Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақтандыру және сапалы қызмет

Сақтандыру және сапалы қызмет



Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғайтын мемлекеттік жүйе. Бұл жүйе Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарға жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жеріне және табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекке тең қолжетімділікті жасауға кепілдік береді.
Еліміз озық елдердің тәжірибелерін ескере келе, Елбасының «100 нақты қадам» институционалдық реформасының 80-қадамын жүзеге асыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген болатын. Бұл жүйе жұмыс беруші мен азаматтар арасындағы ортақ жауапкершілік принципі бойынша жұмыс істейді. Себебі экономика қанша дамыса да бүкіл денсаулық сақтау саласының мәселелерін бюджеттің мойнына іліп, жауапкершілікті үкіметке қаратып қоюға болмайды. Өйткені азаматтардың денсаулығы тек медицинаға ғана байланысты емес. Ол азаматтардың өмір сүру салтына, жұмыс істейтін жеріне және әр адамның жеке жауапкершілігіне тәуелді.
Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа көптеген ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Ендігі жерде бұл мәселеге мемлекет және жұмыс беруші де белсенді түрде араласпақ. Мысалы, сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлеп отырады, ал жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз адамдар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Сондай-ақ, еңбеккер азаматтар өз жалақыларынан мақсатты салымдар аударады. Бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді.
Міндетті медициналық сақтандыруды екіге бөліп қарастырар болсақ, оның біріншісі – негізгі сақтандыру түрі. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің бірнеше түрін алады. Мысалы, жедел жәрдем қызметін, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайда көмек көрсетуді және алдын алу шараларына қатысты екпелерді өз міндетіне алады. Ал екінші түрі – міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қаржыландырылатын сақтандыру. Бұл негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын сақтандыру болады. Оған амбулаторлық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Сақтандырудың осы түрі міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін қолжетімді болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға 2020 жылға дейін амбулаторлық-емханалық қызметті бюджет есебінен тегін көрсету де қарастырылған. Сондай-ақ, заңға сәйкес азаматтар жеке басына арналған, өз қаражаты негізінде немесе жұмыс берушінің қаражатына жасалатын сақтандыру түрлерін де жасай алады.
Мемлекет заңға сәйкес халықтың бірнеше топтары үшін үлкен жеңілдіктер жасап отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы. Яғни қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналар мен ҰОС ардагерлері және мүгедектерге мемлекет тарапынан төлемдер жасалады. Сонымен қатар жұмыссыз жүкті әйелдер мен зейнеткерлер және жұмыссыз ретінде тіркелген т.б. азаматтарға да жеңілдіктер қарастырылған. Айта кету керек, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі қорға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы, жарна уақытылы әрі үнемі төленіп тұрса болғаны.
Жүйеге қатысты жауапты болып бекітілген Нұрлан Әмірдің айтуынша аудан бойынша биылғы жылдың бірінші тоқсанында 4 млн 297 мың 576 теңге жарна жиналған. Ал өзектендіруді қажет ететін 11 105 адамның 7997 өзектендіріліп 72 % орындалғандығын алға тартты. Осыған сәйкес әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналар мен аударымдар 5 түрлі форматпен жүргізіледі. Олар әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға мемлекеттің жарнасы, жұмыс берушінің әрбір жұмысшыға аударатын аударымдары, жұмыскерлер жарналары, жеке кәсіпкерлер жарналары және белсенді емес тұрғындар қарастырылған.
Бір жағынан осы жүйе арқылы жекеменшік ауруханалар мен мемлекеттік ауруханалар арасында бәсекелестік орнайтыны рас. Себебі, медициналық сақтандыруы бар азамат медициналық мекемені таңдай алады. Тек сол мекеме МӘМС жүйесінде жұмыс жасауы қажет. Осы арқылы жекеменшік ауруханалардың қызмет көрсетуі қалай болса, өзіне емделушілердің келуі үшін мемлекеттік ауруханалар да қызмет сапасын арттыратын болады.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
21 мамыр 2019 ж. 677 0