Онлаин өмірдегі атақ пен ақша
Біз қазір инновация ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Техникалық құралдар көзімізді ашып жұмғанша өзгеріске ұшырап, даму үстінде. Оған бір ғана мысал ретінде әлеуметтік желілерді айта аламыз. Өзіңіз өткенге көз жүгіртіп көріңізші. Осыдан 10 жыл бұрын интернет арқылы айшылық алыс жерлерден хат алысып отыратын едік. Сол сәтте талай жанды сымсыз байланыстырған құралдарға қатты қызығатынбыз. Интернет иіріміндегі әр жаңалықты құр жібермей, осы жүйені қалай және кім ойлап тапқанына дейін назар аударатынбыз.
Ал, қазір техникалық құралдардың көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқанына да етіміз үйренді. «Е, жаңа құрылғы шығыпты» деп бір ауыз айтып, елеп-ескергеніміз болмаса әуелгідей қызығушылық қалмады. Жалығу яки бой үйренісу біздің дағдымызға айналып кеткен бе не керек, ғажайып санаған ғаламтордан да мезі болдық. Бірақ, зеріккен желі қолданушыларын көңілін 2012 жылы 30 секундтық видео көтере бастады. «Соңғы мода, соңғы мода – осылар, шын модашы көз жұмып тез қосылар» деп ақын Аманжан Жақып ағамыз айтқандай тосын дүниені көрермен талау-таралғыдай тез қабылдап алды. Содан бері арада 7 жылға жуық уақыт өтті. Бірақ, қысқаметражды бейнероликтер өзінің бастапқы дәмінен айырылған жоқ. Бұл бейнероликтердің әлеуметтік желідегі қаралымдары миллионнан асып жығылады. Ал оны түсіріп, өңдеп желі пайдаланушыларына ұсынғандар сол арқылы нәсібін тауып, атаққа да, ақшаға да кенеліп отыр.
Түрлі тақырыпта арнайы бейнеролик түсіріп, қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғаларды келемеждеп жеткізетін, әлеуметтік сауалнамалар жүргізіп арасында ойын ойнату арқылы халықпен байланыс орнатуды мақсат ететін роликтер интернет тілінде «ваин» деп аталады. Ваин үлгісіндегі бейнероликтер өз жұмысын бастаған уақытта бар жоғы 6 секундты қамтитын. Ал қазір бұл бейнероликтерді 1 сағатқа жуық түсіруге мүмкіндік қарастырылған. Ваин түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеушілерді «вайнерлер» деп атайды. Позитивті ойлау, көңілді болу және зейін – бұл вайнерлерде болуға тиісті негізгі қасиеттер. Қазіргі таңда вайнерлер жаңбырдан кейінгі қаптаған саңырауқұлақтай көбейіп кетсе де, олардың арасында көпшіліктің көңілінен шығып жүрген бірнешеуі ғана бар. Мәселен, «Seka vine», «Картоп ТВ», «Юфрейм», «Ессіз әйел», «Аминокка» сынды вайнерлер халық арасында ең үздік саналады.Вайнерлердің қозғайтын тақырыбы ауқымды болғанымен олар оны күлкімен жеткізу арқылы халықтың есінде ұзақ сақталады. Мұны тіпті, егде тартқан кісілер де байқап отыр. Олар ваин үлгісіндегі видеоларды басында ұнатпай, бос сөз бен зілсіз әзіл деп қабылдаса да, қазір ваин-видеоларды көру немесе оған түсу жас талғамайтын болды. Мысалы, «Аминокка» тобының вайнері Амина небәрі 8 жаста. Оның танымалдығы 2 жасынан басталған. Анасы өзгелерден ерек қызының видеоларын ютуб, инстаграм секілді желілерге жүктеу арқылы бүгінгідей табысқа жетіп отыр. Қазір Аминаның өз аудиториясы да жиналып үлгерген. Ол тіпті отандық киноларға түсіп, өзінің мансабын әрмен қарай жалғастырып жатыр. Ал, «Юфрейм» вайнерлер тобы өз әзілдерінде орта жастағы жандарды көптеп түсіреді. Қариялар мен әжелердің бейнесі «Юфрейм» тобының әлеуметтік роликтерінде немесе отбасылық өмірге байланысты видеолар да кездеседі. Келтірілген мысалдарға қарап уақыт өте келе ваин-видеолардың жас талғамайтынын аңғарамыз. Содан болса керек қазір вайнерлер қоғамнан қошемет, мемлекеттен қолдау көріп отыр. Осының бір дәлелі 2017 жылы алғашқы рет басталған «Vine fest» фестивалі. Вайнерлерге арналған аталмыш фестиваль қазір жыл сайын ұйымдастырылады. Елорданың төрінде жан-жақтан шақырылған жастардың қатысуымен өткізілетін шарада еліміздегі ең үздік вайнерлерді марапаттайды. Оларға ақшалай жүлде мен V үлгісіндегі статуэтка табысталады. Сондай-ақ, өткен жылы өткізілген баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығына арнайы «Үздік ваин» номинациясы енгізілді. Бұл да вайнерлердің ісін қолдап, алдағы жұмыстарына шабыт беру емес пе?! Осы шарада қазылардың шешімі бойынша «Үздік ваин» номинациясын «Ессіз әйел» рөлін сомдайтын Нұрлан Батыров иеленген болатын. Ал танымал әнші Қайрат Нұртас ұйымдастырған байқауда қызылордалық «Ee go» тобының вайнерлері бас жүлдені қанжығасына байлаған еді. Осы және өзге де ұйымдастырылып жатқан байқаулар мен шаралар жеткілікті. Өйткені қазіргі уақыт талабына сәйкес ваин-видеолардың өзіне тән аудиториясы мен қолдаушылары табылған. Тіпті инстаграм өзінің контентін осындай тез таралатын видеолар арқылы жоғары дәрежеге көтеріп отыр.
Алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді вайнерлерге деген пікірлер де екі ұдай. Олардың арасында жастардың ісін ұшпаққа шығаруға тырысып қолпаштайтын да, шыңырауға түсіретіндей сын айтатындар да жеткілікті. Ваин үлгісінде видео түсірушілердің онлаин өміріне қарап желі қолданушылары оларды бай-бағланның балалары болғандықтан өзге айналысатын істері жоқ екенін айтып мін тағады. Әйтсе де, бұл пікірлерді вайнерлердің өзі теріске шығарады. Себебі, олар өздерінің күнделікті табысын осы ваин-видеолар арқылы тауып, ел қызығатындай деңгейге жеткен. Вайнерлердің жартысынан көбі жарнама арқылы өз жұмыстарын жүргізіп отыр. Мәселен бір ғана «Юфрейм» тобына жарнама беру үшін 1 миллион теңгеңізді қиюыңыз керек. Ал кейбір вайнерлер атағының арқасында киім дүкенін, дөнерхана ашып шағын кәсіпті дөңгелетуде.
Ваин – видео түсіру және осыншама табысқа кенелу, атақ пен ақшаны бір мезетте иелену экранның арғы жағында отырған адамдар үшін оңай іс болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, кез келген видеоны түсіріп, әлеуметтік желіге жариялау арқылы вайнер атана қою екіталай. Байқағанымыздай әзіл араласқан видео түсіру белгілі бір деңгейдегі шығармашалық ізденіс пен қабілетті қажет етеді. Сонда ғана сіздің тауарыңыз тренд тұғырына шығып, өзгелер оны ынта-ықыласымен қарайтын болады.
Жастар арасында үлкен сұранысқа ие бейнероликтерге жоғарыда айтқанымыздай сыни пікірлерде жоқ емес. Десе де, бұл бейнематериалдарды теріске шығарудың да қажеті жоқ. Себебі, әр жанрда ұлттық бейне байқалып тұруы керек. Бұл ұлттық иммунитетті түзеді. Мәселен бізде қазақ тілді ваиндар болмаса, желі қолданушылары өзге тілдегі видеоларды қарайды. Бұл өз кезегінде болмыс-бітімі бөлек елдердің тәрбиесін сіңіруге септігін тигізеді. Сондықтан қазақ тілді вайнерлерді қолдап, интернет иірімінде қазақ контентін шарықтату үшін тырысуымыз керек.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА.