Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғимараттардың 99 пайызында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифті жоқ

Ғимараттардың 99 пайызында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифті жоқ


  Мұрат Жұмаділлаев, "Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер:
 
– Сіздің атыңыз аталғанда барлығы дерлік жақсы пікір айтады. Қайырымды жан екендігіңізді алға тартады. Көмектесіп, қиналған жанға қолдау білдіресіз. Мұның бәрі өзіңіздің де осы қиындықты бастан өткергендігіңізден бе? Әлде басқа себебі бар ма?
– Мен туралы нақты қандай пікір айтылып жүргенін білмедім. Біреуге ұнайсың, біреуге ұнамайсың. Мысалы, бірлестікке он адам келсе, соның 7-еуі қаржылай көмек сұрап келеді. Оларға мен көмектесе алмаймын. Ал үшеуі құқықтық көмек сұрайды. Оған сөз жоқ көмектесемін. "Мұрат жұрттың бәріне көмектесіп жатыр" дегенге келіспеймін. Себебі көбіне қарсылық танытамын. Жағдайы келе тұра жұмыс істегісі келмейді. "Дайын асқа, тік қасық болғысы" келетіндер бар.
– Қиындықты қалай жеңдіңіз?
– Мектеп оқып жүргенде мүмкіндігі шектеулі жан екенімді сезінген жоқпын. Ешкім бетіме салық еткен емес. Мектепті аяқтаған соң ғана қобалжуды сезіндім. Яғни бойжеткендермен сөйлесерде ыңғайсыз болды. Кезінде жұмыссыз жүрдім. Қарауыл, сатушы болып жұмыс істедім. Бірақ мен оқуға тырыстым. Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетті қызыл дипломға бітіргенмін. Мектептерге жұмыс іздеп барғанда, олар мені жұмысқа қабылдамады. "Бос орын жоқ" деп шығарып салды. Екі айдан кейін сол мектептердің екі-үш адамды жұмысқа алғанын естідім. Ренжімейтін едім, тек алдағанына қамықтым.
– Жыл сайын атқарылған істер бойынша есеп береді екенсіз. Жалпы осы жұмыстың  қанша пайызы халық пайдасына шешіледі?
– Есепті бір іс атқарғанда немесе жоба ұтып алған кезде беруге болады. Мысалы, жобаны ұтып алғанда қандай іс атқарылды, қаржыны қайда жұмсалды, сол жөнінде есеп беріледі. Мен жыл бойы жоба алмасам, есеп бермеймін. Маған мемлекеттен ақша төлейді деп есептейтіндер бар. Ешқандай қоғамдық бірлестік мемлекеттен тікелей қаражат алмайды. Облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігі "Инво такси" қызметін көрсетті. Көлік қоларбадағы және зағип жандарға қызмет көрсетеді. Жылына 1500 шақырту түседі. Күніне әр машинаға 3-4 адам тапсырыс береді. Бір адамды толық тексеруден өтемін дегенше, баруы тиіс медициналық орталықтардың барлығына апарамыз. Өткен жылы облыс әкімшілігі мен Халық банкі бір көлік сыйлыққа берді. Жалпы 3 арнайы көлік, екі газель бар. Өткен жылы қайырымды жандар екі қол арба берген. Соны мүмкіндігі шектеугі жандарға сыйладық.

– Облыс бойынша қанша мүмкіндігі шектеулі жан бар?
– Халықтың 3 пайызы мүмкіндігі шектеулі жан болып табылады. Олар І, ІІ, ІІІ топқа бөлінеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үш бірлестік бар. Олар "Облыстық мүгедектер қоғамы", "Облыстық зағиптар қоғамы", "Облыстық саныраулар қоғамы". Әрқайсысына жауап беретін, өзіндік қоғамдар бар. Сондықтан жалпы санын білмедім.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы әрине заңмен қорғалған. Іс жүзінде қалай?
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғауға дайынбыз. Ол үшін облыстағы әр мекеменің бастығына, есепшісіне арнайы барып, заңдарды түсіндірдік. Жұмыстан шығарған болса, жұмыс берушімен сөйлесеміз. Заңды түсіндіреміз. Жұмысқа қайтара қабылдамаса, еңбек инспекциясына барып "заңсыз жұмыстан шығарды" деп арызданамыз. Бір айдың ішінде тексеру жүргізіледі. Егер нәтижесі көңіл көншітпесе азаматтық сотқа жүгінеміз. Бірақ қалайда мәселесін шешеміз. Іс жүзінде жұмыс істейміз.
– Мәселен, басына қиын іс түскен кезде алдымен қай мекеменің есігін қағады?
– Барлығымен бірдей тікелей айналысытан мекеме жоқ. Жерге қатысты мәселе бойынша облыстық әкімшілікке, жұмысқа қатысты болса "Жұмыспен қамту орталығына" барады. Яки мекемелер саласына қарай бөлінеді.
– Көбіне қандай мәселемен келеді?
– Мүмкіндігі шектеулі жандарда мәселе көп. Көбіне пандусқа байланысты шағым болады. Әр мекемеде пандус, дабыл қонырауы болу керек. Лифті болуы шарт. Лифті болмаған жағайда бірінші этаждан мүмкіндігі шектеулі жандар кездесетін немесе жұмыс істейтін жеке кабинет берілуі тиіс. Әжетхана мәселесі де қиындық туғызады. Көптеген мекемеде әжетхана талапқа сәйкес келмейді.
– Тұрғын үй мәселесі қалай болуда?
–Тұрғын үй мәселесі шешімін табуда. Біршама мүмкіндігі шектеулі жандарға баспана берілді. Биыл 300-ге жуық жалға берілетін үйлер салынады деп жоспарлануда. Ол әлеуметтік осал топтағы жандарға, көп балалы аналарға, ардагерлерге. Баспана жылдың соңында беріледі деп күтілуде.
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасу құқығы туралы айтыңызшы...
– Жұмыс берушілер оларды жұмысқа қабылдағысы келмейді. Себебі алдымен барлық жағдай жасалуы тиіс. Сосын жұмыс уақытанан бір сағат бұрын босатылуы тиіс. Және 7 күн еңбек демалысының ақшасы төлену керек. Жұмыс беруші еңбек демалысының ақшасын бергісі келмейді. Жалпы құқықтары қорғалған. Автобустар берілді, пандустар қойылды. Мемлекет өз тарапынан қоғамдық жұмысқа тұрғызуда. Облыс бойынша 100-ге жуығы қоғамдық жұмысқа тартылды. Жұмыс берушілердің қорқатыны мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары. Олар жақсы қорғалып жатқаны сөзсіз.
– Қандай жеңілдіктер қарастырылған?
 – Қарастырылатын жеңілдіктер көп. Бірі салықтан босатылады, оларға жеке табыс салығы ұсталмайды. Сондай-ақ әлеуметтік салық алынбайды. Жер салығына да біршама жеңілдік бар. Мүгедек бір автокөлікке салық төлемеуге құқы бар. Мәңгілік ІІ топтағы мүгедектерге зейнетақы қорына жиналатын жарна ұсталмайды. 200-ге жуық ауру түрлері бойынша дәрі-дәрмек тегін беріледі.
– Қазақстанға шетелден келген бір делегат аэропортта жұмыс істеп отырған он екі мүшесі сау қызметкерлерді көріп, "Сонда мүмкіндігі шектеулі азаматтар немен айналысады" деп таң қалған. Сөйтсе Америкада отырып жұмыс істейтіндердің көбісі мүмкіндігі шектеулі жандар екен. Бізде көп нәрсе шектеліп жатқан сыңайлы. Демек жұмысқа тұруға қатысты мәселе көп қой...
– Жұмысқа тұруға қатысты мәселенің көп екені рас. Мен жоғарыда өз өмірімді де атап өттім ғой. Мені неге жұмысқа қабылдағысы келмеді дейсіз. Себебі олар менің жағдайымды толық жасауға міндетті еді. Көбісі жұмысқа алғысы келеді, бірақ жасалуы тиіс жұмыстардан қашады. Ал олардың барлығы қаржыға келіп тірелетіні жасырын емес. Мүгедекпін деп қол қусырып, қарап отырған азаматтар аз. Әркім еңбек етіп, өзінше табыс тапқысы-ақ келеді.
–  Облыстағы көлік тұрағы мен пандустар стандартқа сай ма?
– Мемлекеттік органдардағы ғимараттарға барлығы дерлік кіріп-шығуға ыңғайланып істелген. Облыстық, қалалық сот ғимараттары талапқа сай. Үлкен сауда орындарында пандус мәселесі шешілген. Көліктер тұратын аялдамасы қойылған. Бізге қиындық тудыратыны дүкендер мен шаштараздар. Олардың көбі жалға алып отырғандар.
– Кейбір мекемелерде мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған. Оларға қандай талап қояды?
– Талапқа сай емес мекемеге барып, ескертеміз. Заң бойынша жасалуы тиіс жұмыстарды айтамыз. Ештеңе бірден бола салмайды, барлығы қаржыға келіп тіреледі. Оны түсінеміз сондықтан тиісті жұмыстарды жүргізуге уақыт береміз. Жеке дүкен, шаштараздарда пандус мәселесі өте күрделі. Біз олармен барып сөйлестік, ескертік. "Кедергісіз келешек" жобасы аясында "Нұр Отан", "Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар" басқармасымен бірлесіп, рейд жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде мүмкіндігі шектеулі жандарға сәйкес емес мекемеге жағдай жасау керегін ескерттік. Көбісі істегісі келеді. Тағы бір мәселе дүкендердің дені тротуарға шығып кеткен. Ол жерге пандус салу мүмкін емес. Пандус салар болса тротуардың жартысын жауып тастайды.
– "Кедергісіз болашақ" жобасы аясында қанша адам жұмыспен қамтылған?
– Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға көзқарас жөнделіп келеді. Тұнғыш Елбасы "Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс" деген. Бұл  "Нұр Отан" партиясына жүктелді. Нәтижесінде "Кедергісіз келешек" бағдарламасы жүзеге асты. Онда үлкен жұмыстар атқарылды. Оның ішінде "Жол картасы" қабылданды. Қоғамдағы әр саланы қамтыды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға кіріп шығуға ыңғайлы 200-ге жуық автокөліктер алынды. Сонымен қатар І топ көз мүгедектеріне қалаішілік автобустарда тегін жүру қалыптастырды.
 Мемлекеттен қандай әлеуметтік бағдарламалар қарастырылған?
– Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарға толық жағдай жасады. Осы орайда көптеген бағдарламалар іске асырылды. Жастар басқармасында мүмкіндігі шектеулі жастармен жұмыс істейтін әлеуметтік тапсырыс бар. Онда 2 млн. теңге қаржы қарастырылған. Ол қаржы мүмкіндігі шектеулі жандармен жыл бойы іс-шара өткізуге беріледі. Сондай-ақ "Аула клубтары" бар. Қалада 6 аула клубы бар. Бірінші топтағы мүгедектердің барлығына жеке көмекші берілген. Жеке көмекшіге 14 мыңнан бастап 55 мыңға дейін аралығында ақша төленеді. Әлеуметтік қызметкер де қарастырылған. Ол үйін жинастырып, тамағын дайындап береді. Бұл тек жалғыз басты мүгедектерге беріледі. Сондай-ақ ипотерапия, дистанциялық оқыту жобалары іске асырылуда.
– "Ұшқын" мүгедектер құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Жұмашев "Мүгедектер құқығын қорғау ұйымдарына мемлекеттен бөлініп жатқан қаражатты аумақ бойынша тікелей қадағалау инспекциясы құрылса екен" деген өтініш білдірген болатын. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Әлеуметтік жобалау бар. Облыста 600-ге жуық бірлестік бар. Олар әлеуметтік тапсырыс алуға құқылы. Қадағалау жасайтын арнайы мекемелер де жетерлік. Олар қабылдап алып, жақсы баға берсе болды. Кейін тағы біреуі бақыласа, маған ұнамас еді. Меніңше, қосымша бақылаудың қажеті жоқ. Себебі қылмыс жасаған тұлға мүндетті түрде жауап береді.
– Үйден оқытылатын балалар толық құрал-жарақ, кітаптармен қарастырылған ба? Осы тарапта сізге арыздар түспей ме?
– Мектепте де кітаптар жетіспеушілігі байқалады. Жалпы үйде оқытуға мен қарсымын. Бала деген мектепке барып оқуы тиіс. Шын мәнінде жағдайы келмейтін баланы үйде оқытса болады. Бірақ біз мүгедек болса болды, үйге оқытуға асығамыз. Бала қоғаммен етене араласуы тиіс. Үйдегі білім мен мектептегі білімді салыстыруға болмайды. Бір мұғалім 5-6 сабақты үйретеді және қысқартылған бағдарлама бойынша. Біліктілік арттыру мәселесі осыдан шығады.
– 2006 жылы "Жігер" қоғамдық бірлестігін құрдыңыз. Жұмыс барысының қазіргі жағдайы қалай?
– Мен кезінде "Жігер" қоғамдық бірлестігінде жұмыс істедім. Иә, "Жігер" қызылорда облысының спортшылар қоғамдық бірлестігі болып құрылды. Мақсат – спортшы мүгедектердің құқығын қорғау. Спортқа жарысқа барып жүрген балалардың қиындығын көрдім. Поезда плацкартпен барып жүрді. Ол ауыр тиді. Сол себепті "Спорт және туризм" басқармасына өтініш беріп, купемен баруға жағдай жасадық. Облыстық мүгедектер қоғамына көшкеннен кейін ол орынды босатып бердім.
– Спорт деп қалдыңыз. Спорттағы жетістіктерге тоқалыңызшы...
– Қызылордадағы волейбол, поуливтинг, жеңіл атлетика командалары мықты. Жақында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клуб ашылды. Оның директоры  Эрик Қасқабаев болып тағайындалды. Эрик 2000 жылдан бері спорттың қиындығымен күресіп келген. Жоғарыда атап өткен үш командада жетістікке жеткен спортшылар 70000-90000 көлемінде ай сайын стипендия алады. 2000 жылдары волейболдан республика бойынша 6-7 команда қатысса, ең соңғы орында болдық. Қазіргі таңда 1-2 орынға ғана таласамыз. Өткен жылы Қазақстан чемпионатында ІІ орын иелендік. Алдыңғы жылы кубокты жеңіп алдық. Қаражат мәселесі шешіліп, Латвияға, Грузияға да барды.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен: Мөлдір КЕЖЕҒҰЛОВА
04 мамыр 2019 ж. 752 0