Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсініктеме берді

Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсініктеме берді



ҚР Ұлттық банкінің сайтында валюта нарығына қатысты ақпараттық хабарлама жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық банк таратқан мәліметке сәйкес, 10-12 наурыз күндері АҚШ-тың технологиялық секторға қызмет көрсететін екі банкі Silicon Valley Bank пен Signature Bank жабылатыны туралы ақпарат шықты.
«Әлемнің қаржы нарығында құбылмалылық өршіп, АҚШ пен Еуроаймақтағы банк секторына қатысты инвесторлардың алаңдаушылықтан туындаған тәуекелге қызығушылығының төмендегені байқалып отыр. АҚШ-тағы жергілікті дағдарыстың Еуроаймақтағы банктерге әсер ету тәуекелдері Credit Suisse атты Швейцария банкінің акция құнын төмендетті. Швейцарияның орталық банкі нарықтағы сенімді қалпына келтіру үшін банкке шұғыл өтімділік беру туралы шешім қабылдады», деді Ұлттық банк өкілдері.
Ұлттық банк соңғы күндері әлемде болып жатқан осы тектес оқиғалар ішкі валюта нарығына да әсер етіп отырғанын да жасырмады.
«АҚШ доллары айтарлықтай құбылып, ұлттық валютаның әлсірей бастағаны сезілді. Бұл мұнай бағасының барреліне 73-74 доллар деңгейіне дейін төмендеуімен қиындай түсті. Әйтсе де, АҚШ пен Еуроаймақ банктеріндегі жергілікті дағдарыстардың Қазақстанның қаржы нарығына ықпалы шектеулі. Сақталған профицитті ескергенде, банк жүйесіндегі өтімділік жеткілікті», деді банк өкілдері. 
Ұлттық банк «валюта нарығындағы өтімділікті сақтау және айырбастау бағамының күрт ауытқуын реттеу үшін валюталық интервенциялар жүргізу құқығын сақтайтынын» мәлімдеді.
«Бұл теңгенің ақылға қонымды құбылмалылығын шектемей, бағам белгілеудегі нарық тетіктерін қолдайды дегенді білдіреді. Қажет болған жағдайда интервенциялар жүргізіледі және тиісті ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланады», делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.
16 наурыз 2023 ж. 1 339 0