Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мессиді «Интер Майамиге» таныстыру рәсімінде дауыл соқты

Мессиді «Интер Майамиге» таныстыру рәсімінде дауыл соқты


Фото: reuters.com

АҚШ-тың Майами штатында аргентиналық шабуылшы Лионель Мессиді «Интер Майами» футбол клубының жаңа ойыншысы ретінде таныстыру рәсімінде дауыл соғып, шара кешігіп басталды.

Sports.es-тің мәліметіне қарағанда, іс-шара қатты дауылдың кесірінен екі сағатқа кешікті. Футболшыны таныстыруға билеттер толықтай сатылғанымен, трибунаның біраз жері бос болды. Өйткені дауылдың кесірінен көптеген жанкүйер орындарын тастап, кетіп қалған болатын. 

Дегенмен дауыл басылған соң, Мессиді жанкүйерлерге таныстыру рәсімі қалыптасқан дәстүр бойынша өтті. Клубтың тең қожайыны, Англияның атақты экс-футболшысы Дэвид Бекхэм халық алдында әлемдегі үздік ойыншыны команда қатарына алғанына қуанышты екенін, «Интер Майамиге» дүниежүзіндегі мықты футболшыларды алуды бұрыннан бері армандап келгенін атап өтті.

Мен 10 жыл бұрын Майамиде жаңа команда құруды енді бастаған кезімде, осы таңғажайып қалаға әлемдегі ең ұлы ойыншыларды әкелуді армандаған едім. Олар АҚШ-тағы футболды дамытуға көмектеседі деп санайтынмын. Бүгін бұл арман орындалды. Мен Лео сияқты ойыншының біздің клубқа қосылғанын мақтан тұтамын. Сонымен бірге біздің «Интер Майами» қауымдастығына қосылған жақсы досымды, таңғажайып адамды және оның отбасын қарсы алғаныма қуаныштымын, – деді Бекхэм.

Рәсімде америкалық клуб трансферді ресми түрде растады. Месси бұл клубқа еркін агент ретінде ауысты. Ол АҚШ командасында 10-нөмірмен өнер көрсетеді.

Сонымен бірге «Интер Майами» футбол клубы Испанияның жартылай қорғаушысы Серхио Бускетспен келісімшарт жасасты. Онымен келісімшарт 2025 жылға дейін жасалған. 

Бускетстің жасы – 34-те. Ол 2005 жылдан бері «Барселона» клубында ойнады. Былтыр Бускетс каталониялық клубпен жаңа келісімшарт жасасудан бас тартты.

Енді келесі маусымда Лионель Месси мен Серхио Бускетс бір клубта ойнайды.
17 шілде 2023 ж. 3 047 0