Шынайы Шаухаманов
Сейілбек Шаухаманов туралы замандасы облыстық денсаулық сақтау басқармасының меңгерушісі болған Тұрғанбай Маханов, қарамағында аудан басқарған Нәжмәдин Мұсабаев, сенатор Мұрат Бақтиярұлы, Қызылорда облыстық әкімшілігінің қызметкері Ержан Уәйіс пен журналист Жолдасбек Ақсақалұлы, басқа да ғылым докторлары, профессорлар көзі тірісінде де, өмірден озғасын да жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ағынан ақтарылып жазды, ақындар жырларын арнады. Әрине, Сейілбек ағамыз мақаланың ғана емес, романға арқау боларлық кейіпкер.
Кейбірі Шаухамановты әлемдік деңгейдегі тұлғаларға айтылатын феноменге теңеді. Феномен дегеніміз – адам бойындағы жаратушы сыйлаған өмірде сирек кездесетін айрықша құбылыс, таңғаларлық нәрсе (грек сөзі). Несі бар, теңесе теңесін, әркімнің көңілі өзіне патша. Осы теңеумен келісетінімді төмендегі шағын жазбамен білдіргім келіп отыр.
1983 жылдың тамыз айында С.Шаухаманов Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келді. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Голубенко кезектен тыс пленум өткізіп, Шаухамановты бірінші хатшының орынтағына отырғызды.
Сәкең газетке жақсы қарады. Тәрбиелі, тағылымды сөздерін айтты. Өзінің алдындағы хатшылардай, газеттен мін іздемей, ескерту жасамады. Өзінің алдындағыдай деп отырғаным, осы өзгеріс болардан сәл бұрын «Нәрсе» деген новелла жазамыз деп бүкіл редакция партиядан шығып, жұмыстан босап кете жаздағанбыз. Бұл әдеби шығарманың оқиғасы: бір бойжеткен некесіз туған сәбиін перзентхананың әжетханасына тастап кетеді. Ақ халаттылар оны қамқорлығына алып, ем жасайды. Бас дәрігер сұрап келген бір әйелге бермекші болып, кейін сөзінде тұрмай өзге біреуге сатып жібереді... Новелла авторы Мәрия Жұматова (жайы жаннатта болсын) алданған әйелдің сезімін, ақталмаған сенімін қаз-қалпында жеткізеді. Редакция сол кездің өзінде-ақ ата салтымызға жат қылық жайында мәселе көтерді. Оны аупартком басшылығы қолдамады...
Одан бұрынырақта газет редакторының орынбасары, ақын Қанапия Дәрібаев:
«Соғыс әлі біткен жоқ, тоқтаған жоқ,
Тоқтаған жоқ, соғып тұр от-боран боп.
Анасынан айырылып жылаған көп,
Баласынан айырылып жоқтаған көп...» – деп әлемде (Въетнамда) толас таппаған соғыс туралы өлең жазып, ол үшін де «жазамызды» алғанбыз.
Жаңадан келген бірінші хатшы З.Жайлыбаев пен мені (ол кезде редактордың орынбасары болатынмын) өзіне шақырып алып: «Сын мақаланы жиі беріңдер. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген ғой, жетістігімізді ешкім тартып алмайды, ал кемшілігімізді бетке басып айтады. Мына орынбасарың (мені иегімен көрсетіп) аупарткомның жиналысынан қалмасын. Сыналған шаруашылықтар мен мекемелердің тізімін алып, солар кемшіліктен қорытынды шығарды ма, жоқ па соны жазатын болсын. Аудандық партия комитеті газетке шыққан әрбір сын мақаланы бюро мәжілісінде қарап, талқылап, тиісті шара көріп отыратын болады. Осылайша бірлесіп жұмыс жүргізейік», – деді. Бірінші хатшының бұл ойы газетке де, шаруашылық басшыларына да абырой әкелді. Үнемі сыннан көз ашпай жүрген төрағалар мен директорлар құлшына еңбек етті. Бұрынғыдай бюрода сүмірейіп тұрмайтын болды. Газеттің мерейі өсті, таралымы артты. Газет қызметкерлері келсе, бұрынғыдай тілші деп қарамай, журналист деп құрмет көрсетті. Алдында құрақ ұшып жүрді.
С.Шаухаманов әдебиетке жаны құмар, өзі де әдебиетші еді. Бірнеше кітабы бар. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сейілбек ағаның феномендік қасиетіне қатысты тағы бір оқиға есіме түсіп отыр.
1984 жылдың желтоқсан айында Алматыға қызметке ауысудың реті келді. Қызмет табылғанымен, жұмыстан шығу оңайға түспедi. Аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Сейiлбек Шаухаманов: «Аудандық газет редакторының орынбасары – аудандағы белгiлi фигура, ойыншық емес. Келем десе келiп, кетем десе кете бермейдi. Күнi бұрын айтып, ақылдасу керек едi. Аяқ-астынан босата алмаймын. Оны бюро шешедi», – дедi. Күн сенбi болатын. Аупарткомның ғимаратында жөндеу жұмыстары жүрiп жатқандықтан бюро мәжiлiсi ауылшаруашылық басқармасында өткiзiлдi. Газет редакторы Зәкiм Жайлыбаев мәселенiң мән-жайымен бюро мүшелерiн таныстырды. Бiрiншi хатшы жоғарыдағы сөзiн тағы да қайталай келiп, «Аупарткомға жұмысқа алып, қызметiңдi өсiремiз. Неге кетесiң?» – деп, кеткенiмдi қаламайтын сыңай танытты. Өзге бюро мүшелерiнде үн жоқ. «Олай болса, карточкасына жазып, сөгіс берейік. Неге ол аупарткомға алдын ала ескертпейді? Көрейік сосын оны кім сөгісімен қызметке алатынын», – деп аупарткомның бюро мүшесі әрі ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Санаубаев ағамыз шүйлікті. Iс насырға шауып кетеме ме деп қипақтай бастадым. Осы сәтте аупарткомның төрағасы Әзiмхан Исмаиылов (жаны жәннатта болсын) әңгiмеге араласып: «Сәрсенбектi жiбергiмiз келмейтiнi рас. Бiрақ мақсатына тосқауыл болмайық», – дедi. Осы сөзден кейін бірінші хатшының қарқыны бәсеңдеді. Әңгімеге үшінші хатшы Қален Әбдешов араласып, менің шығармашылығымның ешкімдікінен кем еместігін, әдеби ортадан жырақта болған соң көріне алмай, кітап шығара алмай жүргенімді айтты.
Мiне, содан берi арада аттай 35 жыл өттi. Аупарткомның бiрiншi хатшысы Сейiлбек Шаухаманов ағамыздың өткiзген сол бюро мәжiлiсi маған үлкен сабақ әрi үлкен құрмет болды. Республикалық, халықаралық, облыстық, қалалық ақпарат құралдарында қызмет атқара жүрiп, сол мәжiлiсте айтылған талап-тiлектердi жадымнан шығарған емеспiн. Қайда болса да, Шиелiнiң атына кiр келтiрмеуге тырысып келемiн. «Жақсыдан шарапат» деген осы болса керек.
С.Шаухамановтың тағы бір феномені дегенде, осыларды айтқым келіп еді.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі.