Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел есіндегі есімдер

Ел есіндегі есімдер


Әр елдің, ауылдың өткені мен бүгініне көз салсақ, сол ауылдың тарихында айтарлықтай із қалдырған, елдің елдігінің, абыройының ұйытқысы болған, ауылдастарынан бөлек басқа ел мойындаған елдің алтын қазығы іспетті айтулы азаматтар болады. Міне, осындай Еңбекші ауылының азаматтары, яғни, алтын қазығы Байдүйсен Оразов, Байтілес Жүсіп, Сұлтанхан Төрениязов ағаларымыз. Ол кісілер үшін елдің абыройы ортақ еді. Әділдіктің, шындықтың, береке бірліктің де бағасын білетін. Сұрапыл соғыс көрген азаматтар жеке бастарынан елдік мүддені әркез жоғары қоятын.

Үшеуінің де жалтағы мен жалпағы жоқ болатын. Реті келгенде «турасын айтып туғаныма жақпадым» демей, әділдігін айтатын. Олар келе жатқанда теңіздің бетінде үш алып кеме жүзіп келе жатқандай көрінетін. Қазір ойлап отырсам, олар сол кездегі қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтеке билері секілді болған екен-ау. Себебі, қазіргі таңда ауылда үшеуінің орны ойсырап тұр, іздері сайрап жатыр, айтқан ақылдары мен көрсеткен үлгі өнегелері көкіректе жатталып тұр. Кішісі Сұлтекең, ортаншысы Байекең, үлкені Байдүйсен ағам еді. Кішісі үлкендерінің айтқанын екі етпей орындаса, үлкені кішісінен соңыма ерген інілерім деп бірін-бірі қостап, көтермелеп отыратын. Адамзат арасындағы сыйластықтың эталондары сияқты еді. Үшеуі де қағытпа әзілдің шеберлері болды. Отырғанда әзілдері керемет жарасатын. Бірін-бірі әзілмен көтермелеп, кем жерін толықтырып, биіктігін дәріптеп, отырған жерлерін думандатып, гүл жайнатып жіберетін. Байдүйсен ағам домбырамен ән салып, артында асыл сөз қалдырған азамат. Еңбекші совхозы өз алдына отау көтеріп, шаруашылық болған жылы совхоз директоры Т.Байдүйсен ағаны орталық қойма меңгерушісі етіп алыпты. Орталық қойма болғасын жем, түрлі шаруашылыққа керекті заттар вагонмен келетін көрінеді. Байдүйсен серілігі бар, құдалық тойға кетіп қалып, шаруашылыққа зәру кездері жиі болатын сияқты. Жыл толып, демалысқа кеткен кезде шаруашылық басшысы орнына адам қабылдапты. Демалыс бітіп, совхозға келсе ешкім жұмысқа шық деп айтпайды екен. Содан күнде келіп-кететін көрінеді. Орнында басқа адамның істеп жатқанын көрсе де, көрмеген болып жүре беріпті. Жұрт сұраса колхозға қарағанда совхоздың демалысы ұзақтау болады екен, – депті. Әңгімені совхоз директоры естіп, ағасының әңгімесіне риза болып, басқа жұмыс беріпті. Ағасының ұстанымына, ақыл-парасатына риза болған ғой. Үшеуінің елдің есінде қалған, ұйымдастырған, бас­тамашыл болған тірлігі орталық бейітті қоршау еді. Үшеуі қайта-қайта совхоз директорына кіріп, рұқсат алып Аққұм станциясынан совхоздағы барлық К-700 тракторын тіркемесімен жауып, қажетті темір-бетон қадаларын әкелуге қол жеткізді. Бейіттің басында жүргенде де әзілдері қалмайтын. Сұлтанхан бейіттің айналасын қадамдап өлшеп бара жатса, сәл ұзағасын Байдүйсен ағам: – Әй, Сұлтанхан, кейін қайт, бар тарақтыны қырасың ба? десе, Жұмабек (жиен ғой) Сұлтанхан, Бәйтілес, Байдүйсен үшеуіне жердің тәуірін құрғақ жерден іздеп жүр екен деп әзілдейтін көрінеді. Сұлтанхан ағамыз батыл сөйлейтін, саясаттың ағымын тез қабылдайтын, өте зерек адам еді. Партия жиналыстарында, партком мәжілістерінде партияның алға қойған міндеттерін, бағыт-бағдарын тез қабылдап, тиісті шешім шығаруға жәрдемдесетін. Мен совхозға партия комитетінің хатшысы болып келген кезімде жиналыстан кейін: – Есіркеп, келгенің құтты болсын. Бірақ, ауылда істеу оңай емес, қиындықты алдымен менен, сосын басқа ағаларыңнан көресің деуі, өз ауылыңда істеудің қиын екендігін маған ескертуі, ағалық қамқорлығы, жанашырлығы, үлкендігі деп қабылдадым. Ал, Байтілес ағам нағыз қара қылды қақ жаратын әділдігі, айбары бар, әруақ қолдаған, қыдыр дарыған ардақты азамат еді. Жеті жыл бойы қанды қырғын ішінде жүріп аман келуі, өсуі, өнуі нағыз Құдай деген ниетінің көрінісі емес пе? Ағайынға қамқор, дос­тан көңілін аямайтын, біреуге көңілі кетсе алаңсыз құлайтын, ардақты азамат еді. Көп жыл ферма меңгерушісі болып, ауданда қой шаруашылығын өркендетуге қомақты үлес қосты. Еңбекші совхозы алғаш құрылған кезде жем-шөп базасы дұрыс болмай, мал шығынына жол беріліп, аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде совхоздағы мал шығыны арнайы қаралыпты. Аупарткомның бірінші хатшысы О.Бәйімбетов совхоз басшыларына, ферма меңгерушілеріне қайта-қайта шүйліге беріпті. Ол кезде партиялық биліктің күштілігі соншалық бірінші хатшының ауданда сот та, прокурор да, милиция да мен дегенін талай естідік. Бюро әбден қызған кезде Байтілес ағам орнынан тұрып: «Әй, Орынбасар, немістен қалған жаным бар, түрмең қайда, өзім кеттім, үйден қара тонымды алдырып беріңдер!» – деп орнынан тұрып шығып кетіпті. О.Бәйімбетов сасып не істерін білмей бюроны жабуға мәжбүр болыпты. Не деген қайсарлық, батырлық десеңізші!
Мен ауылдың үш арысындай болған үш ағамды еске түсіріп, олардың еліне адалдығын, ұрпағына адал аманатын айтып, өзім бірге жүріп, қызметтес болғандықтан оларды келешек ұрпақ білсін, құрметтесін, ұмытпасын, керек кезінде есіне алсын, әруақтарын биіктетсін, ардақтасын деген оймен еске түсіріп жатырмын. Жастайымнан қызметке араласып, аудан орталығында қызмет жасаған соң аудан өміріне белсене араласқан, кезінде еліне қамқор болған тоталитарлық жүйенің кезінде де қаймықпай пікір айтатын ел арыстарының болғандығын аудан халқы әлі ұмыта қойған жоқ шығар. Кезінде өз бағасын ала алмаған оларға да көңіліміз толмай, бағасын бере алмай, айдар тақтық. Нұрмахан Қасымов, Әзімхан Смайылов, Жақантай Қойбағаров, Әшім Аманжолов, Сәттібай Алпамышев т.б. ағаларымыз нағыз елдің арқа сүйер азаматтары еді. Біреуі пікір айтса, қалғаны қоштап, елдің ауызбірлігінің, татулығының символындай болатын. Ә.Сапахов, Р.Нүрекеев ағаларымыз өздерінің қызметтен кететінін білсе де, тура сөйлеуден, пікір айтудан тайсалмай өздерінің ірілігін, елдің бірлігін, айбарын көрсете білді. Осы өмірден өткен ағаларымыздың ерен еңбегін көргенде қазіргі ардагерлер «біздер кімбіз?» деген сұрақ туады. Осылар секілді елдің келешегін ойлаған, ұрпақ қамын жеген қасиеттерін біз алға апара алдық па, елдің арасында біздің абыройымыз қандай дәрежеде деп ойланамыз. Біз келген әкімдерді күтіп алып, қолтықтап шығарып салғанымызға, өзімізге өзіміз риза болып жүргенімізбен, халықтың жағдайы туралы пікір айтпайтын, ойланбайтын, толғанбайтын халықтың мұң-зарында жұмысымыз жоқ. Жиналыста қара көбейтетін, айтары жоқ ардагерлерге айналып бара жатқан жоқпыз ба? – деген өзімізге күмәніміз бар. Біз халық түгілі өзімізді қолдап, қоштап, омырауымызға медаль тағып, төрге отырғызып жүрген, билікке де пайдамыз шамалы-ау деймін. Кешегі күндері елдің нашар тұратын әлеуметтік топтары бас көтеріп, ел шулап жатқанда біреуіміз барып, халықпен кездестік пе! Бірақ, қазақ не көрмеген халықпыз, бұдан да ауыр қиындықтарды бастан өткізіп, ашаршылыққа, босқынға ұшырап, қырылып қайта еңсе түзеген халықпыз. Қазақта «аға тұрып іні сөйлегеннен, апа тұрып сіңлі сөйлегеннен без» деген бар, айналайындар, шүкіршілік қылыңдар, ел аман, басымыз бүтін, бейбітшілік қой, шулай бермеңдер, елді басқарып отырған өзіміздің төл перзенттеріміз ғой, бір есебін табар, жағдайларың қалыпқа келер деп басу айтуға, елдің алдына баруға жараған жоқпыз. Алдымыздағы ағалар да, соңынан жүрген бізде үнсіз қалдық. Елдің үлкендерінің нағыз керек жері осы емес пе? Халыққа, билікке жаны қысылғанда көрінбесек, қай уақытта көрінеміз? Елдің арыстарының орны ойсырап тұр.
Қайдасыңдар, арыстар,
Ел бірлігін нық ұстар.
Сайрап жатыр іздерің,
Орындарыңды кім басар?

Е.Шәдібеков,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
27 наурыз 2019 ж. 1 035 0