БІЗ БАЛАМЫЗДЫҢ ҚАЙДА ЖҮРГЕНІН БІЛЕМІЗ БЕ?
Алматыдағы «Шаңырақ – 2» ықшамауданында жоғалып кеткен 4 жасар бала бес күннен кейін табылды. Өкінішке қарай, тірі емес. Бір жарым, екі метрлік шұңқырға түсіп кеткен сәбиден тіршіліктің белгісі байқалған жоқ. Жылап-сықтап әке-шеше, бауыр, ағайын қалды. Апақ-сапақта кешкілікте сыртқа шығып кеткен сәбиді үйдегілер еш аңғармаған. Баланың денесінен зорлық іздері байқалған жоқ. Қазір сот-медицина сараптамасы жүргізіліп жатыр, тергеу амалдары басталды.
Адам баласының басына бермесін, ауыр оқиға бұл. «Бірақ біз тосын апаттан, оқыс оқиғадан сабақ алып үйрендік пе?» деп өзімізге сауал қойғанымызбен, адамдардың, әсіресе, балалардың жоғалуы әлемдік проблемаға айналып бара жатқанын біле бермейміз. Бұл – шын мәнінде, дабыл қағарлық мәселе. Алайда ғаламдық бас ауыртар мәселеге көз жұмып қарайтынымыз өкінішті. БҰҰ мамандарының дерегіне назар аударар болсақ, жыл сайын әлемде 8 миллион бала із-түссіз жоғалып кетеді екен. Жан шошырлық мәлімет. Сондықтан да болар, бүгінгі таңда халықаралық ұйымдар 25 мамырды әлемде жоғалған балалар күні деп атап өтеді. Атап өтетін-ақ нәрсе емес. Мүмкін, жылына бір рет болса да, ата-ана қам-қарекетсіз жүрмес үшін осындай халықаралық арнаулы датаны белгілеп, жұрттың есіне салғаны шығар. Ақиқаты, бала қорғансыз. Үйдің сыртында немесе аулада ойнап жүрген бала өтіп бара жатқан кез келген бөгде адамның жетегіне еріп кетуі әбден ықтимал. Сондықтан қай уақытта да бүлдіршінді көзден таса етпеген дұрыс.
Қазір жоғалған балаларды іздейтін әлемде арнайы халықаралық орталық бар. ОЛ ІСМЕС деп аталады. 1998 жылы оның дүниежүзінің әр түкпірінде 22 бөлімшесі болса, қазір олардың саны 100-ге жетті. Осы орталықтың деректеріне көз жүгіртсек, мәселенің өте алаңдатарлық екенін аңғаруға болады. Мысалы, АҚШ-тың өзінде жыл сайын 800 мың бала хабарсыз кетеді екен. Сонда Американың өзінде 1 миллионға жуық баланың тағдыры ойыншыққа айналды деген сөз. Ол бір жерде құлдықта жүр ме, зорлық-зомбылықты бастан кешіп жатыр ма, оны ешкім де білмейді. Әрине, баланың үйден хабарсыз кетуінде әртүрлі әлеуметтік, материалдық, психологиялық себептер жататыны белгілі. Бірақ бала белгісіз бағытқа бет алмас үшін оның күнделікті өмір тіршілігіне біз көз жүгірте алдық па? Мәселе – сонда. Отбасындағы қиын жағдай, анасының жалғыздығы, әкесінің ішімдікке үйір болуы мен дос-жолдасының жоқтығы, осының барлығы да бала психикасына ауыр жүк түсіретіні сөзсіз. Ата-ананың онымен ашық, емен-жарқын сөйлеспеуі де бүлдіршіннің немесе жасөспірімнің тұйықтануына алып келеді. Тағы бір мысал, жыл сайын Ресейде хабарсыз кететін 70-100 мың адамның тағдыры туралы бұқаралық ақпарат құралдары дабыл қаққанымен, олардың бірсыпырасы табылған соң, проблема ұмыт күйінде қала береді екен. Олардың ішінде 20 пайызы балалар мен жасөспірімдер көрінеді. Ресейдің атқарушы органдарының дерегінше, жыл сайын балалар үйінен 20 мыңға жуық бала қашып кетеді. Олардың 90 пайызы біршама уақыт өткен соң, тәрбиеленіп жатқан жеріне қайта оралады, 10 пайызы із-түссіз кетеді.
Расында, бұл – ғаламдық проблема. Мысалы, Ұлыбританияда жыл сайын 100 мың балаға іздеу салынады, сонда әр бес минут сайын бір сәби хабарсыз кетеді деген сөз. Бірақ бұл түйткілді мәселені қазір Еуропаның кез келген мемлекеті басынан кешіріп отыр. Жоғалған балалардың хабарсыздығы жөнінен мысалы, Франция да кенде қалып отырған жоқ. Француз билігі жыл сайын 39 мың балаға іздеу салады, Германия 50 мың сәби мен бүлдіршіннің немесе жасөспірімнің хабарсыз кеткені туралы дабыл қағады. Испания – 8400, Италия – 1100, Грекия 500 сәбидің қайда жүргенін білмейді. Әрине, олардың бірсыпырасы араға күн, ай немесе жыл салып қайта оралуы мүмкін. Бірақ үйден бір кеткен бала мұны өмір бойы әдетке айналдыруы мүмкін.
Жақында Еурокомиссияның өкілдері жыл сайын 250 мың шамасындағы баланың жоғалып, табылатыны туралы дерек көзін жариялады. Хабарсыз кеткендердің 5-10 пайызына ғана сот айып таққан. Демек, олар қылмыстық жауапкершіліктен қашып, Құқық қорғау органдары мен ел көзіне көрінбей, жасырынып жүруі ғажап емес.
Қалай айтқанда да, бүкіл ғаламды алаңдатып отырған мәселе Қазақстан үшін де қиын түйінге айналып тұрғаны ашық ақиқат. Бұл проблема бізде де бар. Үйінен шығып кетіп, оралмаған немесе уақыт өте келе қайтып келгендер жетерлік. Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің деректеріне назар аударсақ, 2017 жылдың алты айында хабарсыз кеткен 817 балаға іздеу жарияланған. Оның 610-ы көп ұзамай отбасына қайта оралған. Олардың ішінде іздеу жарияланған 141 баланың 119-ы ғана табылған. Құқық қорғау органы өкілдерінің айтуына қарағанда, бала ұрлау Қазақстанда сирек кездесетін оқиға. Көп жағдайда, олар үйінен әртүрлі жағдайлармен шығып кетеді, адасып кетеді, артынан қайта оралып жатады. Сондықтан аталған мәселенің алдын алу керек. Ол үшін ата-ананың алдымен, баламен жақын болғаны дұрыс шығар.
Алайда адамдардың із-түссіз кетуі мен балалардың жоғалуын басқа жайттардан іздейтіндер бар. Ғылыми тілмен айтқанда, уфологтар адамдардың, әсіресе балалардың із-түссіз кетуін басқа оқиғалардан көреді. Уфологтардың дәлеліне қарағанда, бізді аңдып отырған бөгде планеталықтар бар. Олар бізбен қатар балама өркениетте өмір сүреді. Қазіргі уақытта олар бізді терең зерттеп жатыр. Адамдардың ұрлануында осындай жұрт назар аудара бермейтін жайттар бар. Әрине, бұл болжам ойдан шығарылған болып та көрінуі мүмкін. Алайда әлемдегі ең мықты уфологтардың бірі Бадд Хопкинс «Бөгде планеталықтардың жерде тіршілік етіп жатқан адамдарға барлау жасауы бірталай уақыттан бері жалғасып келеді» деген пікірде. Оның ойынша, бүтін бір қала немесе бүкіл ауылдың тұрғындары бірден ұшты-күйлі жоғалып кетсе, онда адамзат ғаламға дабыл қағар еді. Өкінішке қарай, Хопкинстің пікірінше, өзге өркениеттің өкілдері сәбилерді, жалпы адам баласын білдірмей, біртіндеп ұрлап жатыр. Әлемдегі ең мықты уфологтардың бірі саналатын Бадд Хопкинстің жорамалына сену әсте қиындау. Десек те, ол «Жерге білдірмей келіп қайтатын өзге өркениет иелері қазір адамзатты генетикалық тұрғыдан зерттеп жатыр. Түбінде олар біздің планетаға баса көктеп кіріп, жерде өмір сүріп жатқандарды колонияға айналдыруы ықтимал» дегенді айтады. Енді бұл біз үшін мүмкін емес нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ мойындайтын бір ақиқат бар: танымал уфологтардың барлығы да бір мезгілдің шамасында қайтыс болған. Олардың ішінде Бадд Хопкинспен қатар, бөгде планеталықтарды зерттеуші Хиллари Эванс, Джо Купер, Стюарт Миллер бар. Мұның себебі неде? Кейбір сарапшылардың айтуынша, аталған ғалым-мамандар өзге өркениеттен келіп, адам ұрлайтындардың құпиясын ашуға сәл-ақ қалған. Тіпті жоғарыда аттары аталған уфологтардың зерттеген ғылыми жобаларының қазір бірі де жоқ, ізім-ғайым жоқ болып кеткен. Соған қарағанда, өзге өркениеттің өкілдері Бадд Хопкинс секілді ғұламалардың зерттеуінің жаһанға жария болуын қаламайтын сияқты.
Уфологтардың бөгде планеталықтардың құпия сырын ашуға ұмтылысын құптасақ та, бұл бізге тылсым күйінде әрі жұмбақ болып қала беретіні шындық. «Өзге өркениеттегілер келіп, бізден бала ұрлайды» деу санаға сыйымсыздау әрі сенімсіздеу көрінер. Бірақ бала саудасы халықаралық нарықта өршіп тұрғанын жасыруға болмайды. Қазір контрабандалық әрекетпен айналысатын жасырын топ әлемнің әр түкпірінде болып жатқан соғыс ошақтарын өздерінің игі мақсатына пайдаланып қалуға тырысуда. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Таяу Шығыста Ливия, Ирак пен Сирияда соғыс басталған уақытта бүкіл арабтар пана іздеп, Еуропа құрлығына жөңкіле көшті. Талай бейбіт тұрғындар қарт құрлыққа жете алмай, Жерорта теңізінде суға кетті. Осының барлығын да контрабандалық топ ақша жасау үшін жасырын жолмен ұйымдастырды. Ақырында, бала ата-анасынан, отбасынан айрылды. Бала мен ана Еуропа көшелерінде бір-бірінен адасып қалды. Кейбіреулері келесі елге өтіп кетті. Еурополдың жария еткен соңғы деректеріне қарағанда, Таяу Шығыстан үдере көшкендердің ішінде балалар мен сәбилер өте көп болған. Би-би-сидің Бүкіләлемдік қызметі таратқан ақпарға сенсек, Еуропада он мың мигрант бала отбасынан ажырап қалды. Олардың ішінде қай жерде жүргені былай тұрсын, өздерінің қай мемлекеттен келгенін білмейтіндер бар. Missing Children Europe зерттеу агенттігінің мәліметіне назар аударсақ, 2016 жылы қарт құрлыққа жеткендердің 91 пайызы Ауғанстаннан, Сирия мен Ливиядан келгендер болып шықты. Олардың ішіндегі ең кішкентайы – төрт жаста. Санасы діни ағымға шырмалған, соғыстан қашқан, соқыр танымдағы ата-ана баланың болашағын ойлап қайтсін?!
Бірақ бауыр еті баласынан айырылса да, өмір бойы оны зарыға күтіп, өмір сүретіндер де бар. Мұндай оқиға әлемнің әр қиырында кездеседі. Бір ғана мысал, 2013 жылы АҚШ-тың Огайо штатының Кливленд қаласында он жыл бұрын жоғалған үш қыздың дерегі шықты. Сөйтсе, олар үйінен бірнеше шақырым жерде тұратын үш ағайындының жертөлесінен шыққан. Жоғары сыныпта оқитын үш қызды 2003 жылы мектеп автобусының жүргізушісі араға бірер күн салып ұрлап әкеткен. Олардың ата-аналары жоғалған қыздарымен осылай он жылдан кейін барып қайта табысты.
Әрине, адам баласының басы бүтін, көңілі шат, уайымсыз жүргеніне ештеңе жетпейді. Балаңыздың да әркез жаныңызда болғаны жақсы. Алматының «Шаңырағында» болған төрт жасар сәбидің ауыр қазасы талай жанның жүрегін ауыртты. Орны толмас өкініш қой, бұл.
..Біз баламыздың қайда жүргенін білеміз бе?
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ