Өскен өңір » Әлем » Мәңгілік махаббаттың дәлелі: 70 жыл некеде болған қариялар қол ұстасып көз жұмды
Мәңгілік махаббаттың дәлелі: 70 жыл некеде болған қариялар қол ұстасып көз жұмды
Мәңгілік махаббаттың дәлелі. 90 жастағы Норма Джун Плателл мен оның 92 жастағы күйеуі Фрэнсис Эрнест Плателл 70 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен. Әйелі Альцгеймер ауруына шалдыққан соң, қария шама шарқы келгенше оған күтім жасады. Алайда ақырында өзінің күш-қауқары таусылып әйелін қарттар үйіне жіберуге мәжбүр болды. Бұл туралы Stan.kz Life.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қызы Аманданың айтуынша, сол сәтте әкесінің жаны өліп қалғандай күй кешкен. Ол кез келген мүмкіндікті пайдаланып, сүйікті жұбайының жанына жетіп отырған. Әйелі тамақ ішсе де, теледидар көрсе де, қолынан ұстап отыруға тырысқан. Ақыр соңында тағдыр Фрэнсистің өзін де қарттар ордасына алып келді. Инсульт алғаннан кейін оның жағдайы нашарлай түскен. Жұпты бір палатаға орналастырған. Ақыл-ойының кеміс болғанына қарамастан, Норма күйеуін сезетін, оны бір минутқа да жалғыз қалдырмайтын. “Әкем төсек тартып жатып қалды. Сол үшін ұялып, жаны ауыратын. Ал анам оған қарап жататын. Әкем тамақ ішуден бас тартса, ол да татып алмайтын. Су ішпесе, ол да ішпейтін. Анам әкемнің әр ісін қайталайтын. Күндердің күнінде мейірбике екеуі жатқан палатаға кіріп, олардың жағдайын тексермек болады. Ол кезде ерлі-зайыптылар тірі еді. Мейірбике 10 минуттан кейін қайта айналып келгенде, қариялардың өмірден озғанын анықтаған. Норма мен Фрэнсис ұзақ жылдар бойы некеде болды. Қызығы, тіпті бір күнде емес. бір сәтте, айналасы бірнеше минуттың ішінде қол ұстасып о дүниеге аттанды. Дәрігерлер сол күйі кімнің бірінші өлгенін анықтай алмады. Норма — бақуатты, ал Фрэнсис — кедей отбасынан шыққан. Екеуі биде танысқан. Ол кезде Фрэнсис киножұлдызды кездестіргендей күй кешкен. Әлеуметтік теңсіздікке қарамастан екеуі отау құрып, үш баланы өмірге әкелген. Ері ғұмыр бойы екі ережені сақтанып келген: ешқашан шағымданбау және кез келген әңгімені жақсы аяқтау. Ал Норма некеге тұрған сәтте берген уәдесін өмір бойы орындап келген. “Қымбатты Фрэнсис, сенің жұбайың болатыныма өте қуаныштымын. Дәл қазір Құдайдың алдында саған ант беремін, сені өмір бойы жақсы көріп және барлық адамнан артық көріп өтемін”, – деген екен Норма. Stan.kz