Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕГИПЕТ НЕГЕ МЕШЕУ ҚАЛДЫ?

ЕГИПЕТ НЕГЕ МЕШЕУ ҚАЛДЫ?


Тағы да «Араб  жазушыларының  әңгімелері»,  тағы да «данышпандар кітабы». Таяуда мысырдың атақты жазушысы, драматург, новеллашы Мухаммад Таймурдың шығармаларына көз жүгіртіп шықтым. Керемет жазушы. Қозғайтын тақырыптары да өзекті. Ол 1892 жылы Египеттің астанасы – Каир қаласында  филолог Ахмед Таймурдың  отбасында дүниеге келген. Египеттегі реалистикалық театрдың негізін салушылардың бірі.
Оның Махмуд Таймурдың ағасы екенін атап өтейін. Мухам­мад Таймур шығармалары­ның өзектілігі сол, дін мен саясатты терең әрі нәзік ұштастыра білуінде. Бұл ой менде «Египеттіктердің мешеу қалуының бір сыры» әңгімесін оқығаннан соң қалып­тасты. Шығарманы Қазақ­стан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы, аудармашы Байұзақ Қожабеков орысшадан аударған. Аударма бәрінің көңілінен шығатындай сәтті болды деу қиын. Түпнұсқадан емес, орыс тілінен аударылған соң, олқылықтар өте көп. Дегенмен мұсылмандық үлгісінен ауытқымауға тырысқаны көрініп-ақ тұр. Сонымен… «Еги­пет­тіктердің мешеу қалуының бір сыры». Шығармаға кітаптан 136-138 беттер беріліпті. Өте шағын әңгіме. Мағынасы терең әрі саяси маңызы өте зор. Шығармадағы екі шалдың есімдері аталмайды. «Қарт», «шал» сөздерімен бері­леді. Әсіресе, екеуінің бірін­шісіне ерекше тоқталады. Бұл шал кім? Бұл – «ұл десе ұлы, қыз десе қызы бар, шын мәнісінде қадірменді, ақшасы көп, жоғары мәр­тебелі адам – біздің жаңа көр­шіміз. Ал «біз», «мен» деп бірін­ші жақта сөйлеп отырған жазушының өзі – Мухаммед Таймур. Шал жазу­шының тұратын кварталында төрт ай тұрақтады. Содан кейін рама­зан айы басталды. Ол шал өз үйінің бір бөлмесінде оты­рып алып, балаларға «Сахих Бухари­дан» хадистерін оқитын болды. Үйде екінші қарт болды. Ол біріншісі шаршағанда оның орнын алмастырып, балаларға хадис оқып отырады. Кейін, жазушы шалға жақындап, қасында отырып бір сағат әңгімелеседі. Енді кітаптың желісі бойынша жалғастырайын. «Ақырында әл-Бухариды оқу жайын әңгімелеп, оған былай дедім:
– Құрметті мырзамның (екін­ші шалды нұсқап) біздің көршімен бірге пайғамбардың өсиетін (хади­сін) оқып отырғанын күнде көргем-ау деймін.
– Балам, біз оны Алла Тағала­ның сауабын алу үшін оқимыз!
– Пайғамбар өсиеттерін оқу зор пайда келтіреді ғой. Бәл­кім, сіз одан грамматиктердің кей­бір пікірлерін дәлелдейтін мысал­дар­ды білетін боларсыз?
– Балам, біз оны Алла Тағала­ның сауабын алу үшін оқимыз!
– Сіздер ол өсиеттердің –­ ха­­дистердің мазмұнынан соц­ио­ло­­гияның кейбір теорияларын қол­дай­тын немесе жаңа жаққа шы­ғаратын теория аңғарған жоқсыз ба?
– Балам, біз оны Алла Тағала­ның сауабын алу үшін оқимыз!
– Сіз одан әр халықтардың саясаты жайында, қандай да болмасын бір нұсқау дегенді кез­дес­тірмедіңіз бе? Бұл адам ма­ған таңырқай қарап, сасқа­лақ­тап, сақалын сипап, біраз отырды да:
– Балам, біз оны Алла Тағала­ның сауабын алу үшін оқимыз, – деді.
Содан соң, ол бізбен қошта­сып шығып кетті. Рамазан бі­тіп, бұл кездесуді ұмытып та кет­­кен едім, бір күні кенеттен біз­дің үйге Еуро­паның Шығыс зерт­теу­ші­ле­рінің бірі сап етіп келе қалды. Бұл жарқын жүзді, жұмсақ мінезді болуы да ғажап емес, ақ шашты жайдары адам екен. Египетке көз ауруы жайындағы көне араб кітабын зерттеуге келіпті. Бұл кітапты бүкіл дүниежүзі кітап­ха­наларынан таба алмай, біздің кітап­ханадан ғана тауыпты. Бұл адаммен ұзақ әңгімелестім. Айт­пақ­шы, мен оған былай дедім:
– Мырзам, сізге үлкен рақмет, бұл кітаптың қайта басылуы – бү­кіл Шығысқа шарапатын тигізер.
– Жоқ, бұл кітапты қайта бас­тыруға тауып бергеніңіз үшін ме­нің сізге рақмет айтуым керек.
– Сіз арабтардың өлген білі­мін қайта тірілтіп, оларға қайырым­дылық көрсетіп отырсыз.
– Иә, сонымен қатар сол дәуір­де медицина қандай дәрежеде бол­ғанын адам баласына танытып, осы ғылымның тарихына еңбек ете­мін бе деймін, бұл қолымнан келеді ғой деген үмітім бар.
Ол кітапты алып, бізбен қошта­сып кетіп отырды. Бірнеше ай өткен соң, кітаптың тамаша етіп қайта басылған бір данасын әкеп берді».
Новелла осымен аяқталыпты. Қызық! «Арабтардың өлген білімі». Ой саларлық тіркесті сөйлем екен. Мухаммад Таймур бұнысымен не айтқысы келді? Біріншіден, ол – Парижде оқыған жазушы. Нағыз қайнаған поэзия мен прозаның ортасынан келді. Оның шығармаларынан Ги де Мопассанның жазушылық шебер­лі­гінің иісі шығуы да осыдан. Бүкіл араб жұртының өміріне шы­ғыс зерттеушісін «алып келуінен» де жазушының ғылым-білімге де­ген сүйіспеншілігі білініп-ақ тұр. Екіншіден, жазушы еги­пет­тік­тердің ғылым мен әдебиеттен кенже қап қойғанын айтқысы келеді. Ол Бухариға, яғни жалпақ тілмен айтқанда, шариғатқа тағар айыбы жоқ. Өзі де мұсылман от­­ба­сында дүниеге келген. Құран­ның алғашқы бұйрығы «Оқы!» деп нәзіл болғанын бұл жазу­шы білмеді деп ойламаймын. Иә, адам тек діни сауатпен шек­тел­меу керек. Кез келген ғылым­мен шұғылданып, берісін мұсылмандарға, әрісін барша әлемге пайдасын тигізуі керек емес пе?! Тек әр нәрсеге ақырет дүрбісімен қарап, Алланың бекіткен шекарасынан шықпасақ болды емес пе?! Қалағаныңды жаз, оқы, айт. Тек пайдалы сөз сөйле. Міне, жазушының айтар идеясы – осы. Шариғат діни ілімнен өзге ілімдерге көз салу­ды харам демеген. Шектеу қоймаған. Шариғат бәрімізге мешітте отырып имам бол демей­ді. Жаңа заманға жаңашыл көз­қарас­пен қарап, жұртпен бірге өс, өркенде дейді. Міне, әдебиет пен шариғатты ұштастырудың қысқаша баяны – осы. Үшіншіден, менің субъективті пікірім бар. Қолдайтындар қолдар. Қолдамаса, өз сөзім – өзімдікі дедім де… Бұл тек египеттіктердің мешеу қалғаны емес. Бүкіл мұсылмандарға қара­та айтылған үндеу. «Мың бір түн» – араб ертегісі, сонау әзір­бай­жанның «аңызы» Низами мен Физулидің «Ләйлі мен Мәж­нүні», «Хұсрау мен Шырын», « Жүсіп пен Зылиха» және тағы басқа толып жат­қан мұсылман әлемін клас­си­ка­лық әдебиет сахнасына алып келген шығармалар өте көп. Тіптен Құранның қиссалары. Осылардың желісі бойынша, замана тудырған шығармаларды ойлап тапсақ керемет болар еді. Әрине, осы уақытта ондай шығармалар мүлдем жоқ дей алмаймын. Мысалы, түрік Мехмет Алагаштың «Маңдайдағы жұлдызым» әңгімесі – шоқтығы биік шығарма. Бірақ өте аз. Айтпақшы, Мухаммад Таймурдың бұл шығармасы сіздерге ұнаса, жазу­шының «Неке тойы мен қаза», «Сүт қатқан кофе мен шаң аралас сүт», «Ұры мен ұры», «Деген­­мен Египеттің әйелдері мұн­дай бақытқа жаралмаған» және тағы басқа шығармаларын оқуды кеңес етемін. Ал оқырман, сіздер не айтасыздар?
Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ, 
«Әл-Латиф» мешітінің бас имамы. 
Ақтөбе қаласы
15 наурыз 2018 ж. 994 0