Солтүстікқазақстандық фермер қымыздың жеті түрін дайындайды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы Уәлихан ауданындағы шағын фермада күніне 50 литр қымыз өндіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақтың ұлттық сусынын дайындау технологиясы бойынша мұндағы фермерлер ескі дәстүрден ауытқымаған. «Азамат» фермерлік шаруашылығы ешқандай автоматтандырылған өндіріске ден қоймапты. Бәрі де қолдан дайындалады. Қымыздың қалай жасалатыны туралы ҚазАқпарат тілшісіне фермерлік шаруашылықтың басшысы Аман Уболдин айтып берді. «Арнайы ыдыс - сабаға ашытқыны, кейін қымыздың өзін құямыз. Сусын әбден дәм үйірерлік болып шығуы үшін оны әрбір жарты сағат сайын пісіп отыру керек. 6-8 сағаттан кейін қымызымыз дайын болады. Осыдан кейін оны салқын жерде сақтау керек. Қатыратын тоңазытқышта ешқашан сақтауға болмайды», - дейді фермер. Ашытқы ретінде айран, қазы мен ашытқы қолданылады. Қымызды неғұрлым көп піскен сайын соғырлым дәмді болып шығады. Қымыз фестивалінде фермерлік шаруашылық қымыздың жеті түрін ұсынды. Атап айтқанда, бал қымыз, дөнен қымыз, жуас қымыз, құнан қымыз, түнеме қымыз болды. Олардың әрбір түрінің өзіндік айшықты дәмі бар. Бал қымыздың құрамына бал, өрік пен жүзім қосылады. Сусын мұндайда тәттірек болып шығады. Құнан қымыз екі күн сақталады. Жуас қымызға жаңа сауылған сиырдың сүті араластырылады. Ал дөнен қымыздан сауылғаннан кейін үш күннен соң ғана дәм тата аласыз. Түнеме қымыз - жеті күн сақталған сусын. Оның дәмі қышқылдау келеді. «Қымыз туберкулезге шалдыққан адам үшін таптырмас сусын, ол қан тамырларын кеңейтеді. Бір күнгі қымыз бала емізіп отырған анаға пайдалы. Нағыз қымызды білетін адамдар дәмін татпай түрінен таниды. Егер қымызға су қосылса, ол қатпарланып, қаймақтары жиналып, үлпектер пайда болады. Әлбетте, дәмінен де қымызды тануға болады», - дейді ол. Өткен жылы «Азамат» фермерлік шаруашылығы «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша екі миллион теңге несие алған. Қазіргі уақытта шаруа қожалығының 10 биесі бар. Қымыз Уәлихан ауданының дүкендерінде сатылады. Тіпті Ресейден де тапсырыс түседі екен. Фермердің айтуынша, Омбыда «Азаматтың» қымызын көптеп сұратады.
inform.kz
inform.kz