Жас мұраты – білім, тәлім талабы – өнер, оқу – жастықтың қару-жарағы
«Егер бір жылдығыңды ойласаң – егін ек, жүз жылдығыңды ойласаң – тал ек, ал, мың жылдығыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» деген Шығыс даналығына үңілсек, жастар мәселесі алдыңғы орынға шыға келеді. Өскелең ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы ілім беріп, оларды елжандылыққа баулып, Отанын, жерін сүйетін ұрпақ тәрбиелеу баршамызға ортақ міндет. Мемлекет басшысы да әр Жолдауда жастар мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Осыған орай, өткен аптаның жұмасында Шиелі ауданы әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы Ш.Қодаманов ауылдық клубында өтті. Отырысты аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов жүргізді.
Жастарды ел болашағы санап, сенім артқан Елбасы үстіміздегі жылы 5 қазан күні «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялап, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жолындағы 6 міндетті айқындап берді. Онда «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын» – деді. Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары қабылданды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Дипломмен ауылға» жобасының жүзеге асырылу барысы мен ауыл шаруашылығындағы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сынды бағдарламаларға жастардың қатысу жайын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Д.Смайлов сөз етті.
Әлеуметтанушы ғалымдардың пікірінше, алдағы онжылдықта гуманитарлық және қызмет көрсету саласындағы мамандықтар жойылады. Оның орнын сандық технология басады. Ендеше, осындай өзгермелі жағдайда жастарымызға мектеп қабырғасынан бастап дұрыс бағыт-бағдар беріп, болашағы бар мамандықты таңдауына көмек беруіміз қажет. Бұл көшпелі отырыс барысында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Ж.Әбеновтың баяндамасында айтылған мәселе. Айта кетейік, жалпы аудандағы биылғы бітіруші түлектердің 98 пайызы жоғарғы және арнаулы оқумен қамтылып, студент атанды.
Әрбір жас еліне, туған жеріне адал қызмет етуді өзінің қасиетті борышы санап, бір істің тұтқасын ұстаса, ауылдың көркейіп, дамуына мүмкіндіктер ашыла түсері анық. Бүгінде ауылға қажетті әлеуметтік нысандар ел игіліне берілген Төңкеріс ауылдық округінде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асу барысын ауыл әкімі А.Нұрманова тілге тиек етті. Одан әрі облыстық жастар денсаулық орталығы аудандық құрылымдық бөлімшесінің дәрігері Л.Аширова жастар арасындағы түрлі қылмыстық құқық бұзушылық пен өзіне-өзі қол жұмсау жағдайының жиіленуін қозғады. Сондай-ақ, шылым шегу, ішімдік ішу, есірткі қолдану секілді зиянды әдеттерден арылту, жасөспірімдердің саналы түрде дамуына әсер ететін орта қалыптастыру қажеттігін баяндады.
Жастар кез келген сәтте еліміздің өсіп-өркендеуі жолында, өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне араласып, белсенділік таныта білуі керек. Осы тұста, өңірде мемлекеттік жастар саясатын дамытуға бағытталған «Жол картасы» мен кешенді жоспарлар қабылданып, әлеуметтік жобалар іске асырылып жатқанын баршамыз білеміз.Көшпелі отырыс барысында айтылған жағымды жаңалықтың бірі – жастар мен жастар ұйымдарының басын қосатын ауданда «Жастар сарайының» жаңа ғимараты бой көтеретін болады. Қазіргі таңда жастар сарайының жоба-сметалық құжаттары дайын. Аталмыш орталық аудан жастарының жан-жақты дамуы мен әлеуметтік бейімделуіне, әсіресе, маригинал жастардың мәселелерімен нақты айналысуға мүмкіндік береді. Осы орайда, «Жастар істері жөніндегі кеңес» отырысы хаттамаларының орындалуы жайында аудандық ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты А.Маманова хабарлама жасады.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен дүниежүзілік банк бірлесіп, іске асырып жатқан «Жастар корпусын дамыту» (Zhas project) жобасы биыл еліміз бойынша 6 облыста, оның ішінде Қызылорда облысында да жүзеге асырылуда. Осы ретте, ауданымыздан 86 жоба ұсынылып, оның 30 жобасы қолдау тапқан болатын. Осы жобалардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізген облыстық «Zhas project» жобасының координаторы Б.Егізбаева атқарылып жатқан жұмыстар легімен танысып шықты. Сонымен қатар, биыл қазақ елі үшін тарихи есте қаларлық жыл десек болады. Мемлекетіміздің Елордасы – Астана қаласына 20 жыл, Сыр астанасы – Қызылорда қаласына 200 жыл, Шежірелі Шиелі ауданына 90 жыл толды. Осы мерекелерді халқымыз диқандардың берекелі «Алтын күз» мейрамы аясында атап өтіп, ырыс пен ынтымақ, табыс пен еңбектің арқасында келген жетістіктер тағы бір сараланды. Жастардың көшпелі отырысы барысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ.Жанұзақов пен облыстық «Zhas project» жобасының координаторы Б.Егізбаева мерекелік медальмен марапатталды.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ,
Б.БӘЙІМБЕТ (фото).