30 жылда Өзбекстандағы қазақтардың саны өзгермеген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстандағы қазақтың саны 32 жыл бойы өспей, шамамен бұрынғы деңгейінде қалған. Бұл жөнінде Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.
Елдің статистика жөніндегі мемлекеттік комитетінің дерегі бойынша, 1989 жылы Өзбекстанда 808,2 мың қазақ болса, қазір 821,2 мың қазақ тұрады.
Азаттықтың мәліметіне қарағанда, саны жағынан қазақтар Өзбекстанда өзбек пен тәжіктен кейінгі үшінші орында тұр.
Елдегі жалпы халық саны 34,6 миллионға жетті. Ал 1989 жылы тұрғын саны 19,81 млн болған еді. Өзбекстандағы ең ірі этностық топтар қатарына тәжіктер, қазақтар, қарақалпақтар және орыстар жатады.
Отыз жылдан астам уақыт ішінде Өзбекстандағы тәжіктер саны екі еселенген. 1989 жылы мұнда 933 560 тәжік болса, қазір елде 1,7 млн тәжік тұрады. Қарақалпақтар саны да 411,8 мыңнан 752,7 мыңға өскен. Қырғыздар 174,9 мыңнан 291,6 мыңға көбейген.
1989 жылдан бері Өзбекстаннан бір миллионға жуық орыс көшіп кеткен. Сол жылы Өзбекстанда 1 млн 653 мың орыс болса, 2021 жылы тек 720,3 мың орыс қалған.
Өзбекстанда халық санағы 2023 жылы өтеді. Бұл тәуелсіз ел тарихындағы алғашқы санақ болмақ. Бұдан бұрынғы санақ совет кезінде, 1989 жылы өткізілген еді. https://baq.kz