайбат, жала, жалған айғақ және Т.Б. Тілден келетін осы үлкен күнәның ең жоғарғы шыңында қарғыс тұр. Яғни аты да, заты да, естілуі де анайы әрі тұрпайы, шариғат шеңберін бұзатын, пендені қақсататын, өмірін ақсататын, үмітін кемтар ететін осы лағынет сөздер. Атамыз баланы қарғыс алмай, алғыс алуға тәрбиелейтіні де осыдан. Негізінде, қарғыс – күпірлікке жақын істерден орын алады.
Алла Елшісі (с.ғ.с) жан-жануарды, мал атау­лыны, тіпті жансыз нәрсені де қарғауға тыйым салған. Кезінде бір сахаба түйесін қарғағанда, ол қарғысы қабыл болып, түйе еркіне жіберіліп, енсіз айдалада оның қор болып өлгені сүннеттен белгілі. Сол қатарда таң сәрідегі әтешті де қарғау күнә. Себебі мойнын созып, періштені бірінші көретін, елді таң намазға оятатын осы әтеш. Ендеше әтешті лағынеттеу күнә болса, мешітте азан шақыратын муәззінге (азаншыға) қарғыс айту адамзатқа не әкеледі, ойлана берейік?!
Жаратылыстың ұсақ түйіріне жататын бит, шыбын-шіркейді де қарғаудан асыл дініміз қайырады. Себебі оның қай-қайсысы болсын, бекерден-бекерге жаратылмаған. Әлбетте олардың біз біле бермейтін атқарар шаруасы жетерлік. Тоқсан жыл ғұмырында не адамға, не Аллаға пайдасын тигізбейтін адам болуы мүмкін. Ал біле білсеңіз, шебер Алланың бұл жаратылысы бір ай көлемінде өмір сүреді. Алайда адамзатқа берер пайдасы орасан. Егінді шығынсыз жинауға көмектесетін, шегіртке және өзге зиянды жәндіктің жұмыртқасымен зиянкесті жоятын, бір қанатында мықты антибиотигі бар шипалы хикмет. Бір шыбынның өзінен көп ғибрат алуға болады. Тіптен аңның алпауыты піл осы шыбыннан қорқады. Бірде Мысыр патшасы өз құзырына имам Аузағиді (р.ғ) шақыртады. Сол кезде патшаның мазасын айналасындағы шыбын-шіркей алып отырғанда, имам кіріп келеді.
– Осы шыбын-шіркей дегенді Алла Тағала не үшін жаратты? – деп патша имамға сұрақты дөп қояды. Сонда ойланбастан:
– Өзін құдіретті санаған зорларды тәубесіне түсіру үшін, сіз сияқты қол жетпес дәрежедегі адамның мазасын алу үшін осы шыбын жаратылды, – деген екен имам Аузағи (р.ғ).
Табиғат құбылыстарынан қатты соғылған жел, нөсерлеп құйған жаңбыр, толассыз жауған қар, бет қарытар үскірік аяз, шөліркеткен аптап ыстыққа да қарғыс жүрмейді. Дегенмен адам аузынан шығатын небір лағынет алдымен көкке көтеріліп, иесін іздейді. Оған аспан есігі жабық болса, жерге қайтып түседі. Жер қабылдамаған соң, мекенін таппаған қарғыс шыққан жеріне яғни ауыз иесіне оралады. Халқымыздың «Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады» дейтіні осыдан. Осылайша ауырлықты яғни кішкентай тілімен-ақ күнәнің зорын адам өзіне оңай жолмен артып алады. Екі адам сөзге келіп, соңында қарғасса, күнәсі дауды бірінші бастаған адамға жазылады. Жалғасы қарғысқа жауап бере бастағанда, екіншіге өтеді.
Адам баласы қарғысты мүлдем айтпағаны жөн. Алайда, осы дене түршіктірер лағынетті бүгінде құлақ жиі шалады. Ағайын-туыс, абысын-ажын, көрші-қолаң, ата-ана мен бала арасында жүретін ащы сөздер аяғы лағынетке ұласып жатады. Бұл үрдістің көбеюі қиямет. Тіпті «Сені Құдай тапсын» деудің өзі лағынеттің тіркемесі екенін жұрт біле де бермейді.
Ханафи мәзһабында басшы Алланың қалауымен келетіндігі айтылады. Ал бұл қалауға қарғыс бағыттауға болмайды. Тарихта залым патшалығымен есте қалған Шиддат патшаның елі әрбір құлшылығында жүйелі түрде оған қарғыс айта бастайды. Сонда заманының ғұламасы ибн Құдама:
– Сендердің айтқан қарғыстарың Шиддаттың зұлымдығынан асып түссе, онда сол лағынеттерің өздеріңе оралады әрі бастарыңа зұлмат әкеледі, – дегені бар.
Алла Тағала мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қарғысы бірсыпыра ауыр күнә істеушілерге қоса тіркелген. Олардың кейбірін тізбектесек, ата-анасын ренжіткендер, сахабаларға тіл тигізгендер, мұсылмандарға қару көтергендер, хайуандарды бетінен соққандар, әділетсіз соттар, біреудің қателігін көріп оны түзетпегендер, пара берушілер және оны алушыларға үлкен қасірет бар. Сонымен бірге қайғыда киімін жырту, күпір сөз айту, аспан әлемі еститіндей ойбайлау, өзіне өлім тілеу лағынетті істер қатары. Елдің ризалығынсыз имам болу, оларға басшы болу, Құран мен хадис­ке өздігінен сөз қосу, келешек ұрпаққа қасірет әкеліп, елдің азғындалып, жоқ болуына себепті күнәның бірі – ер мен ердің, әйел мен әйелдің жыныстық қарым-қатынасы лағынетті күнәлардың төресі. Лұт пайғамбар қауымының тып-типыл болуына әкеліп соқтырған да осы былапыт істер.
Әбу Хурайрадан (р.ғ) келген сахих хадисте адамдар өтетін жолға дәрет сындырылса, лас су төгілсе, оған Алланың қарғысы, періштенің қарғысы, жалпы адамзаттың лағынеті болсын делінген. Міне, сол жер тазарғанша, ол жерді сол нәлет басып тұрады. Сонымен бірге, адамдар көлеңкелейтін жерлер, қабатты үйдің кіре берістері (подъездер), балалар ойнайтын алаңқайлар да, мешіт тәрізді құрметке ие ел игілігіндегі құтты мекендер. Түркі тектес ұлыс та үйдің кіре берісін «астана» дейді. Енді бұл сөз біздің түсінігімізде үйдің кіре берісінен төрге дейінгі аралық болса, оның тазалығы періштені жақындатып, ал ластануы Құдайдан алыстау дегенді білдірсе керек-ті.
Бір адамның қолына терең іріңді жара шығады. Небір ем-дом шараларды қолданса да, жарасы жазылмайды. Не дәрігердің дәрісі, не имам-молдалардың оқығандары шипа болмайды. Сонда бір үлкен ғұлама «Мүмкін осы қолыңмен біреуге зұлымдық жасаған шығарсың, қолыңды қарғаған болар», – дейді. Сол сәтте ол үйінен жүгіріп шығып кетеді. Арада біраз уақыт өте, ол ғұламаға келіп, сый-сыяпатын беріп, батасын алады. Қолы дерттен айыққан, оның себебін сұрағанда:
– Менің құдайы көршім қайтыс болып, әйелі бірнеше баламен жесір қалды. Олардың үйіне тиесілі жерін өктемдікпен өзіме қаратып, иелігіме тартып алған едім. Сонда сол жесір әйелдің «Қолың құрсын» деген қарғысын құлағымның щалғаны бар-тын. Сіздің сөзіңіз жүрегімді сырқыратып, соны еске салды. Дереу әйелге тиесілі жерін қайтарып, қосымша үстемелеп сыйлықтар бердім, оның кешірімін алдым. Қолымның дерті жеңілдеп, айығып кетті, – деген екен.
Ұрпақтың келешегі, оның кемелдігі үлкеннің дуалы батасында, болашағының күйреуі ата-ананың кейісті қарғысында жатыр. Қасиетті Меккенің Әл-Харам мешітінде қызмет атқаратын имамның анасы ұлына ашуланған кезеңде «Меккенің имамы болғыр!» дейтін әдеті болған екен. Міне, сол айтқаны қабыл болып, ұлы әлем мешітінің ұлық дәрежесіне көтерілді. «Менің осы имамдығым анамның қарғысымен келген» деген екен өз сөзінде. Сондықтан ағайын, әженің тіл жебесіндегі «Тұқымың жайылсын», «Көсегең көгерсін», «Көрпең ұлғайсын», «Бұл дүниеде жиғаның, о дүниеде иманың болсын» деген көркем бал сөздері жадымыздан өшпесін. Балаларымызға риза болмағанда, үйреншікті былапыт боқ сөздер мен қарғыс орнына «өскір, өңгір, көктегір» деген сынды сөздерді әдетке айналдырайық. «Біреуге өлім тілегенше, басыңа өмір тіле» деген бар. Түбінде жақсылыққа апаратын бұл сөздерге періштелер «Әумин» десе, айтқанымыз тапжылмай орындалатыны хақ. Осы тіл апаттарынан мейлінше аулақ болайық!



Нұрлан қажы Байжігітұлы,
дінтанушы, имам

02 шілде 2019 ж. 1 695 0