АҚШ пен Қытай: сауда соғысында кім жеңеді?
Бірнеше айдан бері АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы ақпарат кеңістігінің басты тақырыбына айналды. Қос алып арасындағы экономикалық текетіресте кім басым түседі? Қай мемлекет орасан шығынға ұшырайды? АҚШ пен Қытай бір-біріне «кез келген уақытта салық саламын» деп сес көрсетіп жүр. Айта кетейік, Құрама Штаттардың сауда дефициті шілде айында 50 миллиард долларды құрады. Бұл былтырғы маусым айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 9,5 пайызға артқан. Сарапшылардың айтуынша, бұл – 2015 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. «Блумберг» агенттігінің хабарлауынша, экспорт деңгейі Қытайдың бірқатар америкалық тауарға салық салуынан төмендеген. Олардың қатарында соя бұршағы мен ұшақтар бар. Бейжің де Вашингтон салған салықтың зардабын тартып отыр. Ал Ақ үй басшысы Дональд Трамп АҚШ-тың сауда текетіресіне қатысты Қытаймен келісімге келуге дайын еместігін алға тартты. Айтуынша, Вашингонға Бейжіңнің ұсынған шарттары ұнамайды. «Лос Анджелес Таймз» басылымының хабарлауынша, сауда соғысынан қос тарап та қомақты қаражат жоғалтады. «Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеу көрсеткендей, екі жақ та ұзаққа созылған соғыстан ұтылады. Қаржы ұйымының дерегі бойынша, Қытай мен АҚШ-тың жыл сайынғы экспорт көлемі 40 миллиард долларға азайып отырады. Егер де осылай жалғасы беретін болса, Бейжіңнің Вашингтонға экспорты 190 миллиард долларға, ал Құрама Штаттардың Аспан асты еліне экпорты 166 миллиард долларды құрауы мүмкін». Біреулер қос державаның текетіресінен Қытай жеңіп шығады деп жатса, ал кейбір ақпарат құралдары Дональд Трамп ұстанған саясатты жақтап жатыр. Дегенмен сарапшылардың басым бөлігі «бұл сауда соғысынан екі мемлекет те ұтылады» деген ойда. Ал америкалық экспорттаушылар болса тауарларын енді Қытайдан басқа елдерге экспорттаудың жолын қарастырып жатыр. Лэрри Слоуэн, кәсіпкер: - Салықтың кесірінен бізге, яғни экспорттаушыларға жаңа нарықты игеруге тура келіп отыр. Қытайдан басқа Вьетнам, Таиланд, Камбоджа секілді елдер бар. Қазір ең бастысы – сауда байланысын орнату. Ең қызығы, сауда соғысы бірнеше мемлекеттің пайдасына шешілуі мүмкін. Мысалы, Бразилияға. Естеріңізде болса, Қытай сәуірде АҚШ-тан әкелінетін соя бұршақтарына салық салған болатын. Осыдан кейін қытайлықтар соя бұршақтарын импорттаушы елді іздей бастады. Осылайша Құрама Штаттарға бағытталған салықтың арқасында Бразилия өз өнімін Қытайға сатып, жаңа жұмыс орындарын аша бастады.
www.24.kz