Ерке Есілден Сырға жолданған сый
Сыр елінің абыройы Астана төрінде, Арқа төсінде асқақтады. Олай деуімізге, түнеу күнгі Қызылорда облысының алған марапаты себеп. Иә, 2018 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша Қызылорда облысы бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған ең үздік өңір деп танылды. "Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған" Жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша "Алтын сапа" сыйлығын табыстады.
Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қарашасында өңірде 51 956 шағын және орта бизнес субьектісі тіркелген, оның ішінде 42 066 жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,7 пайызды құраған. Бұл – республикада ең жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі тіркелгендер санының 80,9% - ын құрады.
Естеріңізге сала кетейік, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту мәселелерін тиімді шешу мен жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін айтарлықтай арттыру мақсатында облыс әкімдігінің, облыстық мәслихаттың, "Нұр Отан" партиясы филиалының, қоғамдық кеңестің және өңірлік кәсіпкерлер палатасының шешімімен 2018-2020 жылдары өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы ретінде жарияланды. Жыл басында "Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы" әзірленді. Шағын және орта бизнесті қаржыландыруға республикалық және облыстық бюджеттен, банктер мен қорлардан 32 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген және оның ішінде стартап-жобаларға 3 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, әсіресе ауылдық жерлерде басымдық беріліп отыр. Облыстың әрбір ауылдық елдімекеніне жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшыларынан шағын және орта бизнесті дамытуға жауаптылар бекітілген болатын. Сонымен қатар, жыл қорытындысы бойынша өз ісін осы жылы бастаған әр аудан мен облыс орталығындағы үздік стартап-кәсіпкерлерді, сондай-ақ ауданның үздік әкімін және жауапты лауазымды тұлғаны 1 млн.теңге көлеміндегі сыйақымен марапаттау туралы шешім қабылданғандығы баршаны қуантты.
Еске салайық, болашақ және өз істерін бастаған кәсіпкерлер үшін барлық қолайлы жағдайларды жасау мақсатында кәсіпкерлер үйі ашылды. Мұнда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, "Қызылорда" өңірлік инвестициялық орталығы, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Жобаларға сараптама жүргізу орталығы» ЖШС, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, екінші деңгейлі бірқатар банк филиалдары және өзге де мекемелер орналастырылған. Сондай-ақ, аймақтың кәсіпкерлері үшін электрондық қызмет түрлерін тегін алуға болатын онлайн-кабинет жұмыс істейді.
Жалпы, өтіп бара жатқан жылда ауқымды істер аз болмады. Міне, осындай нәтижелі жұмыстың жемісі, жеңісі "Алтын сапа" болды.
Дина ЖҮСІПОВА.