Пілдер қырылып жатыр...
Африка құрлығындағы құрғақшылықтан, соның ішінде Зимбабведе кем дегенде 200 піл қырылған. Құрғақшылықтан, дәлірегі, су мен қоректің таусылуынан қырылған. Бұл жайында ВВС Africa ақпарат көзі аталған ел билігінің осы мәселеге қатысты алаңдаушылыққа толы мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып хабар таратты. Пілдердің одан ары қырылуына жол бермесі үшін Зимбабведегі жабайы табиғат пен бақтар басқармасының қызметкерлері 600 пілді қорық маңынан елдің шығысында орын тепкен үш ұлттық баққа ауыстыратын болды. Сондай-ақ, олар тек пілдерді ғана емес, керік пен арыстандарды, енеке мен қарақұйрықты, т.б. аңдарды көшіретінін жеткізді. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Зимбабведе 80 мың піл бар, бұл санды африкалық пілдердің жалпы санына шаққанда шамамен бестен бірін құрайды. Таяуда ғана аталған ел билігі жабайы табиғатты қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдар мен әлемдік қауымдастық сынының астында қалған болатын. Қытайға 10 пілді аттандырғаны үшін. Өйткені, аталған елде осыншалық көп пілдің жайылымына жер жетіспейді.