Жігіттерге кеңес: үйден шығар кезде
Жігіттерге айна алдында бес сағат тұрып шашын тараудың, бетін бояудың қажеті жоқ. Дегенмен ерлер үшін де үйден шығып бара жатқан кезде ескеретін бірнеше жағдай бар. Шашыңыз жуылған ба? Айна алдында тұрған кезде ең бірінші назар аудару керек нәрсе – шаш. Себебі сіз қоғамдық көлікте боласыз, таксиде, одан қала берді жұмыста, оқу орнында жүресіз. Басыңызда бас киім болған күннің өзінде, белгілі бір жерлерде оны шешіп қоюға тура келеді. Сондықтан май-май шашпен көшеге шықпаңыз. Таңертең үлгермей қаламын десеңіз, түнде жуыңыз. Шашыңыз май болып тұрса, түріңіз тартымды болғаннан ешқандай пайда жоқ. Көйлегіңіз үтіктелген бе? Жігіттер көбінесе көйлектің алдын және жеңін, жағасын үтіктеп, басқа жеріне мән бермей жүре береді. Бірақ сіз алдыңызда не күтіп тұрғанын білмейсіз. Сондықтан үйден шықпай тұрып, көйлекті барынша толық үтіктеп, ұқыптап киіңіз. Киіміңіз сізге жараса ма? Қара пальто, ақ туфли, ақ шұлық, қызыл жейде киіп алып, айна алдында өзіңізді керемет сезініп тұрсаңыз, ойланыңыз. Бұл сіз түгілі, жалпы киім кию үлгісіне жатпайды. Барынша сәйкестендіріп киіңіз. Мәселен классика киіп жатсаңыз, шұлық, белдік, галустук бір-біріне жақын түсте болсын. Еркін киінсеңіз оны да үйлестіруге тырысыңыз. Тағы да ескеретін нәрсе, денеңізге үлкен не тырысып тұратын киім кимеңіз. Өз өлшеміңізге сай киініңіз. Аяқ киімді майладыңыз ба? Ер адам үшін ең маңыздысы – аяқ киім. Себебі аяқ киім ердің тазалығын көрсетеді. Егер аяқ киміңіз лас әрі майланбаған болса, онда сіздің ұқыпсыз екеніңіз байқалады. Іштей олай ойламасаңыз да, сырт көзге солай көрінеді. Осы жерде қазақтың «Дұшпан аяққа қарайды» деген сөзін ескерген дұрыс. Аяқ киімді таңда емес, түнде майлап дайындап, шүберекпен сүртіп жылтыратып қойыңыз. Себебі таңертең асығыс майлағаннан пайда жоқ. Оған қайта-қайта шаң қонып, майы тез кетіп қалады. Әтір болса тіпті жақсы Ерлерге әтірді жиі пайдаланып, құйынып алудың қажеті жоқ. Дегенмен жақсы иіс жағымды. Бірақ арзан әтір пайдаланбауға тырысыңыз. Қымбатын алып, анда-санда бір сеуіп қойыңыз. Әтірді де мойын астына төгіп-төгіп себудің қажеті жоқ. Құлақ артына және білекке, жағаға сеуіп қойсаңыз жеткілікті. Егер сымбатты көрінгіңіз келсе, біз ұсынған кеңестерді ретімен дұрыс пайдалана біліңіз!
Massaget.kz