Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Италиядағы табиғи апат

Италиядағы табиғи апат


Италияның Эмилья-Романья аймағындағы көп елді мекенді әлі де су басып жатыр. Өткен аптада басталған жаңбыр енді ғана толастады. Су тасқыны қаупі Италияның солтүстігінен оңтүстікке қарай жылжып, Калабрияда қауіп­сіз­діктің «қызғылт сары» деңгейі жарияланды, онда бұқаралық іс-шара тоқтатылды.

Елдің үкімет басшысы Джорджа Мелони G7 саммитінен келе сала Эмилья-Романья өңіріне бет алды. Қазір табиғи апат салдарымен күресуге жүздеген ерікті жұмылдырылған. Нөсер жауын ауыл шаруашылығына орасан зор шығын келтірді. 40-тан астам қала зардап шегіп, 14 адам қаза тапты. Қазір ондағы 36 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Көп адам із-түзсіз жоғалғандар тізімінде. Еріктілердің айтуынша, қазір су басқан бірқатар елді мекен тұрғындары ауыз су мен азық-түліктен тарығып отыр. Жойқын тасқын мен дауылдан кейін 20-дан астам өзен арнасынан асқан.

«Су тасқыны болған аудандарды аралап жүрмін. Мені адамдардың табиғат апатына мойымай, салдарын жоюға күш салып жатқаны таңғалдырды. Біз жапа шеккен тұрғындарға барынша қолдау көрсетеміз», деді Джорджа Мелони.

«The Guardian» басылымының хабарлауынша, Эмилия-Романья губернаторының орынбасары және азаматтық қорғаныс бөлімшесінің басшысы Ирен Приоло аймақтағы 100-ге жуық муниципалитет су тасқынынан зардап шеккенін, бұл 2012 жылы аймақта болған жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерден үш есе көп екенін мәлімдеген. Равеннаның өзінде нөсер бірнеше күн бойы тынбай, қала мэрі Массимо Изола қаланы қоршап тұрған төбелерде орналасқан ауылдардағы апатты жағдай туралы хабарлады. Көшкіннің жүру қаупі жоғары, бұл аймақтарға құтқарушылардың жетуі өте қиын. Дегенмен, жұмыс жалғасып, құтқарушылар су тасқынынан зардап шеккендерді әлі эвакуациялап жатыр. Италияның солтүстігінде 36 сағат бойы жауған толассыз жауынның салдарынан жарты жылдық жа­уын-шашын түсіп, келтірілген шығын миллиардтаған еуроға бағаланып отыр.

Су тасқынының салдарынан Имоладағы «Фор­мула-1» жарысы тоқтатылды. Өткен жұма күні «Формула-1» ұйымдастырушылары зардап шеккен ай­мақ­тарды қалпына келтіруге көмектесу үшін бір миллион еуро беретіндерін айтты. Бұған дейін «Феррари» командасы да осындай уәде берген еді.

Шетелдік ғалымдардың пайымдауынша, ауа райының ыстық толқыны, қатты дауыл, су тасқыны және құрғақшылық сияқты экстремалды құбылыстар адамдардың парниктік газдар шығарындыларынан туындаған климаттың өзгеруіне байланысты жиі және қарқынды болып келеді.

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Хиросимадағы G7 саммитінің аяғына дейін қатыса алмады, алдын ала жоспарланған Қазақстанға сапарынан да бас тартты. Ол су тасқыны салдарынан жарияланған төтенше жағдай кезінде еліне оралып, халқымен бірге болуды ұйғарды.

«Эмилья-Романья аймағында болған жойқын су тасқыны салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Италия премьер-министрі Джорджа Мелони табиғат апатынан зардап шеккен өңірлерге бару үшін Хиросимада өткен G7 саммитінің соңына дейін қатыспай, еліне қайтып барды. Келіп түскен мәлімет бойынша Италияның солтүстігінде кем дегенде 40-тан астам елді мекен су астында қалып, 20 мыңнан астам адам бас­панасынан айырылды. Осы себепке байланысты Италия үкіметі басшысының Астанаға алдын ала жоспарланған жұмыс сапары болмайды», деп мәлімдеді Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

Ол Италия тарапының Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелонидің телефон арқылы сөйлесуін ұйымдастыруды сұрағанын атап өтті.

«Legambiente» экологиялық ұйымының мәлі­метінше, 7 миллионға жуық италиялық су тасқыны қаупі бар аймақтарда тұрады. 2014 жылы сол кездегі премьер-министр Маттео Ренци «Italia sacra» – «Қауіпсіз Италия» жедел тобын құрды, оның міндеті су тасқыны мен көшкіннің алдын алу еді. Алайда 2018 жылы Джузеппе Конте үкіметі бұл топты таратып, өз жобасын ұсынды.

Гүлнар ЖОЛЖАН

23 мамыр 2023 ж. 518 0