Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 10 жастағы елордалық "шыны" қызға ата-анасы қол ұшын тигізуге қорқады

10 жастағы елордалық "шыны" қызға ата-анасы қол ұшын тигізуге қорқады

Мектепке барып, аяқтарына тұрып кетуді армандайтын Аружан Оразбекованың анасы қыздың қазір қандай емдік әдіспен емделіп жатқанын, қазақстандықтардан қандай көмек керектігін айтып берді,  деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі. 


Өмірге деген махаббатын жоғалтпаған, арманы асқақ Аружан Оразбекова айқын мақсатына жетуі үшін "шыны" қыздан денсаулығы мықты аруға "айналуы тиіс". Бір жасқа толған кезінен-ақ жетілмеген остеогенез дертінің кесірінен сүйектері сырқырап, сына бастаған кейіпкерімізге шетелдік дәрігерлер 8 миллион теңгеге ота жасауға дайын.
10 жастағы қызы үшін жанын беретін ата-анасы отаның құнын толығымен төлеп тастауға әзір еді. Бірақ бұдан бөлек, тұрмыс жағынан бірнеше қиындықтар пайда болып, жұмыссыз қалғаннан кейін халықтың көмегіне жүгінуді жөн көрген екен. Көмек сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмаған ана қызының өміріне бей-жай қарамауды өтінеді.
"Қызым туылғанда ешқандай ауру белгілері болған жоқ. Басқа балалар секілді сап-сау өсіп келе жатқан. Бірақ бір жасқа толғаны сол-ақ еді, аяғы сынып, уайым туғызды. Бір сынған аяқ кейін қайтадан үш рет сынды. Сүйектің неліктен қайта-қайта сынып кете беретінін анықтау үшін дәрігерлер бізді Семейден Нұр-Сұлтанға тексерілуге жіберді.
Елордада "Ана мен бала" орталығына келіп, тексерілуден өттік. Сол жерде жетілмеген остеогенез дертіне шалдыққанымызды білдік. Қызымызды емдеп жазу үшін отбасымызбен бас қалаға қоныс аудардық. Аружан ол кезде бар болғаны бір жарым жаста еді. Бір жасынан бастап үш жасына дейін сүйектері шамамен қырық рет сынған шығар", — дейді анасы Гүлзира Оразбекова. 

Аружанның анасының сөзінше, қазақстандық дәрігерлер кішкентай қызға көмектесетін емдік әдістерді ұсына алмаған. Басында мамандар Аружанды елімізде емдеп жазуға болатынын айтып, үміт берген көрінеді. Алайда, баласының денсаулығында ешқандай өзгерістерді байқамаған ата-ана қызды Мәскеуде орналасқан Еуропалық ауруханада емдету туралы шешім шығарған екен. 
"Баланың сүйектері араға ай салмай жатып қайта-қайта сына берді. Сол уақытта қызымызды қолымызға алып, ұстауымыздың өзі мұң еді. Әрқайсымыз кесіріміз тие ме деумен қол ұшымызды тигізуге қорқып жүрдік. Сосын Мәскеу қаласында осындай орталықтың бар екенін біліп, ол жерде қазақстандық балалардың емделетінін естігеннен кейін, біз де шипа іздеп, көрші елге аттандық. 2013 жылдан бері Аружанды сол жерде емдетіп жүрміз.

Әрбір төрт ай сайын ақылы түрде 1 миллион 200 мың теңгеден ем қабылдаймыз. Емнің арқасында қызымның сүйектері қатайды. Ал өткен жылдың қараша айында бізге  толығымен жазылып, жүгіріп кетуге мүмкіндік беретін отаны жасатуға шақырту келді. Жасырып не керек, осы отаның ақшасын төлеп тастауға жағдайымыз жетпейді.
Ата-ана болған соң, баланың өміріне алаңдайсыз, сары уайымға салынасыз. Уайымдап жүріп мен мидың қатерлі ісігіне шалдықтым, екінші топтағы мүгедек жандардың қатарында бармын. Отбасымыздың жалғыз асыраушысы күйеуім де құрылыста жұмыс істеп өкпе ауруымен ауырып қалды. Оған ота жасаған дәрігерлер үш ай бойы жұмыс істемеуге кеңес берді. Ал миыма екі рет ота жасатып, төзгісіз бас ауруынан қиналып жүрген мен үйдегі қызымды тастап жұмысқа шығып кете алмаймын.

Оның үстіне, денсаулығым мүлдем нашарлап кеткен. Біз осы уақытқа дейін ешкімнен материалды жағынан көмек сұрамадық. Басымызға ауыр іс түссе де, өз күшімізбен қиындықты жеңіп шығамыз. Өзімізді бақытты жандармыз деп есептеймін. Балаларымызды мейірім мен махаббатқа бөлеп, өсіріп жатырмыз. Қазір бізде бірде-бір табыс көзі болмағандықтан Аружанның отасына ақша жинауға ақ пейілді жандар атсалысса екен", — дейді қазақстандық әйел.
Гүлзира Оразбекованың айтуынша, жиналған соммаға Еуропалық орталықтың дәрігерлері "шыны" балалар үшін жасалатын телескоптық штифті  қыздың сүйегіне салып береді. Телескоптық штифт өмірбақи сүйектің ішінде қалып, тірек болып, сүйекпен бірге өсіп кетеді. Аружанға ешкімге тәуелді болмай, өз өмірімен еркін өмір сүруге мүмкіндік береді.
Кішкентай қыз осы отаның сәтті жасалуын жан-жүрегімен қалап, тезірек аяғына тұрып, жүгіріп кетуді армандайды. Мектепке өз аяқтарымен бара алатын күнді тағатсыздана күтеді. 
Дәрігерлер болса отаны тез арада жасатуға кеңес береді. Себебі, уақыт өткен сайын сүйектерінің ішіндегі жілік майына зақым келеді екен.
"Қызымызды аяққа тұрғызу арманымыз. Бірінші кезекте баламыздың арманы. Күнде қашан жүріп кететінін сұрайды. Тілге, қолөнерге деген құлшынысы мықты. Қазір ол үйде отырып оқыту бағдарламасымен білім алып жүр. Оқу озаты. Үшінші сыныпты да беспен бітіріп отыр. Әйтсе де, менің ойымша, үйде оқыту бағдарламасының сағаты аз, мектепке барып оқығанға жетпейді.
Сондықтан қызымызды тез арада білім шаңырағына бергіміз келеді. Аружан мектепте, сосын шетелде білім алуды армандайды. Өз күшімен ағылшын, түрік, орыс тілдерін үйреніп алған. Ол ешқашан мойыған емес, барлық балалармен, адамдармен тез тіл табысады. Болашақта қызымның Қазақстанның мақтан тұтар азаматы болатынына сенемін. Қызым сондай алғыр, білімді, мейірімді. Алла Тағалаға маған осындай зерек, дара баланы сыйлағанына алғыс айтамын", — дейді анасы. 

Қазақтың кішкентай ғана қызы басына түскен істі сынақ деп түсініп, өмірге позитивті көзқараспен қарайды. Ата-анасы көрсеткен қолдаудың арқасында жарқын болашаққа деген үмітін үзбейді. 
Денсаулығындағы кінәратына қарамастан қатарластарының алды болуға ұмтылып, отбасын жетістіктерімен қуантып жүрген он жастағы Аружан өз дертінен жазылып кететініне кәміл сенеді.
Бала арманының орындалуына себепкер болып, өмірінің жақсаруына өз үлесіңізді қосқыңыз келсе көмекті ақшалай түрде төменде көрсетілген реквизиттерге аудара аласыз. 
Халық банк:
4402 5735 4335 5541
Каспий Gold: 5169 4931 2917 6338 
ЖСН: 760827402541
Анасы Гүлзира Оразбекованың нөмірі: 8 775 650  7639
20 мамыр 2019 ж. 791 0