Тағы бір Голливуд жұлдызы әйелдерге тиіскені үшін айыпталды
Бейсенбі күні америкалық киноактер, «Оскар» иегері Морган Фримен мәлімдеме жариялап, өзінің әрекеті салдарынан ыңғайсыз сезімде болған адамдардың бәрінен кешірім сұрады деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі BBC News-ке сілтеме жасап.
Сегіз әйел CNN телеарнасына берген сұхбатында өздерін Фримен тарапынан жасалған намысқа тиетін әрекеттердің құрбаны деп жариялады. Олардың сөзіне қарағанда мұндай оқиғалар актер қатысқан фильмдерді түсіру және жарнамалық турне кезінде болған.
81 жасқа толғалы отырған Морган Фрименнің ассистенті 2017 жылы прокатқа шыққан «Әдемі кету» комедиясын түсіру кезінде актер өзіне бірнеше ай бойы тиіскенін мәлім етті. Сөзіне қарағанда, Фримен оның юбкасынан тартқан және ішкиім кидің бе деп сұраған.
Тағы бір әйелдің айтуынша, 2013 жылы «Алдау иллюзиясы» фильмін түсіруге қатысқан адамдардың бәрі мына нәрсені түсінген: егер Морган Фрименге жақын жүрсең, әйелдер кеудесі ашық блузка немесе денеге жабысып тұратын юбка кимеген дұрыс.
Оның осындай қылықтарын көрген актер Алан Аркин одан мұны тоқтатуды талап еткен. Фрименге бұл тым жайсыз әсер етіп, ештеңе айта алмай қалған.
«Мені танитын немесе менімен бірге жұмыс істеген адамдардың бәрі біледі: мен жұрттың әдейілеп намысына тиетін, я болмаса саналы түрде өзін ыңғайсыз сезінуге мәжбүрлейтін адам емеспін» делінген Фримен таратқан мәлімдемеде.Бұдан бұрын Голлувидтың атақты продюсері Харви Вайнштейн, әлемге танымал актер Кевин Спейси адамдарға сексуалдық тұрғыда тиіскені үшін айыпталған болатын. Вайнштейнге қатысты оқиғалар жария етілген соң активистер мұндай әрекетке қарсы бағытталған және оларды әшкерелеуді мақсат ететін #MeToo («Мен де» немесе «Маған да») акциясын бастады.