«Авторитеттер» мен «понятиелер». Параллель құқық әлемі туралы
...Тіпті, кәдімгі су ішетін бөтелкені алайықшы. Бірінші сыныпта оқитын оқушылар «у меня бутылка дороже чем твоя. У тебя простая бутылка» деп, бірін-бірі кемсітеді...
Қазақстан егемен болған алғашқы жылдары əлеуметтік жағдай ушығып, тұрмыс деңгейі төмендеді. Ұйымдасқан қылмыстық топтар көбейді. Жер-жерде рэкеттер пайда болды. Уақыт өте қылмыстық топ серкелері атылды, қамалды, әйтеуір азайды.
Алайда «қылмыстық түсінік» адамдардың санасында қоғаммен бірге жасаруда. Жасөспірімдер арасында мәселені заң емес, «по понятием» шешкісі келетіндер баршылық. Baq.kz тілшісі «қылмыстық түсініктің» қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін білуге тырысты.
Саясаттанушы Досым Сәтбаев азаматтардың заңға сенбей, мәселені тамыр-таныстықпен шешу Кеңес одағынан қалған ескі әдет деген пікірде.
«Кеңес одағында азаматтар билікке сенбейтін. Одан қорқатын. Сондықтан тұрғындар мүмкіндік болса мемлекетті алдауды немесе тыныш жүруді қалады. Ал 1980 жылдары еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай ушыға түсті. Сол сәттерде көптеген мәселені тамыр-таныстықпен шешуге тура келді. Осылайша, 1980 жылдары «телефон құқығы» деген түсінік пайда болды. Егер сіздің мықты танысыңыз болса, көптеген сұрақты бір қоңырау арқылы шешіп тастайтын мүмкіндік туды. Кеңес үкіметі құлаған соң жоғарыда аталған трендтер күшейе түсті. Мемлекеттің жағдайы өте ауыр еді. Енді адамдар тірі қалудың амалын жасай бастады», - дейді ол.Саясаттанушы, 1990 жылдары елде қылмыстық топтардың дәурені жүргенін, кейбір балалар ата-анасының қарауынсыз өскенін атап өтті.
«Қазақстандықтар отбасын сақтап қалу үшін көлеңкелі секторға кетіп, заңды бұзуға итермелейтін әрекеттерге барды. Олардың бала тәрбиесіне қарауға уақыты болған жоқ. Себебі, таңнан кешке дейін жұмыс істеді. Сол кезде жастар үшін криминал авторитеттер (қылмыстық ортада беделі бар азаматтар – автор) кумирге айналды. Мұның салдарын біз әлі көріп отырмыз», - дейді Досым Сәтпаев.Ол қазақстандықтарды абдыратып тастаған танымал спортшы Денис Теннің өліміне тоқталды.
«Қазіргі жастар қиналғысы (напрягаться) келмейді. Қалағанын оңай жолмен алғысы келеді. Сол үшін кейбірі қылмыстық әрекеттерге де барып жатады. Денис Тенмен болған қайғылы оқиға соның айқын көрінісі. Оны өлтірген жас жігіттер аспаннан салбырап түскен жоқ қой! Олар да осы жүйеде тәрбиеленді. Осылайша «по понятием» немесе қылмыстық түсінік бойынша өмір сүретіндер өте көп. Олар мұны өмір сүрудің табиғи шарты деп ойлайды. Мұндай азаматтар өз түсінігін келесі ұрпаққа бергісі келеді. Бұл өте қауіпті әдет», - деді ол.Саясаттанушы Айдос Сарым қылмыстық түсінік ұрпақтың санасын әлі улап жатыр деген пікірде.
«Заңды құрметтемеу, заңдағы тұлғаларды мойындамау, менсінбеу деген түсінікпен өскен ұрпақ бар. Жалпы мұны «советтік сана» деп айтайын. Мысалы, мына жақта қылмыс болып жатыр. Егер сен ол туралы полицияға айтсаң, «стукач», «сатқын» болып шығасың. Осындай түсінік пен пайымдар әлі күнге дейін бар. Айналып келгенде бұл бірнеше буынның санасын улаған қасірет», - деді ол.ҚР Бас прокуратурасына қарасты - Ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық жазаны өтеуші адамдардың құқықтарының сақталуын қадағалау жөніндегі департаменттің бұрынғы басшысы Берік Жақаев азаматтардың қылмыстық топтар туралы киноны рахаттана көруі, түрме романтикасын аңсауы білместіктен туындайды дейді.
«Теледидардан полиция мен қылмыскердің қарым-қатынасын баяндайтын неше түрлі фильмдер көрсетіледі. Жасөспірімдер «Вор в законе», «Саша Северный» сияқты фильмдерді қызыға көріп, Михаил Кругтың әндерін тамсана тыңдайды. Осылайша, азаматтар түрменің романтикасын аңсайды, қылмыстық идеологиямен сусындайды. Бірақ мұның барлығы білместік», - деді ол.Берік Жақаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдары колониялардың лық толуы, сотталғандарды жасаққа бөліп, барак тұрпаттағы ғимараттарда ұстау, азық-түліктің жетіспеушілігі, дәрігерлік көмектің нашарлығы, сотталғандар арасында жұқпалы аурулардың және өлім-жітімнің көп болуы сияқты проблемалармен бетпе-бет келгенін жеткізді. Түрмедегі беделді қылмыстық топтардың мүшелері «жазылмаған заңдарын» колонияларда емін-еркін жүргізбеу үшін және олардың түрмедегі ықпалын жою үшін қандай жұмыстар жүргізілгенін айтып берді.
«Қызметімді 1985 жылы Қарағанды облысындағы түрмеден бастадым.Оның айтуынша, авторитеттер 2012 жылға дейін түрмелерге өз ықпалын жүргізіп тұрған.
Тәуелсіздік алған жылдары ондағы жағдай өте ауыр болды. Біріншіден, түрмелерде туберкулез ауруы өршіп тұрды. Бұл ауруды емдейтін колониялар көп болатын. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында 3 млрд теңгеге колонияларға медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Екіншіден, түрмеге қайтадан қылмыс жасап түсетін авторитеттер болды. Ол кезде сотталғандар барак типті ғимараттарда жататын. Түнде түрме қызметкері болмаған соң, авториттер «жазылмаған заңдарын» емін-еркін жүрзігіп тұрды. Түрме әкімшілігі түнде «біз ешкімді қорғай алмаймыз» деді. Кейін біз оларды жеке-жеке камераларға отырғыза бастадық», - дейді Берік Жақаев.
«Мұндай жағдай 2012 жылға дейін болды. Қазіргі таңда ондай азаматтарды түрмедегі жеке учаскеге жібереміз. Егер жазасын өтеуші тәртіпті бұзбаса, оған оң баға беріледі, ол қосымша бонустар мен жеңілдіктерге ие болды. Оған туыстарымен көбірек кездесуге, сәлем-сауқат алуға мүмкіндік беріледі. Ал сотталған азамат іштегі ережені сақтамаса, ол әкімшілікпен жағымсыз қарым-қатынасқа ұрынып, оған берілетін кездесулердің саны азаяды. Мерзімінен бұрын бостандыққа шығу, жазаны жеңілдету мүмкіндігінен айырылады.Ел арасында «Гранитка» аталып кеткен Ақмола облысындағы ЕЦ 166/25 түзеу мекемесінде жазасын өтеген Ержан (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді) қылмыстық топтардың түрмеде бұрынғыдай - заңды белшесінен басып, емін-еркін жүре алмайтынын растады.
Авторитеттерді жеке камераларға отырғызу жүйесі өзін ақтады. Осылайша, біз авторитеттерді оқшаулау арқылы олардың түрмеге жүргізетін ықпалын жойдық. Сондықтан бұл проблема өзінің өзектілігін жоғалтты», - деді бұрынғы департамент басшысы.
«Бұрын түрмеден шыққан «блатной» (қылмыстық жаргон, түрмеде беделі бар адам – автор), сол жерге қайта барғысы келетін. Себебі, колонияда барлығы дайын. Мүмкіндік болса, қалағанын ала алатын. Солай «блатовать» (қылмыстық жаргон, өз дегенін жасау, ықпалын жүргізу – автор) етіп түрмеде жүре беретін. Мұндай жағдай 2015 жылға дейін болды. Ал қазір түрмелер құқық қорғаушылардың құзырында», - деді ол.Әңгіме барысында Ержан ұрлық үшін 5 жылға сотталғанын айтты. Бірақ ол түрмеде жақсы тәртібімен көзге түсіп, мерзімінен бұрын бостандыққа шығыпты. Ержан түрменің жазылмаған өз заңы бар екенін дегенмен мойындады.
«Ол жақта барлығы басқаша. Түрмені психиатриялық аурухана деп қалдым. Себебі, түрмеге алғаш рет келіп тұрмын ғой. Ол жақта саған психологиялық қысым жасалады. Психикаға салмақ түседі. 2,5 жыл түрмедегі киім тігетін цехта жұмыс істедім. Тәртібім жақсы болған соң, мерзімінен бұрын бостандыққа шықтым. Мұнда сөйлесу мәнері де басқаша. Мысалы, «ешкі болу» (түрме әкімшілігімен байланыс орнатқан сотталушы), «қазбек» (ақымақ), «тоқылдау» (арыз түсіру немесе колонияда болып жатқан жағдайды түрме әкімшілігіне айтып отыру) сияқты жаргондарды естідім», - дейді Ержан.Астана қаласы Есіл ауданы ІІБ ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны Аида Кадролдинова жасөспірімдер арасында жасалатын заң бұзушылықтарға қылмыстық топтар мен қылмыстық түсініктің еш ықпалы жоқ деген пікірде.
«Қазіргі таңда оқушылар арасында «по понятием» деген түсінік жоқ. Біз қылмыс жасаған балалармен жеке жұмыс жүргіземіз. Олардың ата-анасымен сөйлесеміз. Бірақ жұмыс тәжірибемде ондай жағдайды кездестірмеппін. Кейбір қылмыс жасаған балалар бізге түседі. Бірақ профилактикалық шаралардан соң олар өз қатесін мойындайды. Сондай-ақ, қылмыстық топтың мүшелері мен түрмеден шыққан азаматтар жасөспірімдерді қылмысқа итермелеу деректері тіркелген жоқ», - деді тәртіп сақшысы.Сонымен қатар ол қазіргі таңда оқушылардың қылмысқа қандай себептермен баратынын түсіндірді.
«Қылмысты әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар жасайды» деген түсінік қате. Біріншіден, көп балалар сабақтан бос уақыттарында ешнәрсемен айналыспайды. Қазір ата-аналар жұмысбасты. Балалар қараусыз қалады. Соның салдарынан кәмелеттік жасқа толмаған балалар жаман ортаға түсіп кетуі мүмкін. Екіншіден, кейбір жасөспірімдер «заңды бұзсам, полиция мені ұстап алар ма екен» деген қызығушылықпен қылмысқа барып жатады Ал кейбірі «кім ұрлай алады? кімнің қолынан келеді?» деп, өзара бәске түседі. Үшіншіден, қазір таңда мектептегі оқушылар арасында «киімің нашар, соткаң нашар» деген әңгімелер бар. Тіпті, кәдімгі су ішетін бөтелкені алайықшы. Бірінші сыныпта оқитын оқушылар «у меня бутылка дороже чем твоя. У тебя простая бутылка» деп, бірін-бірі кемсітеді. Бұл да заң бұзушылыққа итермелейтін алғашқы факторлардың бірі. Төртіншіден, сөзді түсінбейтін, тәрбиесі қиын, оқушылардың қалтасындағы ақшаны тартып алатын жасөспірімдер де бар. Біз олармен жеке жұмыс істейміз. Олардың қылмыстық топтармен байланысы жоқ», - деп түйіндеді сөзін Аида Кадролдинова.Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері жасөспірімдер тарапынан 1,9 мың қылмыс жасалған. Оның ішінде 13 дерек кісі өлтіру, 32 қарашылық шабуыл, 278 тонау, 46 дерек адам денсаулығына ауыр зиян келтіру, 32 бұзақылықпен байланысты деректер. Аталған заң бұзушылықтарың басым бөлігін гимназия мен лицейлерде оқитын жасөспірімдер жасапты.
Baq.kz сайты