Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еселі еңбектің есебі

Еселі еңбектің есебі

Бұл үрдіс республикалық деңгейде де іске асып келе жатыр. Барлық деңгейдегі басшылар осыған жауапты. Арнайы заңмен белгіленген міндеттеме біздің өмірлік салтымызға енгеніне де бірқатар жылдың жүзі болды. Дәстүрімізге енді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2013 жылдың 15 тамыздағы «Барлық деңгейдегі әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» № 615 Жарлығы негізінде ауыл әкімдерінің есепті кездесулер туралы» Жарлық шығарған болатын. Осы Жарлыққа байланысты жер-жерде, ел-елде жылда қаңтар айының екінші жартысы осылайша елғаларының, мекеме басшыларының халыққа есеп беру кезеңімен есте қалуда. Есеп беру барысында Шиелі ауданына қарасты 22 ауылдық округ халқымен түгелдей дерлік кездесулер өткізіліп, ауылдың, елді-мекеннің мұң-мұқтажы мен тиісті әлеуметтік қажеттіліктері шешімін тауып келеді. Жиын барысында ауыл тұрғындары тарапынан айтылған айтылған ұсыныс-тіліктер қағазға жазылып, хаттамаға енгізіліп, тиісті сала басшыларына арнайы тапсырма ретінде беріледі. Оның орындалуы қатаң бақылауға алынады. Соңынан жауабы беріледі. Оған көпшілік халық куә. Осындай алқалы жиындарда ауылдың ең өзекті мәселелері ортаға салынып, оған керекті қаражат көзін табу пысықталады. Сол жылғы жұмыстың негізгі бағытына айналады. Осындай ел үшін, ауыл үшін аса маңызды жиындарда ауыл тұрғындары бірауыздан келісіп, ақсақалды ардагерін алдыға салып, барлық сала, мекеме басшылары мен аудан әкімінің келгенін пайдаланып, алдын-ала айтар сөздерін пысықтап, өздерінің ауылдарына аса қажетті мәселелерді көтеріп, керекті қаржысын сұрап қалғаны абзал. Болмаса, ауыл айналасынан аспайтын, көрші-қолаңмен-ақ, бітіретін көше ішілік тірліктерді қозғап, «ауламның алды қоқыс, қорамның аяғы қамыс, арығым көмілді, айналам шашылып, қорамнан малым қашып жатыр. Ауыл әкімі келіп жасап берсін»-деген секілді масылдық пікір, ой айтып, құр бекерге уақыт оздырып, мұқым ауылдың тағдыры, оның бір жыл көлеміндегі өзекті қажеттіліктері шешілгелі тұрған жиынның шырқын қашыру азаматтықтың ауылынан ары жатқанын арлы ағайынды ойландыратын уақыт келгелі қашан.
Сондықтан, қаңтар айының 26 күніне дейін аудандағы барлық ауылдық округте өтетін бұл жиынды дұрыс пайдаланып, елге, халыққа керек мәселелерді көтеріп қалғанымыз жөн ағайын. Ал, бақай есеп, жеке мүдде аясында қойылатын сұрақтар болса, оны көпшіліктің алтын уақытын алмай аудан әкімінің немесе тиісті сала басшыларының жеке қабылдауына жазылып, сол жерде көтергеніміз дұрыс деп санаймыз. Себебі бұл жиын, есеп беру жиналысы үй ішілік, көше бойылық мәселелерге емес, іргелі елдік, аудандық, ауылдық өзекті мәселелерге арналғанын естен шығармайық. Жол, мектеп салу, жарық мәселесін шешу, клуб үйін соғу, көпір орнату, балабақша, ірі кәсіптік нысандар секілді өмірлік маңызы бар сұрақтар төңірегінде ой қозғап, пікір білдіріп, ұсыныс айтып жатсақ жарасымды әрине. Тек жеке мәселені жеке қабылдауға жазылып, тиісті басшы назарына жеткізсек деген ой біздікі.
Сонымен, шиеліліктер үшін тауық жылы табысты да берекелі, әрі ырысты жыл болды. Оны аудан әкімі Ә.Оразбекұлының 2018 жылдың 4 қаңтардағы аудандық «Өскен өңір» газетінің №1 санында жарық көрген «Болашаққа бағдарланған Шиелі» атты есебінен оқып, білген боларсыздар. Сондықтан, аудан басшысының және ауыл әкімдерінің есебіне толық тоқталуды жөн көрмедік. Себебі ауылдық округ әкімдеріде жергілікті басылымдарда өз есептерін жариялаған болатын. Осыған орай, өңірдің тыныс-тіршілігімен таныс болу үшін газеттің әрбір санын жібермей оқып отыратын оқырмандар назарына кездесуде көтерілген өзекті мәселелерді ғана ұсынбақпыз.
Жылдағы дәстүрге сай, биыл да жылдың басында, яғни қаңтар айының 15 күні аудан әкімі 2017 жылы атқарған жұмыстарының есебін беруді бастады. Бұл күні Ақмая, Төңкеріс, Жиделіарық, Еңбекші елдімекендерінің халқы­мен кездесу ұйымдастырылды. Алғашқы есеп Ақмая ауылдық округінде басталды. Әуелі учаскелік полиция қызметкері Н.Битасов өзінің есепті баяндамасын жасады. Ол Ақмаяда жыл басынан бері 10 қылмыс тіркелгенін айтты. Оның 4 мал ұрлығы болса, 6 түрлі қылмыстық істер. Алдағы уақытта мал ұрлығын ашуға жұмыстар жасау керек екенін де тілге тиек етті. Одан әрі ауыл әкімі Ж.Арсыланов атқарылған жұмыстар барысын баяндап, келер жылғы жоспарымен бөлісті. Жиын барысында ауыл ақсақалы Д. Күнтупов оқушылардың мектепке қатынауы қиын екендігін айтып, арнайы бөлінген автобустың ауыл ішін бір аралап өтуін сұрады. Ауыл тұрғыны Т. Жүсіп болса, шаруашылықтағы жеке жер үлесінің мәселесін көтерді. Ал, тағы бір ардагер Ж. Сағындықұлы ауылды ыза су басып жатқандығын жеткізді. Оның айтуынша Ы. Жақаев және Қ. Қадыров көшелерінің бойын ыза су басып, ағаштар өліп жатыр екен. Мұның шешілу жолы Ауылдың үстінен салынған Гигант каналын жауып, оның орнына Ақмаяның оңтүстік-батыс беткейінен өтетін ауқымы үлкен 0-1 каналын пайдалануды ұсынды. Бұл мәселелер бойынша тиісті сала басшылары жауаптарын берді.
Одан соң, аудан әкімі Ә.Оразбекұлы ақмаялықтарға есеп беріп, алдағы ауқымды істердің жоспарымен бөлісті. 2018 жылға таудай талап қойып, толағай тірліктер атқарылатынын және Ақмая ауылының 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілетіндігін жеткізді. Ауылда биыл кемінде 30 отбасы шағын кәсіппен айналысу керектігін, оған тіисті көмек қолдау жасалу қажеттігін білдірді. Сонымен қатар, ауылдың тазалығына ден қойып, көше бойын, есік ауласын және аяқ су каналдарының тазалығына әрбір тұрғын жауапты екенін баса айтты.
Жалпы Ақмая ауылынан 16 Социалистік Еңбек ері шыққанын білеміз. Сырдарияның жағасынан Қаратаудың етегіне дейін тың жерге түрен салып, мыңдаған гектарлық жабайы жерді инженерлік жүйеге келтіріп, ақ күріштен тау тұрғызып, дабысы мұқым КСРО-ға тараған болатын бір кездері. Бүгінгі ахуалы да жаман емес. Жылдан жылға ауылдың әлеуметтік әлеуеті артып келеді. Ауылда монша, шаштараз, дүкендер, наубайхана, спорт кешені, мешіт, жаңа медпункт, жаңғырған клуб үйі, қырман, алма бағы, мал фермасы, ірі қырман, май шығаратын шағын зауыт, ірі таразы жұмыс жасауда. Жуырда диірмен зауыты, үлкен мейрамхана, кірпіш зауыт құрылыстары ел игілігіне берілмекші. Енді бұрынғы орталық стадион орны Сырдария ауданындағы Н. Ілиясов ауылындағыдай көркем безендіріліп, айналасы гүлзарланып, демалыс алаңқайы жасақталса деген көпшіліктің арман-мүддесі бар. Ауылда республикада жалғыз дала қосында техниканың тілін меңгеріп, ерлермен қатар еңбек етіп жүрген дала жұлдызы Г. Дәрібаева бар. Ауыл халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан меценат, аудандық мәслихат депутаты, «Ақмая» ЖШС төрағасы Д. Жұмбековке оның еңбегіне тұрғындар дән риза. Олай болса, неге КСРО кезеңінде 16 Еңбек Ері шыққан Ақмаядан Сырдария ауданыныдағы Н. Ілиясов ауылын жандандырған, «Абзал и К» төрағасы А. Ералиев секілді Тәуелсіз Қазақстанның Еңбек ері шықпасқа. Әрине бұл арман жақын болашақтың еншісіндегі дүние екендігі анық. Дегенмен ауылды көркейткен азаматтар ардақталып жатқан заманда, күшіде, қуатыда мол Ақмаяның абаттандырған азамат елеусіз қалмақ емес.
Келесі есеп беру Төңкеріс ауылында жалғасын тапты. Жергілікті учаскелік полиция қызметкері Ж.Бекжанұлы өткен жылы ауылда 7 қылмыстық іс тіркеліп, оның 5 ашылғандығын баяндады. Ауыл тұрғындары ел тынынштығын сақтау үшін қызмет жасайтын полиция қызметкеріне оң бағасын берді. Одан кейін, Төңкеріс ауылының тыныс-тіршілігін баяндау үшін ауыл әкімі М.Әшірбеков сөз алды. Жиын барысында ауылдағы әуез мектебінің жұмысын жандандыру үшін бөлме жетіспей жатқандығы көтерілді. Оған ауыл әкімі өздерінің қарамағына өткен ескі амбулаторияның бөлмелерін ұсы­на­тындығын жеткізді. Білім бөлімі оны өз теңгеріміне алатындығын, мәселе шешімін табатындығын білдірді.
Аудан әкімі Ә. Оразбекұлы Төңкеріс ауылында 150-ден астам адам жұмыссыз ретінде тіркелгендігін жеткізді. Осыған қарамастан 2017 жылы бұл ауылда «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша тұрғындар несие алып, мал басын көтейту жұмыстарын жасамағандығын жеткізді. Осыны ұйымдастыруды тапсырды.
Жалпы Төңкерісте атқарылар істер көп. Ауылдағы «Төікеріс-К» ЖШС директоры Б. Көпеев елді-мекенге спорт кешенін салуды жоспарлап отыр екен. ол пайдалануға берілген кезде 12 адамды жұмыспен тұрақты қамтымақ. Бұл ауылдада негізгі мәселе ыза су проблемасы. Оныңда шешімі жыл соңына дейін табылмақшы. Ауда нәкімінң баяндауынша жобалық құны он неше миллион теңгеге салынған ауылдағы клуб үйінің жылдық табысы 280 мың теңге көлемінде екен. Ал, төңкерістің салықтан түскен өз бюджеті биыл 1 млн. 600 мың теңгенің көлемінде болған. Бұл аз. Ауылда жаппай кәсіпкерлікті дамыту қажет. Салық түсімі 15 миллионнан асу керек деді.
Жалпы бұл ауылдың болашағы жарқын, келешегі кемел. Келер жылдары көгілдір отын мәселесі де шешімін тауып қалмақ. Жиын барысынан біз осыны ұқтық.
Түстен кейінгі есепті жиын Жиделіарық ауылынан бастау алды. Алдымен ауылдық учаскелік полиция инспекторы Т.Дулаттың жыл бойында жасалған жұмыстары сараланды. Ауылда орын алған қылмыстық жағдайлары мен алдын алу бағытындағы іс-қимыл жоспары баяндалды.
Мұнан әрі ауыл әкімі Д.Шакиров өткен жылдың тоғысындағы ауылдың тыныс-тірлігінен жиылған жұртты хабардар етті. Елде жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылуы, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, оны одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттарында жыл бойы атқарылған істер көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтар болсақ, ауыл азаматтарының 17-сі тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлік саласы да қанатын кеңге жайып, кәсіп ашамын деген үш азамат 6 млн.300 мың теңге көлемінде қаржы алып, жұмыстарын жүргізуде. Алдағы атқарылуы тиіс тірліктердің тізіміне жаңа клуб үйін салу, ауылішілік көшелердің жарықтандырылуы, жол мәселесі мен кәсіпкер­лікті дамыту еніпті.
Есепті жиын соңында ауыл тұрғындарының көкейкесті мәселелері тыңдалып, назарға алынды. Сөзімізді нақтылар болса, көтерілген мәселенің көшін ауылдық клуб үйінің жайы бастады.
Сонымен қатар, Еңбекші, Жиделі және Қазанбай елді-мекенініе бір электрик маман штаты белгіленген екен. Бұл маман жауынды-шашынды, дауылды-бұрқасынды күндері техникалық ахауға байланысты жарық өшіп қалғанда ауылға келе алмайтындығы сөз болды. Себебі, ауылға бекітілген электрик Еңбекші ауылының тұрғыны екен. Осыны алдыға тартқан тұрғындар ауылдан өздеріне тиесілі бір электрик штатын ашуды сұрады. Бұған тиісті сала басшысы келісімін беріп, Жиделіде тұратын тиісті маман табылса, арнайы штаттық бірлік ашылатындығын жеткізді. Бұл ауылдада көтерілген негізгі мәселе елді-мекен іргесін басып жатқан ыза су болды.
Ауыл әкіміне және аудан әкімінің есебіне Жиделіарық тұрғындары оң бағасын берді. Бұл күнгі соңғы кездесу аудандағы тірек ауылдарының сапындағы Еңбекші ауылында қорытындыланды.
Мұнда да кезекті кездесуге тас-түйін дайындалған ауыл әкімі Б.Омаров пен учаскелік полиция инспекторы А.Кенжеболатовтың баяндамасын жұрт құлақ түріп, тыңдады.
Еңбекшіде өткен 2017 жылы 6 қылмыс орын алып, оның 2-і ашылған екен. Қалған 4-і бойынша үздіксіз жұмыстар жүргізіліп жатқандығын нықтады аталған ауылдың тыныштық күзетшісі А.Кенжеболатов.
Ал, ауылдық округ бойынша өткен жылғы атқарылған жемісті істердің легіне құлақ қойды. Атап айтар болсақ, 8 жеке кәсіпкер, 3 шаруа қожалығы, 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жаңадан ашылып, нәтижесінде 38 азаматтың екі қолға бір күрек тапқандығы аян болды. Сонымен бірге, құрылысы басталған 3 әлеуметтік нысанның атап айтар болсақ 90 орындық балабақша, 150 орындық мәдениет үйі, 120 орындық спорт кешені жылдың аяғына дейін пайдалануға берілетіндігін естіген елдің қуанғанына да куә болдық.
Жалпы кездесу барысында барлық-дерлік ауылдық округтерде елді-мекендерді ыза су басу мәселесі көтерілді. Оған әр ауыл әрқалай өз ұсыныстарында жеткізіп жатты. Кейбірі қайраңдап қалған каналдарды қазуды сұраса енді бірі жаңадан қашыртқылар салуды сұрады. Бұл мәселе тиісті мекемелердің, аудан әкімінің тіпті облыс басшылығынңда назарында екендігін айта кеткенді жөн санадық. Жиын барысында бұны аудан әкіміде халықтьыі есіне жэиі салып отырды. Жалпы КСРО кезінде Шиеліде 105 дренажды ұңғыма жұмыс жасап, соның нәтижесінде аудан ыза судан мәселе көрмеген болатын. Бұл ұңғымалардың жұмысын реттеп отыратын ауданда арнай ымекемеде бар болатын. Бертінірек барлығы тоқырауға байланысты тоқтап қалғаны ел есінде. Енді, қазіргі таңда аудан әкімдігі Шиелі ауданы көлемінде 128 дренажды ұңғыма жұмысын жандандыруды қолға алып, тиісті құжаты жасалып, жоба сметасы облысқа ұсынылған. Бұл іс жыл соңына дейін шешімін тауып қалады деп күтілуде. Егер жоба қолға алынса келер жылдардан бастап, 128 ұңғыма Шиеліні ыза судан құтқармақ.
Кездесу соңында аудан басшысы ауыл әкімдеріне алдағы уақытта да жоспарлы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, Елбасы жүктеген міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

Н. Пірімбет
Д.Жүсіпова
Г.Дүйсебаева
Б.Бәйімбет
Шиелі-Ақмая-Төңкеріс-Жиделіарық-Еңбекші-Шиелі
16 қаңтар 2018 ж. 1 497 0