Дінім – діңгегім
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры А.Маманова ұйымдастыруымен діни экстремизм және терроризмнің алдын алу, діннің қоғамдағы рөлі, маңыздылығы мақсатында жиын өтті. Кеңінен ақпарат беру үшін ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі мамандар, жұмыссыз жастар, сала мамандары қатысты.
«Дін және қоғам» тақырыбында өткен кездесуде қоғамда діннің маңызы оның ерекшеліктеріне тоқталып, жастарға бағыт бағдар бойынша түсіндірілді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс. Діни экстремизм қаупі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек. Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мазхабына қарама-қайшы» – деген болатын.
Аталмыш жиынды «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры А.Маманова бұл жиынға жастар ісі жөніндегі мамандар қатысып отырғандығын, сондай-ақ, бұл мамандардың аудан мен ауыл жастары арасындағы алтын көпір екендігін айта отырып, қазіргі қоғамдағы діннің рөлі жайында жастарға айтып өтуді сұрады. Ж.Баласағұн былай деген «Алла адамға ақыл, ерік пен таңдау берген. Ақыл мен ерікті дамыта білген адамға Алланың құты тұрақтайды. Сондықтан, нағыз мұсылман әрдайым Алладан мінәжат етіп, одан жол көрсетуін тілеуі қажет. Адам Алланың құты арқылы кемелдікке жетіп, оның дидар-жамалын көре алады. Жақсы дұрыс адамдар ғана қоғамда сенімді орнықтырады.»
Алғашқы болып, аудандық «Оқшы Ата» мешітінің бас имамы Б.Улжаев жастарға тәлім тәрбиенің дұрыс болуы, ата-ананы сыйлау, құрметтеу бағытында ой салса, облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ Шиелі және Жаңақорған аудандары бойынша телог маманы Ш.Айдаров қазіргі қоғамдағы діни ахуалға, жастардың тәлім-тәрбие мәселесіне кеңінен тоқталып, еркін форматта пікір алмасу бағытында кездесу өтті. Шара соңында, аудан жастары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандар тарапынан тұшымды жауаптар алды.
Ж.Нұрғалиева.