Грузияда балалардың құқығын қорғайтын арнайы заң қабылданбақ
Баланы қара жұмысқа жегу – Грузияда да өткір тұрған мәселе. Ел үкіметі түрлі бағдарламалар түзіп, балалар орталықтары мен жедел топтардың жұмысына қыруар қаржы бөліп жатыр. Жуырда балалардың құқығын қорғайтын арнайы заң қабылданбақ. Грузияда күн сайын мыңдаған бала көшеге шығып, еңбек етуге мәжбүр. Олар оқуды қойып, құрдастары секілді ойнаудан қалған. Бала кезінен қорлық көріп жүргені жетіп артылады. 2015 жылғы зерттеу көрсеткендей, 5 пен 17 жас аралығындағы 24 мың бала мемлекет пен қоғам қолдамайтын жұмысты істеуге мәжбүр. Бұл – елдегі барлық балалардың 4%.
Майя Куртскидзе жиырма жыл бойы балалар еңбегін қанау мәселесімен айналысып, ауыр жағдайға түскен жасөспірімдерге көмектесіп келеді.
Майя Куртскидзе, коммуникациялық бағдарламалардың жетекші маманы:
– Балалар еңбегі – күрделі құбылыс. Себебі ол балалардың білім алуы мен дамуына кері әсерін тигізеді. Денсаулығына да зиян болады. Қазір Грузияда осындай балаларға мемлекет жағынан көмек көрсетіліп жатыр. Тбилиси мен Кутаиси қалаларында жедел топтар жұмыс істейді. Балаларды қабылдауға дайын орталықтардың есігі күні-түні ашық. Тіпті олармен психолог мамандар және кезінде өздері тақылеттес жағдайға тап болған ересек адамдар да жұмыс істейді.
Көше кезіп жүрген балалар қатал тәртіп, қанау мен зорлыққа негізделген қауымдастықтар құрады. Мамандардың айтуынша, балаларға осындай ортадан құтылу қиын. Шырғалаңнан шығарып алсаң да, қалыпты өмір сүруге үйрету оңай емес.
Майя Мгелашвили, балалар құқықтарын қорғау бағдарламасының менеджері:
– Көше жұмысына жегілген балалармен жұмыс істеймін. 2016 жылы экономикалық қанауға түскендер ретінде осындай балалардың құқықтарын қорғау бағдарламасын бастадық. Көшедегі жұмысқа қайыршылық, ұсақ бір заттарды сату, қылмыстық топтардың тапсырмаларын орындау, тіпті жезөкшелік де кіреді. Балалар қаналып жүргенін өздері де түсінбейді. Табысының 90% басқа біреуге тапсырады.
Бүгінде балалар еңбегін қанау мәселесі бірнеше деңгейде шешіліп жатыр. Үкімет түрлі бағдарламалар, балалар орталықтары мен жедел топтардың жұмысына қаржы бөледі. Еңбегі қаналып жүрген балалардың құқығын қорғайтын арнайы заңда қабылданбақ. Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/item/321931-gruziyada-balalardy-y-yn-or-ajtyn-arnajy-za-abyldanba