ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ ЕҢ БАСТЫ БАЙЛЫҚ ЕЛ ҮШІН
Еліміз еңсесін тіктеп, дамудың даңғыл жолына қадам басқан сайын уақыт талабының да жаңа қажеттіліктерді талап ететіндігі бесенеден белгілі. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта этносқа бай еліміз бірлігін сақтай отырып, өркениет көшінен қалыс қалмай келеді. Соның нәтижесінде мемлекетіміз дамудың өзіндік даңғыл жолына түсіп, әлемдік елдер қатарынан өз орнын алуға ұмтылуда. Демек, алдағы уақытта да атқарылар шаралар бізден ынтымақ пен болаттай берік бірлікті талап етеді. Осындай биік талап деңгейінен табылу мақсатында облыста Қоғамдық келісім орталығы құрылып, іске кіріскен болатын.
Этносаралық байланысты нығайтып, адамдарды ұлтына, тілі мен дініне қарап бөлмей, ұлттық-мәдени бірлестіктер мен басқа да үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарына сараптама жүргізіп, ақпараттық түсініктеме беру осы орталыққа жүктелді. Бүгінде облыс орталығы мен аудандардағы, өндіріс ұжымдары мен қоғамдық ұйымдардағы этномәдени бірлестіктер тығыз байланыс жасап келеді. Олардың әрқайсысының өз дәстүрлерін ұстануға, мерекелік шараларын салтанатты түрде өткізуге, ұлттық киімдері мен тағамдарын көпшілкке таныстырып, елдің ынтымағын арттыруда осы Қоғамдық келісім орталығының атқарар шаруасы орасан.
Облысымыздың барлық аудандарында «Қоғамдық келісім орталығының» эксперттері жұмыс жасайтынын да айта кеткен жөн. Солардың ішінде біздің аудан өзге аймақтарға қарағанда көпұлттылығымен ерекшеленеді. Яғни, өңірімзде 18-ге жуық ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Мамандардың айтуынша, олардың көпшілігі аудандағы «№23 геологиялық-барлау экспедициясы» мен «№6 кен басқармасында» жұмыс істейді екен.