Қазақстан мен Қытай теледидар шығаратын зауыт салуға уағдаласты
Екі ел 1,9 миллиард доллар сомасына жаңа 11 жобаны бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізді. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Бейжіңге барды. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Сапар аясында Асқар Мамин ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары, ҚР-ҚХР Ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Хань Чжэнмен келіссөздер жүргізіп, ірі инвестициялық, қаржылық, өнеркәсіптік, құрылыс, көлік-логистика корпорацияларының басшыларымен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері жөнінде екіжақты кездесулер өткізді.
Екі мемлекеттің көшбасшылары – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньнің арқасында Қазақстан мен Қытай арасында екі жақты қарым-қатынастың барлық саласында ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілді. “Нұрлы жол” және “Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуі” бағдарламаларының түйіндесуі екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, – деді Асқар Мамин Хань Чжэнмен кездесу барысында.ҚР бірінші вице-времьерінің айтуынша, ҚХР – негізгі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы 2017 жылы 30%-дан астамға ұлғайған. 2018 жылы бақылап отырған жоғарғы қарқын тауар айналымының көлемін 20 миллиард доллар жеткізу туралы екі мемлекеттің басшылары алға қойған міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, қаржы, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп секторларындағы, сонымен қатар шекара маңындағы және аймақаралық байланыстарды дамыту саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері талқыланды.
Асқар Мамин ҚР мен ҚХР Ынтымақтастық комитетінің екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтудағы маңызды ролін атап өтті.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай индустрия, көлік және логистика салаларында жалпы құны 28 миллиард доллар болатын 51 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр. Аталған жобаларды табысты іске асыру өнімдері әлемнің жетекші нарықтарына жеткізілетін ауқымды өндіріс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Асқар Мамин жұмыс сапары барысында CITIC Group, China Xin Xing Group Co., YTO Group Corp., Jiangxi Copper Company, Jiaxin Investment Resources, China Energy Engineering, CSI Solar Power Group, China CAMC Engineering Co., Lovol Heavy Industry, China Energy Engineering Corporation, China General Nuclear Power Group компанияларының басшылығымен келіссөз өткізді.
COSCO Shipping Corporation басшысы Хуан Сяовэнмен және Ляньюнган портының басқарма төрағасы Дин Жуймен кездесуде трансконтиненттік тасымалдарды жетілдіру және ортақ терминал мен “Қорғас – Шығыс қақпасы” АЭА одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
China Construction Bank басшысы Ван Цзуцзимен қаржы саласында ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары “Астана” халықаралық қаржы орталығына “Бір белдеу – бір жол” бастамасы аясында жобаларды қаржыландыруға қытай банктерінің “үлкен алтылығының” қатысқаны жөн екенін айтты.
Асқар Мамин Хэнань, Сычуань провинцияларының және Чунцин қаласының әкімшілік басшыларымен де кездесу өткізді.
ҚХР-ге жұмыс сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:
- Қостанай облысының әкімдігі, “Kazakh Invest ҰК” АҚ және HKC Corporation Limited “2018–2019 жылдары Қостанай Индустриялық аймағының аумағында теледидар шығаратын зауыт салу” жобасын іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойды. Қостанайда теледидар шығаратын зауыт салу жұмысы биыл басталады. Кәсіпорынның жоспарлы қуаты – жылына 3 миллион бірлік. Бастапқы кезеңдегі инвестициялардың жоспарлы көлемі – 50 миллион доллар. Өнімді өткізетін мақсатты нарық – ТМД елдері;
- “ҚТЖ” ҰК” АҚ, Huawei International Co.,LTD және Ili Baitexing Commercial Trading Co., LTD Электрондық коммерцияны дамыту туралы келісімге қол қойды;
- “Агромаш Холдинг KZ” АҚ, Lovol Heavy Industry, “Kazakh Invest ҰК” АҚ және YTO “Ауыл шаруашылығы және жол-құрылыс техникасын шығару” жобасын іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойды.