Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен өткен ғұмыр

Еңбекпен өткен ғұмыр


Газеттің бұған дейінгі сандарының бірінде Нұрболат Садуақасұлының «Керегеміз ағаш, Ұранымыз алаш екенін ұмытпайық» атты мақаласы шыққан еді. Мақаланы оқып отырып өмірден өтіп кеткен әке-шешемді есіме алдым. Қазақтың киіз үйімен байланысты «Босағаң берік болсын! Керегең кең болсын! Шаңырағың шайқалмасын!» секілді бата-тілектерді күнделікті тіршілікте жиі қолданамыз. Жас отбасыға енші берсе де «Жас отауың құтты болсын» деген тілек айтылады. Мақала авторы сол ағаш үйдің өмірден ысырылып бара жатқанына алаңдаулы.

Әкем қарапайым колхозшы, шаруа кісі болатын. Бірде жұмыста аяғын сындырып, еңбекке жарамсыз болып, үй шаруашылығымен айналысты. Есік алдындағы жер бос жатпайтын. Жүзім, алма, түрлі жемістер, қауын-қарбыз егілетін. Келіндері «мичурин қайын аға», балалары «бағбан ата» дейтін. Шаруашылықта еңбек етіп жүргенінде егіншілердің басы қосылған үлкен жиында әкемнің қазақтың белгілі ақыны Асқар Тоқмағамбетовпен айтысқаны туралы үлкендер көп айтатын. Бірақ біз бала кезімізде айтысты түсінбедік, көрмедік. Әдебиеттерден ғана оқитынбыз. Қазір сол кезде түсінсем ең болмағанда екі шумағын жаттап алар едім-ау деп ойланамын. Әкем домбыра алып сахнада айтыспаса да, жиын-тойларда сөз қағыстырған. Соған қарағанда асқар тауымның қарапайым көптің бірі болмағанын шамалаймын.
Мен мектеп бітіргеннен кейін ауыл орталығынан сауын фермасына көшіп бардық. Үкіметтің шағын киіз үйін тіктік. Үйдің ағашы қарағайдан жеңіл етіліп жасалған. Әкем киіз үй жасаушылардан үйренген болуы керек. Кез келген ағаш жарамайды деп, Сыр талын теріп шапты. Сол ағаштарды ат арбамен тасыды. Біз көмектесіп жүрдік. Ағаш дайын болды-ау дегенде құрал-саймандарды дайындап, пеш соқты. Әрбір ағашты жонып, сүргімен сүргіледі. Дайындаған ағашын от жаққан пешке тезге салып, беліне қайыс белбеу буып алып, өз ыңғайына қарай иді. Иіп болған соң бізбен қыздырған ағашты біртіндеп кереге уықтарды тесті. Оған да көп күш керек болды. Ал қазір оларды электр қуатымен жасауға болатын шығар. Ол кезде ондай құрал дамымаған. Дайындаған тезден өткізген керегенің ағашын түйенің мойын терісінен таспа тіліп, керегелерді жалғады. Миллиметр ауыспай дәл керу керек. 6 қанат үйді жасау үшін 120 керегенің басы, 120 уық, шаңырағының уық кіріп тұратын 120 ұяшығы болу керек. Бұл сол кезде әкемнің жанында көмектесіп жүргенімде есімде қалыпты. Шаңырағы мен есігін керегенің көлеміне қарай жасады. Бәрін бітіріп, қызыл сырмен сырлады. Ол киіз үйге еден жасады. Әуелі еденнің ағашын тиісті жерге орналастырып, сосын тігетін.
Шешемнің жұмысы одан да көп болды. Қолынан ұршығы түспейтін. Иірген жіптерін түрлі бояумен бояп, қошқар мүйіз салып, өрмек тоқыды.Туырлыққа 20 шақты бөлек ақ жүннен киіз басып, пішіп, үйдің киізін тікті. Ол да үлкен жұмыс. Пішілген киізді тігу де өнер. Оған түйенің шудасын иіріп пайдаланды. Туырлықтың қосылатын жерлеріне де жүннен есіп, алақұрттап, әрлеп тікті. Түңлікке де, үйдің есігіне де ерекше мән берілді.Тоқылған өрнектердің аттары басқұр, жолбау, аяқбау деп ерекшеліктеріне қарай аталатын.
Қазір ешкінің қылын біреулер азын-аулақ ақша беріп алып кетеді. Ал ол кезде шешелеріміз ешкінің қылын есіп, үйдің сыртынан (туырлықтың) бел арқан жасайтын. Түңліктің төрт бауын да қылдан есетін. Ешкінің қылынан есілген арқан жіптер шынжырдай мықты болатын. Қауға жіп те, малдың бас жіптері де, шөп таситын құлаш-құлаш арқан да солай жасалушы еді.
Ши деген шөптің де кез келген жерге шыға бермейтінін сол кезде білдім. Оны шаппай, ормай өзінің әдісімен суырып алады екен. Қабығын ашып, тазалаған шиді боялған түрлі жүнмен орадық. Бәрі санаулы. Иірілген жіптен дайындалған ағашқа ауыртпалық байлап тоқылған. Бас-аяғы бірдей етіп, екі шетінен өрнек салып тоқыдық. Жүннен оралған шиді шатыр гүл салып тоқып, керегенің сыртынан ораса, үйге кілем тұтқандай жанып кетеді. Ақ шиді де солай тоқып, оны туырлықтың сыртынан ораса жалпылдамайды екен. Әрине бұлардың бәрі айтуға, жазуға ғана оңай болғанымен жасалуының қиындығы көп.
Менің жазып отырғанымды әке-шешелерінің көзін көрген замандастар біледі. Қазір қойдың жүнін игере алмай тонналап өртеп жатқынын көріп те, естіп те жүрміз. Оны бұлай ысырап қылмаудың жолын қарастыру қажет. Мәселен нарықта киіз үйдің бағасы шарықтап тұр. Мүмкін қолынан іс келетіндер қазақтың киелі осы бір баспанасын жасайтын кәсіп ашса, сол жүндер игеріліп, халықтың игілігіне пайдаланылар еді. Жұмыссыз жүрген қыз-келіншектер кілем-өрмек тоқуды үйреніп алып, қызығып, қызу еңбекке араласар еді.

Шырынкүл Селбесінова,
Ақмая ауылы.
25 мамыр 2019 ж. 660 0