Даниал Ахметов Семей әуежайын "Абай жолы" деп атауға қатысты пікір білдірді
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Астанада өткен есеп беру жиынында Семей әуежайын "Абай жолы" деп атау туралы ұсынысқа пікір білдірді.
"Дұрыс идея. Семей әуежайының атауын өзгертуді халықпен ақылдасайық, қарап көрейік. Бірақ, Семейде «Абай арена» стадионы салынып жатыр. Ол Шәкәрім, әлде Мұхтар Әуезов болуы мүмкін" - деді өңір басшысы.Сонымен қатар ол Шығыс Қазақстанда 314 көшенің атауы ауыстырылғанына тоқталды.
"Мысалы, Өскеменде Карл Маркс даңғылы қазір Қазыбек би болды. Орджоникидзе – Сағадат Нұрмағамбетов, Головков – Бейбітшілік, Семейдегі Ленин көшесі – Мәңгілік Ел болды. Осы істі асықпай, ойланып жүзеге асырамыз. Зырян ауданы Алтай ауданы болып өзгертілді. Зырян қаласы Алтай қаласы атанды. Сондағы халықтың 100 пайызы осы өзгертуді қабылдады. Мәселе ұлтта емес, мәселе елдің саясатында. Орджоникидзе, Голощекин, Киров секілді атаулар міндетті түрде өзгертілгені дұрыс. Киров мәселен «үштіктің» қатысушысы болды, оның тапсырмасымен мыңдаған адам атылған. Сондықтан, бұл жерде сөз жоқ, өзгертеміз. Бірақ, бұл ретте өзіміздің халықтың пікірін есепке ала отырып, заң бойынша осы жұмысты жүргізетін боламыз. Сосын мысалы Дмитрий Менделеев, Сергей Королев атындағы көшелерді өзгерту керек пе? Процес жүріп жатыр" - деді Даниал Ахметов.
Baq.kz сайты