Бүгіннен бастап такси жүргізушілері түбіртек беруге міндетті
Елімізде 1 сәуірден бастап такси жүргізушілері жолаушыларға түбіртек беруге міндеттеліп отыр. Бұл туралы ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінің порталына сілтеме жасап, Қазақпарат хабарлайды. Атап айтқанда, «Салық төлеушілер Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы» қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы №206 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Өзгерістер 1 сәуірден, яғни бүгіннен бастап күшіне енеді. Оған сәйкес, салық төлеушілер өз қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерінің тізімі ұзарып, 323-ке жеткен. Такси жүргізушілерімен бірге түбіртек беруге шаштараз және сұлулық салонының қызметкерлері, ломбардтар мен қонақүйлер, құмар және бәс тігу ойындарын ұйымдастырушылар, сондай-ақ сылақ жұмыстарын орындаушылар, аудио және бейнетехникалардың, тұрмыстық электр аспаптарының бөлшек саудасымен айналысушылар міндеттелген.
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/305948-b-ginnen-bastap-taksi-zh-rgizushileri-t-birtek-beruge-mindetti