Хиджама – аурудың алдын алу
Хиджама – қан алдыру арқылы ағзаны түрлі аурулардан емдейтін емнің ежелден келе жатқан түрі. Бұл емнің негізінде ағзаны арам қаннан тазартып, соның арқасында қан айналым жүйесін қалыпқа келтіреді. Содан кейін, көптеген ауруларды емдеуге жол ашады. Хиджама жасау кезінде адам бойындағы қан алмасу жақсарып, арам қандар сыртқа шығып, барлық жасушалары жаңарып, ағзаға оттегі мен нәрлі заттар тарайды.
Хижаманы белгілі бір тәжирибесі бар мамандарға жасатқан жөн. Себебі, оның жасау жолдарын білмеген адам керісінше адам денсаулығына зиян келтіреді. Әсіресе, денеден бөлініп шыққан қан адамның ағзасына кетіп қалудан сақтану керек. Хиджама жасауда өзінің денеде арнайы белгілі нүктелері болады. Аурудың бетін қайтару үшін сол нүктелерді айқындау керек. Себебі, кез-келген нүктеден қан алу адамның денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Хиджаманы қай уақытта жасаған дұрыс десек, Алла елшісі пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) Анас (Алла оған разы болсын!) жеткізген хадисінде: «Қан алғызу мен емделуге ең жақсы уақыт – ол айдың 17, 19, 21-ші күндері», – делінеді. Сонымен қатар Ибн Омардың (Алла оған разы болсын!): «Қан алуды ең дұрысы аш қарынға жасау керек. Хиджама есте сақтау қабілетін жақсартады, сана-сезімді айқындайды. Сонымен қатар хиджама туберкулез, простатит, арқа ауруы, қалыпсыз қан қысымы, бас аурулары, иммунитеттің төмендеуі, тамырлардың тарылуы, мойын және иық аурулары, геморрой, бұлшықет аурулары, ревматизм, жүрек аурулары, буын ауруларын емдеуге де көмектеседі.
Қан алдырудың пайдалы екенін әлем елдеріндегі медицина мойындап отыр. Уақытылы қан алдыру арқылы ағза жұмысы жақсарып, дене сергектікті сезінеді. Сондай-ақ, адамның тері ауруларына, қатерлі ісігіне, асқазанға, бүйрекке, көз көруінің нашарлауына, бастың сақинасына, тілдің күрмелуіне, теміреткіге, іштің кебуіне, аяқ-қолдың қан айналымына тағы сол сияқты басқа көптеген ауруларды емдеуге шипалық қасиеті бар.
Хиджаманы қан қысымы төмен, аурудан енді айыққан, әсіресе отадан кейін шыққан адамдарға, қант диабеті, бүйрек ауруына шалдыққандарға, жүктіліктің алғашқы 4 айында жасауға болмайды. Дұрыс жасалмаған хиджаманың арты қатерлі болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта жап-жас адамдардың инфарктен, ми қан айналым бұзылысынан өмірден өтіп жатқанын көріп жүрміз, сол адамдар хиджама жасатып, дерттің алдын алса тиімдірек болады. Енді басталған қан қысымы ауруына бір рет жасатқан хиджаманың өзі керемет нәтиже береді. Ал жылдар бойы ауырып жүрген адамдарға 2-3 рет жасатып отырса, адам ағзасына жақсы әсерін тигізбек.
Ауданда хиджама салып, осы әдіспен айналысып жүрген Ержан Пірімбеттің айтуынша, бұл – гирудотерапияның бір түрі. Бірақ әрбір адамның емдеуде өз әдісі мен артықшылығы бар екендігін айтты. 2011 жылдан бері айналысып келе жатқан маман. Алдағы уақытта кент орталығынан кабинет ашып, осы ісін әрі қарай дамытуға ниетті екенін білдірді.
– Хиджаманы әке-шешеме, ағайын-туыстарға ғана жасап жүрдім. Кейін көрші-қолаңға жасай бастадым. Емнің нәтижесін көргеннен кейін халық қоя ма, үйге келетін болды. Осылайша көпшілікке хиджама жасауды қолға алдым. Хиджаманы қан қысымы жоғары адамдар жиі жасатады. Бұндай кезде алдымен қан қысымын өлшейміз. Егер сол сәтте көтеріліп тұрса, қысым түскенше күтеміз. Себебі қан қысымы тым жоғары болса, қан алдыру кезінде жүрекке салмақ түседі. Қан алдыратын адамның ең алдымен дене тазалығы болуы керек. Уайымдап, сенімсіздік танытып, қорқып тұрған адамнан қан алмаймын. Қандай ауру болмасын ең алдымен дәрігерге қаралуға кеңес беремін. Дәрігердің нақты диагнозынан кейін барып қана қан аламын. Қан алдыру арқылы денедегі артық токсиндерді шығаруға болады. Жалпы хиджама көп ауруға шипа. Белсіздік, бауыр ауруларына шалдыққан науқастар да келеді. Әрбір аурудың өз нүктесі болады. Сол бойынша денеге тілік салынып, қан алынады, — дейді Ержан Пірімбет.
Біздің ата-бабалар да бұл емді қолданып, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Ата-баба ұстанған ем түрінен халық ажырамайды. Қай уақытта да жалғасын таба бермек. Сондықтан дәстүрлі медицина мен халықтық емді қатар пайдалана отырып, халық денсаулығын жақсартуға күш салуымыз қажет. Еліміздің әрбір өңірінде арнайы орталық көптеп ашылып, қызмет көрсетсе, халық адаспайды. Білікті маманның көмегіне жүгініп, нәтижесін көре бермек.
Жұлдызай
Ноғайбайқызы.