ШЫНЫБЕКОВ ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚ
48-атқыштар дивизиясының атақты мергені шиелілік Дүйсенбай Шыныбеков
туралы не білеміз?
«Қаһарман қала» Ленинградты жау қоршауынан азат ету жолындағы шайқасқа қазақстандық әскери құрамалардың үштен бір бөлігі қатысқаны тарихтан мәлім. 900 күн мен түнге ұласқан кескілескен соғыста неміс басқыншыларына қарсы тұрған қазақстандықтар көзсіз ерлік көрсетті. Үстіміздегі жылы ленинградтықтардың қоршаудан азат етілгеніне 75 жыл толды. Әскери және қоғамдық ұйымдар бұл ерекше күнді атап өтті.
Қаһарман қаланы азат ету жолындағы қиян-кескі ұрысқа қатысқан қазақстандықтардың ішінде 48-атқыштар дивизиясының атақты мергені шиелілік Дүйсенбай Шыныбеков те бар еді. Бүкіл атқыштар дивизиясын таң қалдырған Дүйсенбай Шыныбеков кім?
2000 жылы жарық көрген «Шежірелі Шиелі» кітабында: «Дүйсенбай Шыныбеков – Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, Кеңес Одағының Батыры» деп жазылыпты (142 бет). Ал «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында» деген ресми деректе: «Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі Ленинград түбінде соғысты. Ораниенбаум алғы шебінде 48-атқыштар дивизиясының атақты мергені Дүйсенбай Шыныбеков ерлікпен шайқасып, 174 немістің көзін жойды...» деп көрсетіліпті.
Дивизияның үздік мергендері: 69 неміс солдаты мен офицерін құртқан ленинградтық Василий Татьяничев пен 174 гитлерші басқыншының көзін жойған Шиелі тумасы Дүйсенбай Шыныбеков.
(«Ленинградская правда» газетінің
материалдарынан, №228.
26.09.1943 ж.)
Екі дерек екі түрлі сыр шертеді. Қайсысына сенеміз? Тағы деректер іздестірдік. Жерлесіміз батыр болып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Қалай бұрын білмегенбіз? Тарихи мәліметке жүгінсек, Шиелі ауданы бойынша Ұлы Отан соғысына 5909 адам аттанған, олардың елге оралғаны 1862, қаза тапқаны 2268, хабарсыз кеткені 1379 адам екен. екі жүзден астам шиелілік түрлі ордендермен және медальдармен марапатталыпты. Бір Кеңес Одағының Батыры шығыпты. Ол – генерал-лейтенант Георгий Никитович Ковтунов.
Ресейде туғанмен ата-анасымен бірге Шиеліге көшіп келіп, орта мектепті осы жерде бітірген.
Шыныбековтың марапаттау парақшасынан
«Шыныбеков жолдас 1941 жылдан бастап полкте қызмет ете жүріп, полктің белсенді қорғанысы кезінде өзінің мергендік винтовкасымен 172 гитлерлік солдат пен офицердің көзін жойды. 13.03.1944 жылы Эстон КСР-нің Нарва ауданындағы Соскюла мекенінде болған шайқаста 37,2 биіктікте өз минометтерін шебер пайдаланып, жаудың қарсы шабуылына тойтарыс беру арқылы үлкен ерлік көрсетті. Жаудың бір станокты пулеметін және гитлерлік 20 автоматшының көзін жойды.
Қазіргі уақытта үлкен практикалық және жауынгерлік тәжірибесін пайдалана отырып, жаңадан келген жауынгерлерді ұдайы оқытып, жеке құрамды алдағы шабуылға дайындап жүр. Нәтижесінде взвод жауынгерлік және саяси дайындық жөнінен ротадағы үздік взвод атануда.
Өз бөлімшесін ұрыста үздік басқарып жүрген, алдағы шабуыл әрекеттеріне дайындығы мол, жеке батылдығы, батырлығы, тапқырлығы және әскери шеберлігі өзгелерге үлгі болған Шыныбеков жолдас үкіметтік награда – «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталуға әбден лайық...»
Дүйсенбай Шыныбеков 165 фашисті жер жастандырды
«Біздің бөлімшеде қазақ халқының даңқты ұлы минометші Дүйсенбай Шыныбеков ерлікпен шайқасып жүр. Аға сержант болып жүріп роталық миноменттен 97 басқыншыны, бақылау пунктін, ас үй, мотоцикл, екі арбаны қиратып, жаудың 20-ға жуық атыс бекінісін жермен жексен етті. Немістерді тек минамен ғана емес, оқпен де сұлатты. Шыныбеков ерлікпен қаза тапқан жерлесі, атақты мерген Какашкур Жүсіповтың винтовкасын қабылдап алды.
– Менің қолым ауыр. Мен қаза тапқан жауынгер досымның кегін зұлым жаудан алмай қоймаймын, – деді Шыныбеков.
Қысқа уақыт ішінде ол мерген винтовкасымен 68 немісті жер құштырды. Енді оның мергендік есебіндегі фашистің саны 165-ке жетті. Ол «Ерлігі үшін»медалімен марапатталды.
Шыныбеков соңғы күндері тағы да оннан астам немісті көрге кіргізді».
Б. КОНОПЛЕВ,
«На страже Родины» газеті.
25.09.1942 жыл.
Мерген Дүйсенбай
Шыныбеков
...Ол ажалмен талай мәрте бетбе-бет келді. Жаудың дәл көздеген оғының да астында қалды... Оқ пен оқ жарықшақтарынан еш жеріне зақым келтірмей, командирдің «өзіңді сақта» деген бұйрығын есіне ала отырып, соғыстан аман шығып отырды. Бірде ол минометтен оқ жаудырды. Жау да жауап беріп үлгерді. Миналар қасына келіп жарылып жатты. Жолдасын оқ жарықшақтары мерт етті. Дүйсенбайдың өзін жарылыс толқыны шетке лақтырып тастады. Омыртқалары түгелдей езіліп кеткен секілді. Арқасы алдырмады. Ол дереу есін жиып, аяғынан тұрып:
– Орындарыңды ауыстырыңдар! – деп бұйрық берді.
Олар бес секунтта орындарын, минометтерін ауыстырып үлгерді. Осыны күтіп тұрғандай, жау минометтері оқты қарша боратты. Бірақ олардың оғы бос топырақты бұрқылдатып жатты. Дүйсенбайлардың жаңа орыннан атқан оқтары жаудың дәл төбесінен түсті. Алғашқы оқтан-ақ неміс миноментінің үні мергенімен бірге өшті.
...Күндер, айлар жылжып өтіп жатты. Бірнеше ай өтті. Ақын Жамбылға Дүйсенбай хат жазды: «Данышпан, Жамбыл! Дүйсенбай Шыныбеков 172 немісті жайратты. Ленинград туралы өлең жазуыңды өтінемін. Сенің өршіл үнің Қаратаудан да биікке шырқасын. Сенің отты да жалынды сөздерің Сырдарияның толқынынан да тасқынды болсын. Ал ойың – қазақтың байтақ даласынан да кең болсын. Өз жырыңды, Жамбыл, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалінің мағынасындай ереуілді сөздермен бастап, менің жүрегімдегі дертті де сертті сөз – «Жеңіс үшін!» деген ұранмен аяқтағайсың!»
Аға лейтенант П. Бапкиннің
мақаласынан үзінді.
Көп ұзамай Жамбылдан жауап хат келеді. Дүйсенбай бұл хатты барлық жауынгерлерге оқып береді. Жыр алыбының жан тебіренткен жалынды жыры майданды аралап кетті. Бұл туралы ленинградтық аға лейтенант А.Тарчаковтың Ұлы Жеңістің 20 жылдығына орай Қазақстанның аға газетінде басылған «Кітапта айтылмаған деректер» деген мақаласында жазылған. («Социалистік Қазақстан» 1965 жылдың 14 мамыры)
Кейіпкер жайында қысқаша дерек
Дүйсенбай Шыныбеков – 1920 жылы Шиелі ауданының Ақтоған бөлімшесінде өмірге келген. 1940 жылы Қызылорда медицина училищесінің үшінші курсында оқып жүргенде әскер қатарына алынып, Таллин қаласындағы мергендер даярлайтын мектепті бітіреді. Жиырма бір жасында соғыс басталып, Ленинград бағытында шайқасады. Соғысып жүріп мергендікті меңгереді. Ленинградты қорғауға қатысады. Екінің бірі жасай алмайтын үлкен ерлік көрсетіп, 174 фашисті жер жастандырады. «Қызыл жұлдыз» орденін, бірнеше әскери медальды кеудесіне тағады. 1944 жылдың 27 шілдесінде Эстония жерін жаудан азат ету кезінде – Нарва қаласы үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапты. Жиырмадан енді асқанда майданға аттанып, 24 жасқа иек артқан шағында ерлікпен қаза тапқан батыр жерлесіміздің соңында отқа оранған өмірбаяны ғана қалды...
Міне, шиелілік Дүйсенбай Шыныбеков жайындағы шындық осындай. 174 фашисті жер жастандырған 148-атқыштар дивизиясының аты аңызға айналған атақты мергені Дүйсенбай Шыныбековты батыр деуге әбден болады...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер
одағының мүшесі, Қазақ журналистикасының
қайраткері, Қазақстанның «Құрметті»
журналисі.