Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз есім

Наурыз есім


Ата-ананың перзенті алдындағы міндеттерінің бірі азан шақырып, ат қою. Шыр етіп дүниеге келген сәбиге сауатты һәм мағыналы есім таңдау ислам дінінде де ерекше маңызға ие. Бұны «Сендер қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан да есімдеріңді жақсартыңдар» деген хадистен байқай аламыз.

Қазақ халқы ежелден ат қою рәсіміне бейжай қарамаған. Нәресте туған шақта әке-шешесі ғана емес, ағайын-туыс түгел жиналып есім таңдауға кіріседі. Жаңа туған сәбиге әр түрлі себептерге байланысты яки денесіндегі ерекше белгілеріне сәйкес есім береді. Кейбірі сол дәуірде орын алған оқиғаны есте сақтау үшін ұлын немесе қызын атаулы күнмен атағанды жөн санайды. Мәселен, жұма күні дүние дидарына келгендерді Жұмабек, Жұмакүл, Жұмабай деп атағанын талай естігенбіз. Ал, наурыз айында туғандарға Наурыз, Наурызбай деп есім беру жазылмаған заңдылық іспетті. Әсіресе, ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдылар үшін. Мәселен, Наурыз айымен аттас бүгінгі кейіпкерлеріміздің есімін аталары қойған. Алайда, олардың аттары бір болғанымен, қойылу себептері мен басынан өткерген оқиғалары сан алуан. Солардың бірі шиелілік Наурызбек Тлеуберген. Ол көктемнің алғашқы мерекесінде, яғни, 8 наурыз күні дүниеге келген. Атасы немересінің көктем күніндей күлімдеп, жайнап, жадырап жүргенін қалағандықтан Наурызбек атауды жөн санаған. Дәл осындай себеппен Қарғалы ауылының тумасы Наурыз Өмірбекованы әулет үлкендері дүниеге келген айымен аттас қылған. Ал, Алғабас ауылының тұрғыны Наурызбай Зейнуллаевты қазақтың хас батырына ұқсасын деп ырымдаған екен.
Әдетте есімдер ұлға немесе қыз баласына арнайылап қойылады. Ал, Нау­рыз есімі жыныс талғамайды. Сол себептен Наурыз аталған кісілердің басынан өткерген оқиғалары да баршылық.



Наурыз Өмірбекова, Шиелі ауданы қабылдау бөлімінің жедел жәрдем қызметкері: «Көбінесе есімімді екінші рет айтуымды сұрайтындар бар. Әсіресе, жігіттер. Мен кішкентай кезімде осы үшін көп жыладым. Сыныптастарым «көже» я болмаса «жігіттің аты» деп мазақ қылатын. Семейде тұратын кезімде сол үшін орыс тобына ауысып кеткенмін. Ал, ол жақтағылар мені Марта деп атайтынды шығарды. Мұның барлығы балалықтың кезінде болды. Қазір өзімнің Наурыз атанғанымды мақтан тұтамын. Мағыналы әрі сирек кездеседі».


Наурызбек Тлеуберген, Шиелі аудандық ауруханасында фельдшер: «Алла Тағаланың ерекше нығметтерінің бірі – есіміміз. Сол себептен есімімді ешқашан өзгертуді я болмаса ұят санауды ойлаған емеспін. Әрине, құрбы-құрдастар арасында қалжыңға тап болатын сәттер кездеседі. Әсіресе, жолдастарым Ақпан, Қаңтар деп өзге айлардың атымен атайтын. Қазір бұл мен үшін үйреншікті жағдай».


Наурызбай Зейнуллаев, КТЖ-Жүк тасымалы АКФ Қостанай локомотив пайдалану депосында машинистің көмекшісі: «Иә, есімімді Наурызбай батырға ұқсасын деп қойған болатын. Қазіргідей бейбіт заманда қолымызға найза алып, жауға шаппасақ та бойымызға сондай күшті дарытып келеміз. Мүмкін атымыздың абыройлы болғандығынан шығар. Кейде Наурызбай есімі ұнамайтын сәттер болатын. Қазір ақыл толықтырып, ес білгеннен кейін тарихта қалған тұлғаның және еліміз үшін қасық қаны қалғанша соғысқан батырдың есімімен марқаямын. Достарым, жақындарым барлығы Наурыз деп атайды. Өз ортамда есіміме қатысты келемеждеу, күлкіге айналдыру кезіктірген емеспін. Алдағы уақытта да осылай жалғасын табады деген сенімдемін».

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА.
21 наурыз 2019 ж. 1 726 0