Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Шағын шаруашылықты кім сақтандырады?

Шағын шаруашылықты кім сақтандырады?



Агросекторды сақтандырғысы келетін компаниялардың ықы­ла­сы тек ірі шаруа­шы­лық­тар­ға ауып тұрғаны, Үкіметтің ауыл мен фермерге қатысты көзқарасы солардың жағдайына қарап қалыптасатыны осы­ған дейін айтылған. Ауыл шаруа­шы­лығындағы олардың үлесі – 4-5 пайыз. Ал қалған 95 пайыз қа­рамағында 10-15 гектар жері бар ұсақ фермерлердің үлесінде. «Ұсақ фермерлердің жағдайын кім ойлайды?» деген сұрақтың жауабы табылмағанына ондаған жылдар өтті.

Сақтандыру сегментінің сарапшысы Азамат Керімбаев 15 жыл бұрын нарықта 44 компания болғанын, қазір қатары сиреп қалғанын айтты.
«Көптеген елде сақтандырушылар тех­ни­калық жаңалықтарды енгізе отырып, эко­но­миканың түрлі саласына белсенді түр­де инвестиция жасап жатыр. Бізде ондай үрдіс әлі жоқ», дейді сарапшы.
Агросекторды сақтандырудың бас операторы – «Аграрлық несие корпорациясы» шарттарына тек ірілендірілген шаруа­шы­лық­тар ғана жауап бере алады. Ал сақтандыру сегментінде жүрген сарапшылар бірінші кезекте мемлекеттен субсидия алып отырған шар­уашылықтарға басымдық беретінін ай­тады. Инвесторлардың сақтандыру саласына қызығушылық танытпауы нарықтағы компания санын қысқартып жатыр.
А.Керімбаевтың айтуынша, сақтандыру компа­ниялары келісімшартқа қол қоймай тұрып жердің құнарлылығы мен қуаңшы­лық­қа төзімділігін спутник арқылы тек­се­реді. Осы талапқа сай келетіндер ғана сақ­тан­дыру компаниясынан төлем алады.
Сарапшылар сақтандыру мәдениеті қалып­таспағанын, халықтың басым көп­шілігі бұл салаға мәжбүрлі түрде баратынын талай рет айтқан. А.Керімбаевтың айтуынша, мүлкін сақтандырғысы келетін азаматтардың біразы ең арзан сақтандыру полистерін сатып алуға тырысады.
Үкіметтің есебіне сәйкес, 2021 жылы ауыл шаруашылығын сақтандыруға 1 млрд 24 миллион теңге көлемінде қара­жат бөлінді. 2022 жылы 156 мың гектар жер сақтандырылған, бұл республика бойынша жалпы егіс алқабының 1 па­йы­зына да жетпейді. Бұл аймақтар негі­зінен Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында орналасқан. Мысалы, Еуропалық одақ елдерінде ауыл шаруашылығы аймақтарының 60-пайыздан астамы сақтандырумен қамтылған, ол елдерде климаттық тәуекелдер Қазақстанға қарағанда әлдеқайда төмен. Ауыл шаруашы­лы­ғын сақтандыруға сұраныстың төмен болуының негізгі себептерінің бірі – мемле­кет­тік қолдаудың жеткіліксіз көлемі және сақ­тандыру өнімдерін тұтыну мәдениетінің жоқтығы.
Тәуелсіз сарапшылар ұсақ фермерлердің қателігін ауызбіршіліктің аздығымен байланыстырады. Бірі несие, субсидия сұраса, енді бірі ештеңе керегі жоқ дейді. Несие алу бағдарламасының жүйесін өзгертіп, субсидияның кей түрлерін оңтайландырып жатқанына қарамастан ұсақ фермерлер үн қатпай, бейтарап қалып отыр.
Қоғам қайраткері, экономист Қуаныш Айтахановтың айтуынша, сақтандыру сег­менті – бизнес. Олардың агросекторға қа­тыс­ты ұстанымы мен Үкіметтің ұста­ны­мын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.
«Ауылды қолдауға бөлінген қаржының қомақты бөлігі ірі шаруашылықтарға берілді. Демек сақтандыру компанияларының сол қаржыны пайдаланып отырған ірі шаруа­шы­лықты сақтандыруға мүдделі болуы да нарық заңы. Осы өлшеммен қарасақ олар­ға қуаңшылықта сыр беріп қалатын егіс алқап­та­рын сақтандыр деп қолқа салу да нарық заңына қайшы», дейді.
Бірақ қомақты қаржыны иеленіп отыр­ға­нына қарамастан ірі шаруашылықтар агросекторды аяғынан тік тұрғызды деп тағы айта алмаймыз. Десе де мемлекет биылдан бастап ауылды көтеруге ден қойып жатыр. Мемлекет басшысының ауыл аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы осы сөзімізге дәлел. Биылдан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін әкімдіктерге 52,4 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржыға 11 606 микрокредит беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ республикалық бюджетті нақтылау аясында облыс әкімдері 2023 жылы ауыл халқына қосымша 15 090 микрокредит беру үшін 73,5 млрд теңгеге өтінім берген.
«Жалпы, ауылды дамыту бағдар­лама­сын­да жерді сауықтыру мәселесіне көңіл бөліп, әртүрлі себеппен істен шығып қалған суармалы жерлерді айналымға енгізу үшін мелиорациялық шаралар атқарылуы керек. Жекешелендіру барысында шаруашылықтар ұсақталып, бұрынғы ішкі шаруашылық ка­налдар мен кәріздік жүйелер, тік дренаж ұңғымалары шаруашылықаралық нысандарға айналып, көпшілігі иесіз қалды. Ұсақ шаруа қожалықтарында қаржы, техника болмай су, кәріз жүйелері уақтылы тазаланбай, ұйық басып, су тарту қуатынан айырылды. Жердің инвестициялық тар­тым­дылығын көтермей сақтандыру ком­па­ния­ла­ры­ның бетін бері бұру мүмкін емес», дейді Қ.Айтаханов.

---
28 ақпан 2023 ж. 159 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930