Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жануарлар жер сілкінісін алдын ала сезе ала ма?

Жануарлар жер сілкінісін алдын ала сезе ала ма?

Жыл сайын біздің ғаламшарымызда мыңдаған жер сілкінісі тіркеледі. Кейде жер асты дүмпулерінің қатты болғаны соншалық қалалар қирап, жақын маңдағы тұрғындар мерт болады. Заманауи ғылым соңғы ғасырда дамығанына қарамастан әлі күнге жер сілкінісін алдын ала болжай алмайды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгінде жер сілкінісін алдын ала болжайтын әдіс жоқтың қасы. Оның қашан және нақты қай жерде жер қайта сілкінетіні туралы ақпарат жоқ. 
Тарихта жануарлар бүкіл қаланы құтқарып қалған оқиғалар болған. 1973 жылы Қытайдың Хайчэнь аймағында ірі жер сілкінісі тіркеледі. Апат болмай тұрып бір күн бұрын тұрғындар кішігірім жер дүмпуін сезген. Осыдан кейін жақын маңдағы барлық тышқан мен жылан індерінен кете бастайды. Мұны байқаған тұрғындар бір жамандықтың болатынын сезеді. Қала билігі ұзақ ойланбастан тұрғындарды көшіре бастайды. Бір күннен соң 7,3 балдық жер дүмпуі болады. Салдарынан 1328 адам көз жұмды. Егер тұрғындар ешқайда көшпей, күнделікті тіршілігін жалғастырса қайтыс болғандардың саны едәуір көп болар еді. 
Ғалымдар тышқан мен жыланнан басқа құмырсқа, бақа мен құстар жер сілкінісін алдына ала сезетінін айтады: 
– жер сілкінісін сезген құмырсқа күн болсын, түн болсын дереу илеуін босатып, «жан сауғалап» кетеді екен. Мұны 2013 жылы неміс ғалымдары байқаған;
– бақа болса жер сілкінбей тұрып бірнеше күн бұрын тоғаннан кетіп, қауіпсіз жерге орналасады екен. 2009 жылы Италияның Л’Акуила қаласында жер сілкінбестен бұрын бақалар жаппай көшкен;
– құстар апаттан бірнеше күн бұрын бірге топтасады не суға ұмтылады. 2011 жылы АҚШ-тың шығыс жағалауында болған жер сілкінісі кезінде хайуанаттар бағындағы 64 қоқиқаз топтасып, өздерін қауіптен қорғаған.
Ғалымдар жер сілкінісін болжайтын құралды қалай ойлап табамыз деп бас қатырып жүргенде, табиғаттың сыры ашылды. Жануарлардың Жер сілкінісін сезетін қасиетінің барын бұған дейін біраз зерттелген. Бірақ бұл тұжырым ғылыми тұрғыда расталмай келді. Алайда Еуропа ғалымдары бұл феноменнің рас екенін дәлелдеді.


Ғалымдар мына факторға баса мән берген: жануарлар Жер сілкінісін алдын ала сезіп, жүрісі, мінез-құлқы өзгеруі тиіс. Бұған дейін жасалған тәжірибелерде бұл фактор аса қатты еленбеген екен.
Тәжірибе жасаушылар алты сиыр, бес қой, екі итке арнайы сезбек (датчик) орнатқан. Дәл осы жануарлар Жер сілкінісіне аса сезімтал екен. Жануардың барлығы Италиядағы фермада болған. Кейінгі бірнеше жылда бұл аймақта Рихтер шкаласы бойынша магнитудасы 6,6-ға дейінгі 18 мың ірілі-ұсақ Жер сілкінісі болған.
Зерттеушілер сейсмикалық белсенділік кезіндегі жануардардың мінез-құлқын бақылай отырып, олардың Жер сілкінісін алдын ала сезетінін анықтаған. Жануар эпицентрге қаншалықты жақын болса, соншалықты ертерек сезетін болған. Кей жағдайда 18 сағат бұрын сезген екен.  
Еске салайық, кеше Алматыда жер сілкінісі болды. Алматылықтар өз үйлерін тастап, сыртқа шықты.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «НТЦСН и И» сейсмикалық станциялар желісі Алматы уақыты бойынша сағат 2024 жылғы 23 қаңтарда сағат 00:09:02-де (2024 жылғы 22 қаңтарда Гринвич бойынша 18 сағат 09 мин 02 сек) жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады.
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан.
Жер сілкінісі MSK-64 шкаласы бойынша Алматыда 5 балл, Шымкент 2 балл болып сезілген. 
Алматы ТЖД жер сілкінісі кезінде сирена не үшін қосылмағанын түсіндірді.
Фото: ашық дереккөз
syrboyi.kz​​​
 
24 қаңтар 2024 ж. 1 437 0