Бала туғым келмейді: Жас буын қазақтар баласыз өмірді не себепті таңдайды
"Балалы үй - базар, баласыз үй - мазар" демекші, қазақ халқы әрдайым сәби сүйіп, ұрпақ қалдыруды өмірдің басты мәні деп есептеген. Дегенмен, заман өзгерді, адам өзгерді. Қазір балалы болудан ерікті түрде бас тартып, өздерін Childfree субмәдениетінің өкілдері санайтын жандар бар. Адамдар не себепті бала сүйгісі келмейді? Журналист әрі Childfree мүшесі, 35 жастағы Гүлім Оразбаева Stan.kz тілшісіне баласыз өмірді неліктен таңдағанын, өмірінің мәні не екенін айтып берді.
Жастайымнан балаға онша мейірімім жоқ еді. Кейде туысқандар жиналғанда, топырлаған бала-шағаға көз бол деп тапсырған сәттерде өмірді жек көріп кететінмін. Есейе келе, қоғамда сіңіп қалған түсінігім бойынша, тұрмысқа шығуым керек, сосын бала тууым керек шығар деп кәдімгідей қапа болатынмын. Кейін оқуымды бітірдім, жұмысқа кірістім. Сол кезде ойлана бастадым: өмірдің осындай кереметін – бостандықты, қалаған нәрсеңмен айналысу еркіндігін қалай ғана ерікті бодандыққа айырбастауға болады?!Мен байға тимесем, бала таппасам, бұл дүниеге қандай қиянатым тиюі мүмкін? Артында ұрпақ қалмаған қаншама ғұлама өтті, олардың фонында қарапайым менің ерікті бедеулігім деген не тәйірі? Сосын бір жұмысымда режиссер әйел болатын. Жасы қырықтардан әжептәуір асқан, өте қатты күтінетін, әдемі. Күйеуімен анда бардық, мынаны жасадық деп әңгіме айтып отырады. Иті бар. Балалы болудан бас тарттық деп айтты. Мен таң қалдым: олай да етуге болады екен ғой! Өзім ол кезде жиырма бірдемін. Сол кезден өзім де чайлдфри болдым деп ойлаймын.
Childfree болу деген - өте тыныш өмір. Ешкімнің өмірі үшін жауапты емессің. Қайда көшем десең де өз еркің. Байым не дейді, балам не болады деген проблема жоқ, қалағаныңша жұмыс істейсің, қалағаныңша ұйықтайсың. Ақшасыз, аш қалсаң, басың дал болып, тентіремейсің. Ананың баласы менікінен артық боп кетті деп, тыраштанбайсың.
Өліп қалсам, балам не болады деп уайымдамайсың. Ең азабы сол сияқты – баланы ешкімге естелікке тапсыра алмайсың ғой.
Бала сүйе алмайтындар мен балалы болғысы келмейтіндерді қарсы қоюға болмайды. Біріншілері денсаулығына байланысты лажсыздықтан бала тумаса, екіншілері еркімен бас тартқан. Біріншілерінде физиологиялық проблема болса, екіншілерінікі – саналы таңдау. Бұл жерде моральдық талқылау болмауы тиіс.
Бізді эгоистер, мәнсіз өмір сүрушілер деп ғайбаттайтындар бар. Бірақ біреудің таңдауын сыйлауды ұмытып кетіп жатады. Приоритет мәселесі ғой. Біреу балаларын өмірінің мәні дейді. Менің өмірімнің мәні – еркіндік.
Соншалықты бір сынға ұшырап, теперіш көріп жатқаным жоқ. Мүмкін, үлкен қалаларда тұратындықтан, айналам заманауи жастарға толы, ал ата-анам либерал болғандықтан шығар, принциптерімді ұстануда ешқандай кемсітушілік байқамаймын. Баланы табу үшін таппау керек, оған шынымен лайықты өмірді қамтамасыз ете аламын, ұрпағыма талантым даруы тиіс, ұрпағым игі ісімді жалғастырады деген сенім болса ғана туған дұрыс деп санаймын.
Кейде традиционалист өңірлерде болсам, түсінбеушілікті байқаймын: "Баласыз өмір сүру деген қалай сонда, есің дұрыс па? – деп. Бала тууың керек қой дейді. Кім үшін керек? Маған керек жоқ. Сізге керек пе? Туыңыз.
Көп саяхаттап, йогамен айналысатын 40 жастағы Әлия бала сүйгісі келмейтінін жасөспірім болған кезде түсінген екен. Әйел Stan.kz тілшісіне өз хикаясын айтып берді.
Балалы болғым келмейтінімді жасөспірім кезімде түсіндім. Әпкем босанып, нәрестелі болған кезінде басы-қасында жүрдім. Таңның атысынан кештің батысына дейін жылай беретін бала, жөргектері. Мезі болып кеттім. Жиендерімді қатты жақсы көрем, бірақ сол кезден-ақ балалы болғым келмейтінімді түсіндім. Өсе келе пікіріңді өзгертесің деуші еді маған сол кезде, жылдар өтті, мен есейдім, алайда пікірім өзгерген жоқ. Балалар үнемі қамқорлық талап етумен мені шаршатады. Бұрын мүлдем бала жақсы көрмейтінмін. Қазір жақсы көрем, олар – біздің жалғасымыз, кәдімгі адамдар, бірақ кішкентай.
Адамдардың бұған қарым-қатынасы әртүрлі. Кейбірі түсіністікпен қараса, басқалары сынайды. Менің туған анам әлі мен түсініңкіремейді. Он жыл бойы өзімнің позициямыды түсіндірмекпін, бірақ нәтижесіз. Тек: «Сен тездетіп күйеуге шығуың керек», — деп айтты. Қазақтардың өлшемдері бойынша, 25-те мен отырып қалғандардың қатарына едім.
Отбасылы жолдастарым үнемі мені біреумен қосуға ұмтылатын. Әрине, мен де тұрмыс құрып, әйел, жұбай ретінде өзімді жүзеге асырғым келді. 32 жаста тұрмысқа шықтым, болашақ күйеуім менің көзқарастарымды біле тұра, менімен келіспеді. Ажырасып кеттік. Көзқарастары менікіне ұқсайтын азаматты табу өте қиын.
Қазір барлығы мені «кәрі қыздардың» қатарына енгізіп, мені қатты аяйды.Менің өмір сүру дағдыларымды сынайды. 40 жаста клубтарға барып, би билегенді түсінбейді. Ал мен оның барлығын жақсы көрем. Жастармен етене араласқанды жақсы көрем, олар өзгеше ойлайды. Дегенмен кейде олардан да «бала сүйгісі келмеу – психикалық ауытқушылық» дегенді естимін.
Мен барлығын көндіріп, өзімнің дұрыстығыма сендіргім келмейді. Бірақ кейде көңіліне кірбің түсетіні жасырын емес. Содан кейін мен әлеуметтік желілердегі чайлдфри топтарға тіркелдім. Өзім сияқтылармен араласып, жалғыз емес екенімді және бұл қалыпты жағдай екенін түсіндім.