Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейбіт күннің батырлары

Бейбіт күннің батырлары


Екі мың бесінші жылы Сырдария өзенінде су мол болып, арнасынан тасу қаупі өршіп тұрған еді. Сол жылғы қыс аязды, суық болып дария мен каналдар да қалың мұз қатты. Ақпан айының аяғында күн күрт жылынып, көктем басталмай дария мұзы еріп, су таси бастады.

Шиелі ауданын су басу қаупі туралы төтенше жағдайлар қызметкерлері дабыл қағып, дария мен каналдар бойына күзеттер қойылды. Дария деңгейінен көтеріліп бара жатқан суды сағат сайын хабарлап тұрды. Сол деңгейді ұстап тұру үшін, Шиелі каналының сағасы да толық ашылды. Шиелі мен Төңкерісті жалғайтын көпірдің жоғарғы жағының екі бетіндегі екі жүз метрдей жерлерінің дамбасы аласарып қалған болатын. Сол каналдың аласа қабырғаларын менің ұжымым «Қаптағай-К» ЖШС техникалары ғана көтеріп шықты. Ауылдың жартысы бөлініп, жекешеленген бес-алты ұжымнан бірде-бір техника қатыспады. Өйткені, олардың меншігіндегі булдозерлер мен пагрузчик тракторлары істен шығып, жүрмей тұрған болатын.
Айтбай Жақыпов айдаған ДТ-75 бульдозері мен Айтман Ыбрайов айдаған малютка погрузчик және бір «Зил» машинасы «Белорус» тракторларымен топырақ тасып, каналдың екі жақ бетінің осал тұстарын көтеріп күшейтіп алдық.
Айтман тракторын көпірдің ортаңғы бөлігінің шетіне тақап, көлденең қойды да, өтіп жатқан мұздардың үлкендерін шөмішімен ұрып сындыра бастады. Сол уақыттарда судың ағысы жылдам күшейді. Бағаналы бері сықырлап өтіп жатқан мұздың даусы да өзгеріп, біріне-бірі соғып, күтірлеген дыбысы зорая түсті. Көпірдің екі жақ шетінен өтіп үлгере алмаған сең кептеліп, каналдың көпір астындағы арнасы тарыла бастады. Ұзамай аз уақытта көпірдің Айтман тұрған ортаңғы бөлігі ғана қалды. Айтман итеріп, сындырып өткізіп жібермесе, ол бітеліп қалар еді.
Көпір алдындағы су деңгейі лезде бір метрдей көтеріліп кетті. Каналдың екі жақ жағалауындағы қамыс пен жыңғыл, шеңгелдер жапырылып мұз астында қалды. Бұдан әрі тағы көтерілсе, сойқан болары анық. Су деңгейінен жарты метр­дей ғана биік тұрған (дамба) каналдың қабырғасы ұстап тұр. Айтманның өзінде де, тракторында да дамыл жоқ. Мұздармен соққылап алысуда. Сол арада тұрған барлық адамдар құдайдан Айтман мен тракторының амандығын тілеп жалбарынуда. Осы кезде Төменарықтың канал сағасына қада, қамыс, сабан басып жіберген көлігім мен адамдарым келді.
– Шиелі каналының төменгі жағынан сең буып, дарияны байлап, Төменарықтағы тоғаннан қопарыла құлады. Маңайдағы бес-алты үйді су басып, он-он бес үйлер түгел судың астында қалды. Тасыған топан су Шиелі каналына құйылып, бізбен жарыса ағып, осы жаққа да келіп қалды,– деді бойларын үрей билеген олар.
«Аудан әкімі Ерлан Мұстафаев пен облыс басшысы Икрам Адырбеков сол жерде екен. Ауданның тасқынға байланысты жәрдемге барған адам көп, бәрі қолдарынан келгенін істеп жатыр. Осы жағдайдан соң дереу ауылға қайттық. Келіп тұрғанымыз осы!»– деді апатты көріп қайтқан жігіттер. Қасымда тұрған ауыл әкімі Ораз Садықов:
– Маған ауылды тез арада көшір – деген бұйрық келді. Елді көшіруге алты автобус пен камаз жіберіпті. Ауылда төтенше жағдайлар қызметкерлері мен ішкі істер бөлімінің адамдары мені күтіп тұр – деді де көпір үстіндегі жиналған адамдарды қайтуға шақырып жағдайды баяндады. Көпірдің үстінде Айтман мен «Белорус» тракторын жүргізуші Тұрлан Маңғұлов үшеуміз қалдық.
Канал арнасымен өтіп жатқан дүлей, апат, сойқанымен, жалғыз алысып жатқан Айтманның тракторы басқару тетіктерін жоғарыға, төменге, екі жағына басып, көтеріп, дамыл таппай қимылдатты. Екі көзі, бүкіл тұла бойымен көпір астынан өтіп жатқан апатқа қарай ұмтыла түсіп, бірінің үстіне бірі шығып, қопарылған қалың мұздарды ұрғылауда. «Баласы атқа мініп көкпар шапқанда, үйдегі ата-анасы тақымын қысып отырады» деген рас екен. Мен Айтманға қарап, өзімнің тақымымды ғана емес, жан дүниеммен жанашыр болып отырғанымды сезіндім. Біраздан соң барып байқадым. Мені дірілдетіп тұрған, аяғымның астындағы көпірдің қозғалысы екен. Иә, Аллаһым көпірді шыдата гөр. Айтман мен тракторын аман қыла гөр, – деп іштей жалбарынамын. Күн батуға айналды, айнала кеугім тарта бастады. Әрлі-берлі көпірден адамдар мен машиналар жүк артып, аттылы, жаяу адамдар малдарын айдап, қасымыздан өте бастады.
Жаман айтпай жақсы жоқ, канал екі жағына жығылса, бірінші біздің ауыл, содан соң темір жолдың бергі беті мен Нартай ауылы түгел топан судың астында қалады.
– Садағаң боп кетейін, бауырым Айтман. Саған Алла қуат берсін – деп құдайға жалбарыну ғана қолымнан келері. Тұрлан екеуміз көпір үстінде теңселіп жүрміз.
Оның тракторының мұзды ұрып жатқан ұзын мойнын көтеріп түсірген сайын, көпір жақтауы бетонына соғып сарт-сарт етеді. Соққан сайын мойнының бір жері сынып кетер ме екен деп, не болмаса қозғалтқыш күші істен шығама деп қорқамын. Менің басым тола үрей мен уайым. Бір менің тілегім не болушы еді. Осы сәтте бүкіл Шиелі халқы тілек тілеп жатыр. Көптің тілегі көл. Шамасы екі сағаттай өткенде каналдың көтерілген деңгейі түсе бастады. Соны көріп көңілімізді дендеп, сол кезде ғана ауыл жаққа көз салдық. Ауыл жақ түгел қараңғылықта, бұрын күнде самаладай боп жанып тұратын электр жарықтары сөнген. Сонда ғана ауылды түгел көшіріп алып кеткенін білдім. Біртүрлі жүрегім ауырсынып, күрсіндім. Бірте-бірте соғылысқан сеңнің даусы кеміп, мұз көшкіні де жұқара бас­тады.
Көпірден сәл әрірек жерде арық бар, соның қақпағын ашсам, деңгейді қалыпты ұстауға оның да көмегі болар деп ойладым. Осы уақытта трактор үстіндегі Айтман түсіп келіп:
– Құдай сақтады, ел аман қалды – деді маңдай терін сүртіп. Құдай елді сен арқылы сақтады, саған мың да бір рахмет. Алла сыйласын сені – дедім ризашылығымды жаудырып. Шаршадың ғой, аздап демал. Сонан соң арықтың қақпағын ашайық. Одан аққан су ештеңені бүлдірмейді. Пайдасы болмаса, зияны тие қоймас – дедім. Соны ести салысымен: – жүріңдер соны ашып біржола демалармыз, – деді тракторына мініп. Бортты қақпақты ашып келе жатқанымызда көпірдің үстіне тағы тоқтап көз жүгіртсек, каналдың беті тазарыпты. Ал, енді қайтайық дегеніміз сол еді, бір жеңіл көлік келіп тоқтады. Серік Жұмаділдаев пен Бауыржан Көпеев екен, түсіп жағдай сұрады.
Біз тазалап болдық – деп кеткенбіз. Дария байланып, тоғаннан асып жығылған сең түнде тағы келіпті. Топан сумен келген мұзбен Айтман таң атқанша алысыпты. Тағы тасқын келерін білмеппіз.
Ертеңіне су деңгейін бақыламақ болып, көпірге барсақ, мұз көпірдің үстіне шыға бастапты. Біз тағы сәл кешіксек, канал жығылады екен.
Табиғаттың тылсым күшінен орын алған мұзды ұрғылап, көпірден өтуіне мүмкіндік туғыздық. Каналдың бетіне дейін көтеріліп, енді болмаса төбесінен асуға айналған су төмен қарай құлай, мұздары домалай, ағыла жөнелді. Көтеріліп бара жатқан деңгей тоқтады-ау, әйтеуір. Ағып келіп жатқан мұз көшкіні сирей бастады. Жанар майымның таусылар уақыты болып қалғанын Тұрсынбекке ескерттім. Ол Шиеліге майға кетті. Сол кездерде канал деңгейі түсіп, ағып келе жатқанын байқадық. Тракторымды ол жерден алып, көпір астының басқа тығылған көздерін ашып, тазалап болғанымда, таң атуға таяп қалды. Осылайша каналды, ел жұртты аман алып қалдық – деді. Айтман қай марапатқа болса да лайық болатын. Ертеңіне аудан басшыларынан жағдайымызды сұраған адам болмады. Кейіннен дария бойындағы апат пен күрестің сұмдық болғанын естіп, оның жанында біздің көпір басындағы күрес салыстыруға келмейтінін білдім. Теміржолдың тау жақ бетін, яғни, Ш.Қодаманов ауылын аман алып қалған – Айтман еді.
Айтман – қазір еңбек ардагері, қадірлі ақсақал, ауылдағы Парманқұл қалпе атындағы мешітте бас имамның алқа мүшесі. Ол 1972 жылы Түркістан аудандық советінің депутаты, 1982 жылы Шиелі аудандық советінің депутаты болып сайланған халықтың қалаулысы болды.

Құрманбек ҚАРАКЕЕВ,
еңбек ардагері.
Ш.Қодаманов ауылы.

03 сәуір 2019 ж. 1 084 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930