Акула студенттің “дәмін ұнатпай” қалып, аузынан шығарып тастады
Калифорнияның жағалауында үлкен ақ акула 19 жастағы студентке шабуыл жасады. Алайда мұнан кейін болған жайт қайран қалдырды.
Акула Ник Вапнер есімді жігітке шабуылдаған. Ол серфингпен айналысып жүрген екен, деп хабарлайды The Tribune басылымына сілтеме жасап Stan.kz.«Бәрінің аяқ астынан тез болып кеткен сонша, аяғым мен тақтаның жартысы оның аузында екенін көрдім», – дейді ол.
Айтуынша, акуланың ұзындығы 4,5 метр болған.
Қатты шошыған жігіт өмірі үшін күресіп, екінші аяғымен акуланы теуіп жіберіпті. Осы кезде акула оны жібере салып, жүзіп кеткен. Ал Ник жағаға жетуге асыққан.
«Тезірек жағаға шығу туралы ғана ой болды», – дейді студент.
Жағалауда ол гидрокостюмін шешіп, аяғының тілініп кеткенін ғана көрген. Абырой болғанда, үлкен қан тамырлары зақымдалмапты. Ник досымен бірге ауруханаға жетіп, ол жерде аяғына 50 тігіс салынды.
Никтің сөзінше, акуланың аузына өзінің аяғымен бірге серфинг тақтасы да кіріп кеткендіктен, оған «дәмі ұнамай қалған».
Үлкен ақ акула – әлемдегі ең үлкен жыртқыш балықтардың бірі. Орташа есеппен, бұл жыртқыштың ұзындығы 4,7 метрге дейін жетеді. Олар адамдар үшін айтарлықтай қауіпті саналады.
Stan.kz