Microsoft Windows 10-ды сатуды тоқтатады
2015 жылғы шілдеде қосылған Windows 10 операциялық жүйесі (ОЖ) сегіз жылдан кейін қолданыстан шығарылады. ОЖ-ның ресми тоқтатылуы 2025 жылдың 14 қазаны деп белгіленген. Microsoft дүкенінде 1 ақпаннан бастап Windows 10 кілттерін сатып алу тоқтатылды. Енді Microsoft өзінің ресми онлайн немесе офлайн дүкендерінде 10-шы ОЖ үшін өнім кілттерін сатпайды. Бұл туралы Aikyn.kz windowslatest.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Кешеден бастап Microsoft дүкені Windows 11 жүйесіне арналған өнім кілттерін ғана ұсынатынын және Windows 10 жүйесі енді ресми сатылмайтынын жариялады.
«2023 жылдың 31 қаңтары Windows 10 сатылымға шығарылатын соңғы күн болады. Windows 10 жүйесіне 2025 жылдың 14 қазанына дейін компьютеріңізді вирустардан, шпиондық және басқа да зиянды бағдарламалардан қорғауға көмектесетін қауіпсіздік жаңартуларымен қолдау көрсетіледі», – делінген компанияның веб-сайтында жарияланған мәлімдемеде.1 ақпаннан бастап Microsoft корпорациясы Windows 10 Home және Pro өнім беттерін Windows 11 жүйесіне бағыттай бастады. Бұл Windows 11-ден гөрі Windows 10-ды ұнататын және ескі операциялық жүйені сатып алуды жоспарлап жүргендер үшін жағымсыз жаңалық сияқты естіледі. Бірақ бұл өзгеріс Windows 10 өнім кілттері енді мүлдем болмайды дегенді білдірмейді.
Біріншіден, қолданушы Windows 10 өнім кілттерін Amazon немесе eBay сияқты басқа онлайн сатушылардан сатып ала алады. Офлайн дүкендер бүкіл әлем бойынша Windows 10 өнімдерін ұсына береді. Сондай-ақ Microsoft компаниясы Windows 10-ды белсендіруді бұғаттамайды.Қолданушы Windows 11 операциялық жүйесінің кілтін сатып алып, Microsoft-тың цифрлық көшірмесінің көмегімен Windows 10 жүйесін таңдай алады. Windows 10 жүйесін Windows 7 және 8.1 кілттерімен белсендіру мүмкіндігі де сақталды.
Компьютерге орнатылған Windows 10 қалыпты жұмыс істей береді. 2025 жылдың қазан айына дейін ай сайынғы жинақталған жаңартулар арқылы қауіпсіздік жақсартуларын алуды жалғастырады. Microsoft операциялық жүйеге 2025 жылдың 14 қазанына дейін қолдау көрсетілетінін растады. Бірақ қолдау корпоративтік клиенттер үшін көбірек болуы мүмкін.
Басқаша айтқанда, қолданушы Windows 10 жүйесін пайдалануды жалғастыра алады. Windows 11 жаңа операциялық жүйесіне қосылуға Microsoft ешкімді мәжбүрлемейді. Себебі Windows 11 барлық қолданушыларға арналмаған, ал Windows 10 жүйесінің кеңейтілген функциялар мен баптау параметрлері көп мүмкіндіктер ұсынады.Сонымен бірге Microsoft корпорациясы Windows 12 жүйесін әзірлеуде және жаңа жүйеде жасанды интеллект маңызды рөл атқарады деп күтілуде. Әзірше, оның нарыққа шығатын мерзімі белгісіз.