Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "Бәрібір кешірмес": Қазақ сарбазы якут қызына үйленіп, екі баласымен тастап кеткен

"Бәрібір кешірмес": Қазақ сарбазы якут қызына үйленіп, екі баласымен тастап кеткен

Қазақ сарбазы 22 жасында әскерде жүріп, якут қызына үйленіп алған. Алайда, елге оралған соң ол екінші рет шақырақ көтеріп, үш қыз, үш ұлдың әкесі атаныпты. Бүгінде 78 жасқе келген қарияның якутиялық келіншектен туған екі ұлы да елуді еңсерген екен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.   


22 жасында әскерге шақырылған Тоқтасын сонау солтүстіктегі Якутия елінен бір-ақ шығады.
Әскери борышты өтеу ол кезде үш жыл болғандықтан, бірнеше күндік демалыстар беріліп тұрған. Кезекті демалыстың бірінде қазақ жігіті жергілікті якут қызымен танысады.
"Алғашқы кездесуде қыз қашқалақтап, "көнбеді". Екінші жолы тәуекел деп үйленетімді айттым, "болдық", таза болып шықты. Ол менен бес жас кіші еді.
Бір аптадан кейін командир шақырған соң барсам, қыздың әпкесі отыр. Сонымен екеміз үйлендік.
Бұл 1964 жылы еді. Тату тұрдық. Екеумізге бір бөлмелі пәтер мен жұмыс берді.
Жас келіншегім әскери жерде машинамен хат теретін. Айлығы 90 сом, жоғары болатын", - деп әңгімесін бастады бүгінде жасы 78-ге келген Тоқтасын ақсақал.
Қазақ сарбазына күйеуге шыққан якут қызы екі ұл туып берген. Әскери борышы аяқталған соң да Тоқтасын қайын жұрт жақта біраз уақытқа қалып қойыпты.
Жат жерде жанұя құрған жігіттің тұңғышы Жанболат 1965 жылы дүниеге келіпті. Бір жылдан соң екінші рет ұлды болған соң қазақ келіні әскери гарнизоннан ауылға төркіндеп кетеді.
"Менің айлығым 11 сом еді, ақшаны көбіне келіншегімнен алып тұрамын. Ол екі баланы алып әке-шешесіне төркіндегенде, мен оған айтпастан билет алып, Новосибирск арқылы елге кетіп қалдым.Біраз уақыт хат жазысып тұрдық. Кейін байланыс тоқтады. Кесірлік атқан адам оңбайды. Оларды тастап кеткенім үшін өмірде көрген қиындығым аз болмады",- деді Тоқтасын қария.
Айтуынша, якуттық қыз Қазақстанға бірге кетуге де дайын болған. Бірақ, қайта барып бала-шағасын, жанұясын алып кетуге жігіттің жігері жетпепті.
"Кейін елге келген соң екінші рет  үйлендім. Үш қыз, үш ұлым бар. Немерелер де баршылық. Әскердегі әрекетті балаларыма айттым. Ағаларың бар деп. Бірақ қазір бәрі кеш. Жас кездегі қателіктер мұның бәрі. Кесірлену деген ең жаманы",- деді іштегі шерін тарқатқан Тоқтасын ақсақал.  
Кезінде жас келіншегі мен балаларын тастап кеткен азамат өміріндегі теріс әрекетіне әлі өкінетінін  айтты.
"Өзім немесе балаларым іздеп тапсақ та , олар мені бәрібір кешірмес еді. Жанболат пен Серікболат (балалары) бүгінде елуден  асты. Якуттар ақкөңіл, қонақжай болатын. Мінездері мен көшпенді өмірлері қазақтарға ұқсас келеді",- деп әңгімесін аяқтады қария.   
06 мамыр 2019 ж. 580 0