Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Өскен өңір» және өмір

«Өскен өңір» және өмір


«Өскен Өңір» газеті – аудан өмірінің айнасы ғана емес, алдымен аудандық, сонан соң облыс, қала берді Республикалық басылымдарда қалам сілтеген талай жақсылар мен жайсаңдарды қара қазанында қайнатып, шыңдап шығарған қасиетті қара шаңырақ. «Мың бір түнді» қазақша сөйлеткен Қалмақан Әбдіқадыров, сатираның саңлағы Сейтқасым Сейтенов, ел анасы атанған ақын апамыз Мәрия Жұматовалардан бастап, Оразбек Сәрсенбай, Зәкім Жайлыбай, Сәрсенбек Жұмабеков, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Тұрғанбек Кәрімқұлов, Сәфи Құрманаев секілді талай ардақтылардың қаламын ұстартып, қадамын ұзартқан бүгінге дейін көрігі қоздап, жалыны маздап жанып тұрған Шиелінің шежірелі шеберханасы.

Шығармашылық отбасында өскен соң болар, сол кісілердің көпшілігін тәп-тәуір білетінім бар. Бірқатарымен сыйластық қарым-қатынаста болуым заңдылық. Әсіресе, ағам Оразбекке жақын жолдас, сырлас болған «Өскен өңірдің» байырғы қызметкерлері ақын Сәрсенбек пен қарымды жорналшы-публицист, фотошежіреші Тұрғанбек ағаларамызбен арамыз жақсы болды.
Осыдан 3 жыл бұрын қарттар күніне байланыс­ты жайылған дастарханға келген топ ардагерлерді қарсы алып мейрамхананың кіре берісінде тұрғанда Тұрғанбек ағамыз:
– Әй, Исабек! Үй-ішің аман ба? Іздеп жүр едім, сәтімен жолықтық-ау... – деп өзімсінген өктемдікпен қолтықтан алды.
– Иә, аға, – деймін мен әдеттегіше. – Не болып қалды? Мына кісілерді қарсы алуым керек еді, кейін айтсаңыз болмас па екен?
– Жоқ болмайды... – Әнеу күні қағаздарымды ақтарып отырып, неге менде жүргенін қайдам, Әбіштің (Кекілбаевты айтып тұр) Оразбекке жазған 4 машинописьтік хатын тауып алдым, соны саған табыстайын деп едім, үйге соқсаңшы...
Ағам қайтыс болғалы оған қатысты кез келген жаңалыққа елең етем ғой, жоғым табылғандай қуанып кеткенімді қайтейін, өкінішке орай, осы арада әңгімемізді мәжбүрлі түрде үзуге тура келді. Үздіксіз кіріп жатқан ардагерлерді құрақ ұшып қолтықтап қарсы алып, қайта бұрылғанымда, Тұрғанбек аға топтың ортасында емен-жарқын әңгіме айтып, жұртты күлкіге қарық етіп тұр екен. (Ағамыздың бой жазғаны ма екен, арада сағат жарым өтпей-ақ, сол тік тұрған қалпы, таяғына сүйенген күйі бақилыққа аттанып кете барарын кім ойлаған десеңізші)...
– Ә, келдің ба? Бүгін келме. Есігімнің алдында 11 сотық жерім, 30 түптен аса жүзім, жеміс ағаштарым бар. Соларды айналдырып жүргенімде кеш болады, шаршап та қалам. Сенбі күні түстен кейін хабарласып келе ғой, көптеген суреттер, хаттар бар бірлесіп іріктейік, керегін аларсың, – деп еді.
Иә, бұл біздің соңғы тілдесуіміз екен, қайта жүздесудің сәті түспеді. Дастархан соңында арнайы сөз сұрап алған қарт журналшы, алғы шепте қаруын ұстаған солдаттай таяғына сүйеніп тұрып сөз сөйледі. Өңірімізде ежелден қалыптасқан елдің бірлігі мен берекелі тірлігіне сүйсініп, осы жолда қай салада болмасын басшылық қызметтерде аянбай еңбек еткен аға буын өкілдерінің көпшілігінің маман мұғалімдер екенін кеудесі мен иегін көтерген жоғары пафос, мақтанышпен айтып еді-ау... «Анау отырған Рахым да, мынау отырған Сейілбек пен Өмірзақ, мен дее-е»... Осы жерде пауза жасағандай болған ағамыз кенет шайқалақтап кетіп, өзін сүйемелдеген Омархан ағамыздың қолтығына қисая бере үзіліп кетіп еді. Мәңгілікке...
Араға жыл аралатып, қызы Назеркемен хабарластым. «Осылай да, осылай... уәдеміз бар еді». Алғашында: «көп қағаздарды қажетсінбей балалары өртеп жіберді...» деп аса құлық танытпаған қарындасымыз, кейіннен қалған дүниелері арасынан келіп іздеуіме рұқсат етті. Бұзылмай аман тұрған атам заманғы қоржын тамның түкпіріндегі зәуімен аман қалған ескі шабадандағы ат-көпір қағаздар арасынан пысқырып-түшкіріп отырып бірталай қағаздар мен дәптерлер, папкелерді әуелі іріктеп алдық. Сосын бірлесіп көз жүгіртпейміз бе? Бір кезде әбден сарғайған конверттер сыртындағы баданадай жазулар көзіме оттай басылды. Жазбай таныдым. Ағам Оразбектің почеркі. Қызылорда. Шиелі. «Өскен өңір» газеті редакциясы. Т.Каримкулову. Хат Тұрғанбек пен Сәрсенбекке арналған. Іле тағы бір сарғайған конверт. Бұл – осы екеуі және Оразбекке жазылған сол кезде 20-дан енді асқан жігіттердің қыз-қырқын, қызық-шыжыққа толы өмірге көзқарастары, поэзия, прозалық шығармалары жайлы ой-пікірлері, өмір бақи ажыраспайтындай достық сезімдері мен қимастық, сағыныштарының белгісі, куәсіндей Әбіш Кекілбаевтың хаты.
Мұрыннан су, көзден жас кетіп, пысылдап оты­рып оқимын да, шашылған қағаздардың әр па­рағына үңіліп тағы ақтарам. Тағы да екі-үш жерлер­ден хаты табылса, конверті, конверті табылса, хаты жоқ болатын қағаздарды сапырып ұзақ отыр­­­­­­­­­­­­­­­­­­дым. Бір ғана хат іздеп барған шұқшиған еңбегім еш кетпеді. Қолжазбалары, жинақталған папкелер арасынан тағы да 7, сол күні барлығы 9 хатты тауып жинақтадым. Ертеңіне тағы біреуін, арада 6-7 ай өткенде хабарласқан Назерке қарындасым тағы бір хатты тауып Алматыдан электронды поштама салып еді.
Уақыт деген ұлы кеңістік әлемінде тағдыр, жазмыш атты сиқырлы «таяқшаның» болатынын, әдебиет пен қоғамдық өмір баспалдақтарында бәрі де бірдей қиян биіктерден көрінбей, әрқайсысы өздеріне ғана бұйырған сатыларда табан тірейтіндерін олар білмегенге ұқсайды. Хаттар мазмұны осылай ой түюге меңзейді. Өйткені, олар тым жас еді.
Жалпы, Тұрғанбек ағамызды бала күнімізден білетінмін. Біздің үйдің бір баласындай болып, ағам Оразбек Алматыға қоныс аударғанша екі үйдің іргесі ажыраған емес. Бетін күн қағып, мезгілінен ерте әжім торлаған әжемізбен екеуі ғана осы күнгі Салтанат сарайының артында канал жағасындағы дөң басында жыңғылмен қоршаған шағын ғана ауласы бар қоржын тамда тұратын. Шағын үйдің іші-сырты бірдей айнадай таза, есігінің алдында көлденең қылау жатпайтын ерекше тазалық иесі, жалғызын жеткізем деп сол замандағы жесір әйелдің иығына түсетін барлық ауыртпалықтарды қайыспай көтерген қазақтың шүйкедей ғана қара кемпірі болған әжемізде мақсат-мұратына жетіп, немерелерінің ортасында ұзақ жасап беріде қайтыс болды. Тұрғанбек ағамыз ауданда беделі бар білдей қызметкер болып, алғаш соғылған 2 қабатты үйдің 2-ші қабатынан үй алғанда, әкеміздің сойып берген бір тоқтысын арқалап келген шешеміз бен екеумізді шешелі-балалы екеуі жайраңдап қарсы алғаны жадыма жатталып қалған. Көршісі Зәкімнің (Жайлыбаев) анасы Бибайшаны шақырып, әп-сәтте дайын болған өзіме таңсықтау көрінген сәбіз туралған үйеме табақ буы бұрқыраған палауды ортаға, алып мәз-мәйрам мәслихат құрғандары күні бүгін көз алдымда. Тұрекең менің анамды да Оразбекке ұқсап атын атайтын. «Бибайша деймін, а Бибайша, мынау үйге әлі үйрене алмай жүрмін. Байқамай, желдеген серкеге ұқсап басым ауып, ескі үй жаққа кетіп қала берем жұмыстан шыққасын...» – деп масайрайды ағамыз тарқылдай күліп. Қопаң-қопаң қуаныштан өсіріңкірей сөйлейді екпіндеп. Шағын балконнан сыртқа қарап, биік бағанада қатар-қатар тартылған сымдардың қол созым жерде тұрғаны мен асфальтты көшеде ағылған көп халықты (маған солай көрінген болар) көріп айран-асыр тамашалағаным бар. Бұл Тұрекеңнің азамат болып қатарға қосылғандағы анасын бірқадам қуанышқа кенелтіп алған басыбайлы отау үйі, бағындырған алғашқы биігі еді-ау, – деп ойлаймын. Осы қоныс тойдан соң ақпейіл ағамыздың танауы делдиіп, біразға дейін өзіне-өзі келе алмай жүргенін, достары көпке дейін келмеждегенінен хабарым бар. Сөйткен Тұрғанбек ағамыз өзінің бар саналы өмірін, күш-қуаты мен білік-машығын аудандық газет жұмысындағы машақаты көп корректорлық, фото тілші, жауапты хатшылыққа дейін сарқи арнапты. Жас кездеріндегі араласып сыйласқан достары қандай десеңізші?!. Әбіш Кекілбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Сейфолла Оспанов, Оразбек Сәрсенбай, Сәрсенбек Жұмабеков т.б. қартайғандағы тұстастары қандай? Рахым Мәуяұлы, Сейілбек Аманжолов, Өмірзақ Исаханов пен Омархан Кемелов т.б. ауданның қаймақтары, кіл жақсылар!. Жаман атын шығармай, қаламын қару қылған қоқан-лоқы жат мінезден ада, мардымсып міндетсінбей-ақ, ешкімнен алашағы да, берешегі жоқ, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ораза-намазын қаза етпей, бір күн де ауырып ешкімге салмақ салмастан сұлу да, сыпайы қалпынша өмірден өте барды. Не деген ақ өлім! Өзі ниет еткен, бір арманын орындай алмай кетті-ау?! Бір жолы маған айтып еді: «Оразбек ренжіп жүр ме қайдам, Шараның қазасына арнайы барып көңіл айта алмадым. Күзге жақын Алматыға барып, сондағы балалардың үйіне шақырып, арнайы қонақ етем. Алғашқы кітабының атын өзім қойған едім. «Жапанда қалған жалғыз үй» деп. Кейіннен бас­падан «Жалғыз күрке» болып өзгеріп кеткен. Сол сияқты, жапанда жалғыз қалған екі жетім шал бір ішімізді босатамыз ғой сөйтіп, менің де кемпірім жоқ... – деп еді. Тағдыр оған жазбапты, артынша жыл толмай-ақ, екеуі де дүниеден өтті. Бала күнгі досының бұл ниет-ықыласын мен арқылы естіген Орекеңнің, қимастық-ризашылық сезімге бөленген жанары жалт етіп еді... Әттең дүние-ай десеңізші!
Ендігі жерде, Тұрекеңнің аудан өмірінің айнасы «Өскен Өңірмен» бірге жасасатын екінші ғұмыры ұзақ болғай деп тілейміз.

Исабек Сәрсенбайұлы.
27 наурыз 2019 ж. 933 0