Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақтияр айтқан ән жақсы

Бақтияр айтқан ән жақсы



Қажымас қара нарым,
Кең байтақ даналарым.
Күнім деп еркелетер,
Аман бол, ағаларым.
Кімнің есінде? Ғаламтордың не екенін білмейтін балғын балалық шағы өткен, ғасырдың аяғымен тұспа-тұс келген бүгінгі аға буынның барлығы білетін болар. Ол кезде қазіргідей теледидарды қоссаң қаптаған арна жоқ. Тек «Қазақстан» мен ресейлік телеарна ғана көрсетіледі. Сол сәттерде арнадан үзбей беріліп отыратын, өз заманының «хитіне» айналған Бақтияр Тайлақбаевтың осы бір «Аман бол, ағаларым» әні көпшіліктің жадынан өше қойған жоқ.
Өткен апта соңында аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Бақтияр Тайлақбаевтың есеп беру ән кеші өтті. Концерттік шарада өнер қайраткерінің жаңа әндері тыңдармандарына ұсынылып, жырдан шашу шашылды.
Жерлесіміз Б.Тайлақбаев қазіргі таңда «Алматы әуендері» мемлекеттік мекемесінің көркемдік жетекшісі. Әлем­нің бірнеше мемлекетінде өткен ән байқауларының жеңімпазы.
Әлемді әнімен қатар даусымен де таңдай қақтырған Бақтияр Тайлақбаевтың бүгінде өнер саласында жүргеніне 40 жыл. Кезінде, «Ауылға», «Аман бол, ағаларым», «Кекілді қыз» сынды әндерімен халыққа танылған өнер жұлдызы есеп беру концертін Тараз қаласынан бастап елдің түпкір-түпкірінде өткізіп келеді. Кешке жиылған қауым әншіні сағынып қалғандай. Қол соғып, қошемет білдіріп, әншіге деген ыстық ықыластарын жеткізді. Кеш қонағы ретінде танымал әншілер Абай Бегей мен Асхат Тарғын әуезді әннен шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ.
21 мамыр 2019 ж. 1 223 0