Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ


Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен аталарымыздың ерлігі жайлы тек 9 мамырда ғана емес, күнде айтсақ та артық емес. 1941 жылы 22 маусымда неміс әскерлері еш ескертусіз, арнайы жасалған келісімді бұзып тұтқиылдан шабуыл жасады. Бүгін сол қанды шайқаста ерлік көрсеткен аталарымыздың ерлігіне тағзым ретінде Қазақстан журналистер Одағының және Халықаралық Жазушылар Одақтарының мүшесі Рысбай Кәрімовтің «Ржев қазанында қайнағандар» кітабының тұсаукесері өтті. Кітапта Ұлы Отан соғысындағы қазақтардан жасақталған 101-ші дербес ұлттық атқыштар (ДҰА) бригадасының ерлік жорықтары баяндалады. Сонымен қатар, кітапқа бұрын еш жерде жарияланбаған құпия құжаттар мен деректер арқау болған. 
Рысбай Кәрімұлы кітап турасында керемет баяндамасын жасап, жастарды жігерлендіріп, тарихи деректерді баяндады. 

1941ж. 20 қарашасында КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен кітапқа арқау болған №100,101-ші дербес атқыштар бригадалары құрылады. Оның құрамында алғашқы жылдары 18-25 жас аралығындағы 600-ден аса қызылордалық жауынгерлер болды. Қазақтардың үлесі 80% құраған.101-ші ДҰАБ Хакім Бекішев, капитан Шаяхмет Хазияметов, капитан Муса Сәдібеков, аға лейтенант Төлеген Алшынбаев сынды ержүрек командирлер басқарды. Ржев шайқасы – адамзат тарихындағыең бір қанға толы, қатыгез соғыс болған. Немістер осы қаланы 1941 ж. 14 қазанында басып алып, 14 ай бойы оккупациялаған болатын. 5000 жауынгердің 744-і қаза болып, 313-белгісіз жоғалып кеткен, 2544-і түрлі деңгейдегі жарақаттар алған. Автор «Ржев аңғары», «Ржев асуы», «Ржев қазаны», «Марс операциясындағы» шайқастарына қатысқан жауынгерлердің көзсіз ерліктерін тарихи деректермен сипаттайды. Оқысаңыз керемет әсер алып, ата-баба ерлігіне куә болып, кеудеңізді мақтаныш сезімі кернейтіні анық. 
Шараға жоғарыда аты аталған батыр аталарымыздың ұрпақтары келді. Естеліктер айтып, ұйымдастырушылар мен кітап авторына алғыстарын білдірді. Тарихшылар тарихи деректермен бөлісті.
Рухани Жаңғыру Орталығы
22 маусым 2018 ж. 2 312 0