Қатары толыққан НАТО
Өткен аптада Финляндия ресми түрде НАТО құрамына енді. Осылайша ұйымның Брюссельдегі штаб-пәтерінде 31-мүшесінің жалауы көтерілді. Бұл іс-шараға Финляндия президенті Саули Ниинистё мен үкімет министрлері қатысты. Солтүстік альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг «Финляндияның ұйым қатарына қосылуы шын мәнінде үлкен тарихи оқиға болды» деп мәлімдеді. Негізі Финляндиямен қатар Швеция да НАТО-ға өтуге өтініш берген еді.
Өткен жылы Ресей Украинаға қарсы әскери операция бастаған кезде Финляндия қауіпсіздік қамына кірісіп, Солтүстік Атлантика одағына кіруге ықылас танытты. Алайда бұл шешім бірден қолдау таппады. Өйткені НАТО құрамындағы отыз ел бірдей келісім беруі қажет еді, ал кейбір мемлекеттер қолдау білдіруге асықпады. Финляндиямен бірге Швеция да сондай тілек білдіріп еді, ол да сынға ұшырап, қолдау таппады. Негізі екі елдің де НАТО құрамына осы күнге дейін мүше бола алмауына Мажарстан мен Түркия себеп болды. Мемлекеттер бірқатар талап қойып, ол орындалмайынша, Будапешт пен Анкара шешімдерін өзгертпейтіндерін мәлімдеді. Атап айтар болсақ, Анкара Скандинавия елдерінен «террорист» (Түркия мәліметі бойынша) күрд содырларына қарсы шара қолдануды талап еткен еді. Негізі Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған Финляндияға қарағанда Швецияның НАТО құрамына кіруіне қарсы. Түркия Швеция НАТО-ға өтініш түсірмей тұрып-ақ бұл мемлекеттің ұйым құрамына енуіне түбегейлі қарсы болды. Анкара Стокгольмнің Күрдістан жұмысшы партиясы (PKK) сияқты күрд содырлық топтарының мүшелерін және АҚШ-та тұратын мұсылман дінбасы Фетхуллаһ Гүленнің ізбасарларын еліне кіргізгенін алға тартты. Швецияның бұрынғы билігі өткен жылдың маусым айында осы мәселе бойынша жасалған меморандумның бір бөлігін ғана орындаған. Олар қару эмбаргосын алып тастап, Сириядағы YPG деп аталатын күрд топтарына қаржылық және басқа да қолдау көрсетуді тоқтатқан болатын. Анкара болса PKK және Түркияда террорист деп танылған басқа да топтармен байланысы бар адамдардың елден түбегейлі экстрадициялануын талап етіп отыр. Әзірге Швеция Анкараның екі өтінішін ғана мақұлдады. Скандинавиялық БАҚ-тың хабарлауынша, елден шығарылуы ықтимал елуден аса адамның тізімі әлі қаралып жатыр.
Бұған дейін сарапшылар одақтас екі елдің НАТО құрамына кіруге шешім қабылдауынан гөрі олардың қауіпсіздік альянсына толық мүше болуы қиынға соғатынын айтқан еді. Олар «Стокгольм мен Хельсинкидің өтпелі кезеңі 12 айға созылуы мүмкін, өйткені НАТО-ның 30 мемлекетінің әрқайсысы олардың мүшелігін ратификациялауы қажет, барлығының бірауыздан қолдауы екіталай», деген болжамдарын да жасырмады. Сондай-ақ олар «негізі екі ел қорғаныс мақсатында ғана НАТО құрамына кірмек», деп пікір де білдірді.
Сарапшылар сөзін саясаткерлер де растады. Финляндия саясаткері Элина Валтонен Финляндия президенті мен премьер-министрінің НАТО-ға дереу кіру туралы шешіміне байланысты Ұлыбританияның «Sky News» басылымына сұхбат берген еді. «Финляндия ондаған жыл бойы бейтарап ел болды, бірақ біз шығыстағы көршіміздің төндіретін қаупін ешқашан ұмытқан емеспіз. Біз ешқашан кеңес одағының құрамында болған емеспіз, өйткені біз бұрын Ресей мен кеңес одағына қарсы соғысқанбыз. Бірақ қазір заман басқа. Көршіміздің одан бетер агрессивті, тосын мінез танытқанын көріп отырмыз. Сондықтан ел қауіпсіздігі үшін НАТО-ға кірудің кезі келді», деді саясаткер. «Финляндияның НАТО-ға кіруіне байланысты Ресей қауіп төндіруі мүмкін бе?» деген сұраққа ол: «НАТО – қорғаныс одағы. Сондықтан Финляндия болсын, мүмкін Швеция болсын болашақта өз еркімен немесе халықтың шешімімен НАТО құрамына кіретіні сөзсіз. Біз демократиялық елміз және ғасырлар бойы сақтап келе жатқан құндылықтарымызды қорғағымыз келеді», деді Элина Валтонен.
Сарапшылардың болжамы дәл келіп Финляндия НАТО құрамына он екі ай өткеннен соң ғана еніп отыр. Ал Швецияның Солтүстік Атлантика одағындағы тағдыры қалай болары әлі белгісіз. Швед саясаткері Энни Лёф Финляндияның НАТО-ға кіруін Швецияны да әрекет етуге шақыру ретінде қабылдағанын жеткізді. «Сыртқы дүниенің көзі енді Швеция мен Финляндияға ауды. Швеция Финляндиямен бірге Скандинавия және Балтық жағалауы аймақтарындағы қауіпсіздікті жақсартуға тиіс мемлекет», деп жазды ол өзінің Twitter парақшасында. Осылайша екі ғасыр бейтарап позицияны ұстанған Швеция бұл көзқарасын өзгертпек. Ал сыншылар болса бұл бағытта Швецияның өз ұстанымы жоғын алға тартып, өзге елдермен бірге, көп ішінен аса көп дараланбай алға жылжып отырғанын айтады.
Негізі Финляндия мен Швецияны НАТО құрамына енуіне мүдделі болып, үгіттеген Ұлыбританияның бұрынғы премьер-минитрі Борис Джонсон еді. Ол аталған елдерге қауіп төне қалса, Ұлыбритания оларға қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, екі елмен қауіпсіздік туралы декларацияға қол қойғаннан соң осындай мәлімдеме жасады. Бұдан соң Борис Джонсонның үгіт-насихаты мықты болып, Швецияны НАТО құрамына енуді итермеледі деушілер де табылды. Мұндай пікір иелеріне Швеция сарапшыларының жауабы да дайын.
«Ұлыбритания – әлемдік тарихта өз орнын ойып алған елдердің бірі. Оның «Brexit» немесе «Partygate» саясаты Швецияның көзқарасын мүлдем өзгертпейді. Біз Ұлыбританияның Украинаны әу бастан қолдағанын көрдік, бұл аталған елге сенім арттырды. Біз әлі де Ұлыбританияның ЕО мүше болуын қалаймыз», деді швед сарапшысы Фегерстен.
Қалай десе де ең бастысы халық бұл мәселеде үкіметті қолдап отыр. Күн сайын шығатын швед баспасөзінің бірі «Aftonbladet» газеті жүргізген сауалнама нәтижесі елдің НАТО-ға кіруін қолдайтын тұрғындардың саны күн сайын өсіп отырғанын көрсетіп отыр. Мәселен, қазір мүшелікті қолдайтын халықтың саны 70 пайызға жеткен.
Соңғы мәліметтер бойынша Швеция 11 шілдеге қарай НАТО-ға қабылдануы мүмкін. Бұл туралы АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен «Euronews» арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Ол Түркия мен Мажарстан Швецияны қолдайды деп сенім білдірді. Осылайша Швед елі альянстың 32-мүшесі болмақ.