Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Мемлекет басшысы: Алдымен тұрғындардың табысын еселеу керек

Мемлекет басшысы: Алдымен тұрғындардың табысын еселеу керек

ÐÐµÐ¼Ð»ÐµÐºÐµÑ Ð±Ð°ÑÑÑÑÑ: ÐлдÑмен ÑÒ±ÑÒÑндаÑдÑÒ£ ÑабÑÑÑн еÑÐµÐ»ÐµÑ ÐºÐµÑек
Мемлекет басшысы Сыр еліне жұмыс сапарымен барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы бірқатар нысанды аралап, өңір жұртымен жолықты.
Сыр – алты алаштың ардақ тұтқан анасы. Қазақтың қазыналы жерінде талай тың дүние тұнып жатыр. Топырағын түртіп қалсаң, тасада жатқан тасын төңкеріп қарасаң – өткеніңді түгендейсің. Өлкенің осы күні өрісі кең. Әсіресе әлеуметтік саланың көш ілгері дамып жатқаны көпті қуантады.
Қадамды қарыштату үшін қажыр керек. Ал қайратты болудың қарапайым ғана қағидасы бар. Ол – елдің саулығы, ұлттың бүтіндігі. Аймақ басшылығы мұны жақсы біледі. Сондықтан денсаулық сақтау саласына жіті мән беріп отыр. Өткен екі жылда өңірде 25 аурухана қолданысқа берілген. Емдеу мекемелерінің 63 проценті жаңарып, жақсарды. Медициналық мекемелер жаңа жабдықтармен толығып жатыр. Бұрын облыста науқас балаларды емдейтін орталық жоқ еді. Ал қазір аты жаман аурудан да айықтырады мұндағы дәрігерлер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге сапары осы орталықтан басталуы да сондықтан болар.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының іргесі осыдан 2 жыл бұрын қаланған. Қазір мұнда 537 дәрігер жұмыс істейді. Олар бір мезетте 300 науқасқа көмек көрсете алады. Күрделі операциялар да, лабораториялық зерттеулер де осында жасалады. Дертіне шипа іздегендер енді өзге өңірлерге сабылмайды. Облыстағы сырқат балалардың барлығы озық танылған осы орталыққа жеткізіледі.
Зоя Көшенова, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері:
- Бұрын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталмай тұрғанда, жоғары технологиялық тәсілдерді қолданбай тұрғанда балаларымыз республикалық мекемелерге, Алматы, Астана қаласына жолданып отыратын. Қазіргі таңда оның барлығы қолжетімді. Жергілікті осы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында қабылдап жатыр.
Орталықта жабдық тапшылығы жоқ, тек білікті дәрігерлер жетіспейді. Аурухана басшылығы жас мамандарды жұмысқа тарту үшін жалдамалы пәтерлер ұсынып отыр. Жоғары жалақы да төлейді. Жайлы жағдай жасалса, жұмылатындардың көбейері анық. Әзірге дәрігерлердің қызметіне сын айтқандар жоқ. Барлығы қарым-қабілеттерінше қызмет қылып жатыр.
Гүлжамал Сұлтанова, науқас баланың әжесі:
- Дәрігерлер уақытында барлық дәрілермен қамтамасыз етіп, әрқашан жақсы қарайды. Барлығы да ізетпен, ыждаһатпен қарайды. Уақытында дәрісін беріп, уақытында жағдай сұрап, жақсы қарап емдеп жатыр.
Ерінбей еңбек еткен адам ғана еліне пайдасын тигізеді. Сыр елінде шаруа тінін ширатып жатқан жандар көп. Әсіресе күріш өсіруден алдына жан салмайды мұндағылар. Өңірде ақ маржанды өндіретін ірі зауыт бар. Олар дайындаған өнім көршілес елдерге жаппай жеткізіліп жатыр.
Елімізде дайындалатын күріш өнімдерінің 95 проценті осы Сыр өңірінен алынады. Облыс диқандары өнім көлемін биыл да еселеуді көздеп отыр. Мәселен, мына зауытта тәулігіне 150 тонна күріш өндіріледі. Жүйе толықтай автоматтандырылған. Дайын өнімдер іргедегі қырғыз еліне, Өзбекстан және Ресейге жөнелтіліп жатыр.
Күріш өңдейтін кешен тәулігіне 170 тонна ұн өңдеуге және 80 тонна құрама жем өндіруге қауқарлы. Ұзын-ырғасы 300 адам еңбек етеді зауытта. Олар келешекте тез дайындалатын кеспе әзірлеуді жоспарлап отыр. Әзірге ондай тағамның Қазақстанда баламасы жоқ.
Бақдәулет Мақашев, зауыт директоры:
- Күріштен шығатын тез дайындалатын тағамдарды дайындап, кореялық зауытпен келісімшартқа отырдық. Құдай қаласа, биыл жыл соңында немесе келер жылдың басында іске қосамыз деп отырмыз. Күріштің қалдығынан, күріштің ақ ұсағынан дайындалатын тағамдардың бірі. Ол әрі жеңіл, әрі бағасы да халыққа тиімді болады.
Қызылорда өңірінде құрылыс та қарқын алған. Қаланың сол жағалауында қазір көп қабатты тұрғын үйлер жарыса бой көтеріп жатыр. Жақында 8 баспана үй кезегінде тұрғандарға беріледі. Одан бөлек, 28 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Облыс басшылығы жаңа пәтерлерді алдымен тұрмысы төмен отбасыларға табыстауды көздеп отыр. Мұхамедиса Әлсеріков, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы: - Биылғы жылы сол жағалаудың өзінде 36 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде 17 көп қабатты тұрғын үй – арендалық, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлер. Олар аз қамтылған отбасыларға, көп балалы аналарға, жетім-жесірлер мен мүгедектерге беріледі. Қаланың жаңа келбетін қалыптастыруға өңір кәсіпкерлері де атсалысуда. Осы күні мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орындық бөбекжай қолданысқа берілген. Қаржыгерлердің қатысуымен қосымша 14 баспананың іргетасы қаланыпты. Сырдарияның сол жағалауында орналасқан тарихи нысанның бірі осы. Орталық атқару комитетінің бұрынғы ғимараты қазір «Рухани жаңғыру» орталығына түрленген. Мұнда сирек кездесетін қолжазбалар, кеңес кезінде ұлт тағдырын өзгертуге ықпал еткен түрлі қаулылардың түпнұсқалары сақталған. Ақмешіт тұсында қазаққа «қазақ» атауын қайтарып беру туралы шешім де осы орында қабылданыпты. Сыр елінде жалынды жастардың жасындай жарқылдауына да жағдай жасалған. Кейінгі буын өкілдеріне арнап Жастар орталығы бөй көтерді. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Мекеме мамандары жастарды жұмысқа орналастыруға, оларды баспанамен қамтуға және жеке кәсіптерін дөңгелетуге септесіп жатыр. Тегін кеңес береді, қажет болса, тың жобаларын қаржыландыратын инвесторларды іздеп табуға көмектеседі. Абылайхан Сабанбаев, облыстық Жастар орталығының директоры: - 500-ге жуық жасымыз Ресей Федерациясы бюджеті есебінен білім алуда. 2018-2019 оқу жылдарында 74 жасымыз оқуын бітіріп келді. Оның 45-і магистратураға оқуға түсіп, қалғаны аймақтағы ірі және шағын кәсіпорындарға жұмысқа орналасты. Сыр өлкесінде еріктілер тобы да бар. Олар қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, қоғамның дамуына өзіндік үлестерін қосып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «кейінгі буын өкілдері кежегені кейін тартпай, керісінше, кемелдене беруі керек», – деді. Өрісін кеңейткен өңірде өткір әрі өзекті мәселелер де бар. Мемлекет басшысы облыс жұртымен жолыққанда соларды жіпке тізіп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алдымен тұрғындардың табысын еселеу керек», – деді. Республикалық деңгеймен салыстырғанда қызылордалықтардың айлық табысы әлі де төмен. Президент бұл мәселені шешуді Үкімет пен аймақ басшылығына жүктеді. Аймақтағы экологиялық ахуал да Мемлекет басшысын алаңдатып отыр. Әсіресе Кіші Аралдың қазіргі күйі көңіл көншітпейді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көкарал бөгетінің төменгі бөлігін дереу қалпына келтірмесек, балығы тайдай тулаған кіші Аралдан да айырылып қалуымыз бек мүмкін», – деді. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Халық Арал тағдырына алаңдайды. Елбасының бастамасы бойынша Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасы іске асырылуда. Осы жобаның аясында салынған Көкарал бөгетінің арқасында Кіші Аралдағы су қалпына келді. Бұл балық шаруашылығын жандандыруға септігін тигізді. Мұнда балық өнімдерін дайындайтын 8 зауыт жұмыс істеп тұр. Балық экспорты 10 есеге өсті. Экологиялық мәселелер мұнымен шектелмейді. Көкарал бөгетінің төменгі жағын Сырдария ағыны бұзып жатыр. Дереу қолға алмасақ, Кіші Аралдан да айырылып қалуымыз мүмкін. Жиында қаланың инфрақұрылымын жақсарту, шағын және орта бизнестің дамуы, жаңа кәсіпорындар құру сынды іргелі істер сөз болды. Аймақ басшылығы Президент атаған проблемалар жуырда шешімін табады деп сендірді. Алқалы отырыс соңында өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жандар марапатталды. Қасым-Жомарт Тоқаев сала үздіктеріне арнайы алғыс хаттар табыстады. Өркениеттер ордасы болған Сыр өңірі адымын әлі де алшаң баспақ. Аймақ тынысымен танысқан Мемлекет басшысы осыған кәміл сенім білдірді.
  Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов, Бақытбек Нұртаев

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/basty-zha-aly-tar/item/314898-memleket-basshysy-aldymen-t-r-yndardy-tabysyn-eseleu-kerek
---
14 мамыр 2019 ж. 446 0